Өзектi

«Адам баласы өзіне зиян келтіретін дүниеге ұмтылмауы керек»

29.03.2016

5734

Бүгінде өңіріміздегі жоғары оқу орындары алыс-жақын шет мемлекеттермен байланыс орнатып, оқытушылары мен студенттеріне өзге елдерде тәлім алу мен тәжірибе алмасуға мол мүмкіндіктер жасауда. Бұл сөз жоқ, бүгінгі білім ордаларының жаһандану заманына жасаған жарқын қадамдарының бірі екені анық. Мұндай тың бастаманы қазір Тараз инновациялық-гуманитарлық институты да мықтап қолға алып, тіпті Оңтүстік Корея елінің оқытушыларына ТИГУ қабырғасында дәріс оқуға жол ашып отыр. Оған дәлел, былтырғы жылы Тараз қаласына кореялық «IACD» институтынан келген мұғалімдер корей тілінде сабақ беруде. Осы орайда, шаһарымыздағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде дәріс беріп жүрген корей тілінің маманы Соң Хваджоңмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Соң хаСәті түскен сұхбатным, әңгімеміздің әлқиссасын ең алдымен ТИГУ-ге қалай келгендеріңізден бастасақ. Бұл оқу орнымен екі жақты байланысты қашан және қалай орнаттыңыздар?
– Қазір ТИГУ-да екі маман корей тілін оқытып жатырмыз. Ал, мұнда шақырту оқу орнының ректорынан түсті. Институт басшысы Ерболат Саурықов Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан Азиялық мәдениет және даму институтына келгенде екі жақты келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде бізге Тараз қаласында жұмыс жасауға мүмкіндік туды.
Жолға қамданбай тұрып, Тараз қаласы туралы мәліметтер іздестірдім. Алайда, қала жайында аз ғана ақпарат таба алдым. Дегенмен, ТИГУ-дың қызметкерлері мен студенттерімен тілдескеннен кейін, Тараз туралы танымым кеңейе түсті. Оған қоса, шағын шаһар болса да мұнда барып тыныстайтын, тамашалайтын мәдени орындар көп екен. Осы жағынан қала маған қатты ұнады.
– Оңтүстік Кореяның білім беру жүйесінің бізден басты айырмашылығы неде?
– Бізде студенттерді қинап оқыту деген жоқ. Әркім өзі үшін ізденеді. Біздің елдегі оқу орындары толықтай компьютерленген. Қағаз жұмыстар мүлде жоқ. Оған қоса, мектеп қабырғасынан информатика сабағын тереңдетіп оқытып, институтқа мектеп түлегін толық технология тілін меңгерген маман ретінде дайындап жібереміз. Бұл оның жоғары оқу орнында мектеп бағдарламасын қайталап уақыт кетірмей, одан әрі ғылыми жұмыстармен айналысуына мол мүмкіндік тудырады.
Тағы бір таңғаларлығы, Қазақстанда жиырма жасқа толмаған жасты жоғары оқу орнына немесе колледжге студент ретінде қабылдай береді екен. Бізде арнаулы орта оқу орындарының өзіне жиырма жасқа толғаннан кейін ғана түсуге рұқсат етіледі. Ал, ол жасқа жеткенше жастарды мектеп қабырғасында шыңдап, ойлау қабілетін үлкен оқу орнына, білім мен ғылымның әлеміне сай даярлаймыз. Ол аз десеңіз, Оңтүстік Кореяда кейбір азаматтар тіпті отыз жасында алғаш институт табалдырығын аттап жатады.
– Тұрмыстық тұрғыдан келсек, бізге Оңтүстік Корея елінен нені үйрену керек деп ойлайсыз?
– Корей халқы байырдан кедей халық. Біз жоқшылықта өскенбіз. Сондықтан, ата-бабаларымыз еңбекқор, жоқтан бар жасауға, барды ұқсатуға машықтанған. Оған қоса, біз тәуекелшіл халықпыз. «Мынау жоқ, әлде осымнан түк шықпайды» демейміз. Біз ақша болмаса, тірнектеп жүріп табуға тырысамыз. Қазақ халқына міне, осы қасиет жетпей тұр деп ойлаймын.
Себебі, сіздер алақандай деп санайтын Тараз қаласының өзі жерге бай. Ал, облыстарыңызда игерілмей жатқан жерлер ұшан-теңіз. Міне, осы жерлерді пайдаға жарату керек. Мен бос жатқан жерлерге зауыт салу керек деп айтпаймын. Өйткені, адам баласы өзіне зиян келтіретін дүниеге ұмтылмауы керек. Бұл корей халқының ұстанатын басты қағидаты. Игерілмей жатқан жерге өндіріс орындарын салғанша, ауыл шаруашылық өнімдерін егіп, оның күтімін жасаса, одан мемлекетке өлшеусіз пайда келер еді.
Содан кейін байқағаным, Тараз жұртшылығы бос жерлерге қоқыс төге салуға құмар екен. Бұл дұрыс емес. Екі сотық жер болса да ел оны пайдаға жарату жолын тапса, ол халықтың байлығы жеті ұрпағына жететін болады.
– Әр елдің салты басқа. Тіпті, тамақтануы да әр түрлі болып жатады. Тараз топырағына алғаш келгендеріңізде ас мәзірінен қиналған жоқсыздар ма?
– Маған қазақ елінің ұнаған тағамы – ет болды. Өте дәмді екен. Және Жамбыл жеріне келіп, алғаш жылқы етін жеп көрдік. Қазы-қартасы тіпті тіл үйіреді. Алайда, жылқы етін күнделікті ас мәзіріне қоса алмаймыз. Өйткені, қымбат. Десе де, жылқы етін тағамға жиі пайдалануға тырысып жатырмыз.
– Корей сериалдарынан «сіз» деп сызылып тұрған ұл-қыздарды көргенде сүйсініп кетесің. Жамбыл жұртшылығының мәдениеті туралы не айтар едіңіз?
– Шынын айтсам, бізге қарағанда сіздер мәдениеттісіздер ме деп қалдым. Әсіресе, жастар жағы. Өйткені, университет студенттері мұғалім аудиторияға кірген кезде орнынан тұрып құрмет көрсетіп, одан кейін тапсырмаңды бұлжытпай орындайтыны ұнайды. Ал, қоғамдық көлікте келе жатсаң, үлкен адамға орын беріп, сыйлауы көпке үлгі екені сөзсіз.
Десе де, қазақ жастарының бір кемшін тұсы бар екен. Ол бір-бірімен өздерінің ана тілінде сөйлеспей, орыс тілін араластырып сөйлеуі. Біздің жастар да корей және ағылшын тілін араластырып сөйлейді. Бірақ, тек шетел азаматымен тілдескенде. Ал, сіздердің жастарыңыз қазақ тілін біліп тұрып, қазақпен қазақша сөйлескісі келмейтінін көріп таңғалдым.
– Тараз – қаласының климаты туралы не айтасыз? Кореяның ауа райымен қаншалықты айырмашылық байқадыңыз?
– Сіздерде көктем ерте шығады екен. Ал, бізде теңіз жақын орналасқандықтан әрдайым ауа райымыз ылғалды болып тұрады. Әрі суық. Ал, сіздерде ағаштар ерте гүлдеп, жер-жаһан көгеріп, тіршілік ерте оянады. Бұл адамның жұмыс жасауына, егін егуіне өте қолайлы.
– Тараз – тасын түртсе, тарихы көрінетін көне шаһар. Оңтүстік Корея жерінде осындай көне қалалар көп шығар?
– Жалпы, Тараз қаласы Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһар болғандықтан, қалаға келген бойы ең алдымен тарихи орындарды сұрастырғанмын. Археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқан көне Тараз қалашығын көрдім. Сондай-ақ, Айша бибі мен Қарахан кесенесінде болдым. Тарихтан сыр шертіп тұрған бұл кешендердің барлығы маған өте үлкен әсер қалдырды. Әрі өзім бұрын білмеген аңыз-әңгімелерді естіп, қазақ халқын жаңа қырынан таныдым.
Ал, Оңтүстік Корея жеріндегі ең көне шаһарымыз – ол Сеул қаласы. Мұнда тарихи орындар бар. Біз оған қоса, көне жәдігерлерімізді бұзбай, керісінше оны жөндеп, тарихи келбетін сақтап қоямыз. Алайда, Кореяның жері кішкентай болғандықтан, сіздер сияқты туристерге көрсететін тарихи орындарымыз көп емес.
– ТИГУ жастарына корей тілін үйретіп жатқандарыңызға бір жылға жуықтады. Қазір Жамбыл жастарының тіл меңгеру деңгейі қандай? Жалпы, корей тілін үйрену қиын ба?
– Корей тілінде 40 әріп бар. Алайда, біздің әріптерді үйрену өте жеңіл. Өйткені, корей тілін жасаған Падишах бұл тілді кедей, тұрмысы төмен қарапайым халықтың тез меңгеріп кетуіне ыңғайлы етіп жасаған. Оған қоса, біздің сөздердің дыбысталуы қазақ тіліне өте ұқсас. Сондықтан, институт жастары корей тілін тез үйренуде. Тіпті, олардың алды корей тілінде еркін сөйлесіп жүр. Енді бір жылдық курс толықтай аяқталғанда ТИГУ студенттеріне Оңтүстік Кореяға барып, корей тілінде еркін білім алуға қол жеткізетініне сенімдімін.
– Байқап тұрсақ, қазақ тілінде еркін сөйлеп, қиналмай жауап беріп отырсыз. Қазақ тілін меңгергеніңізге қанша уақыт болды?
– Мен Тараз жеріне алғаш келгенімде қазақ тілін мүлде білмейтінмін. Алайда, Қазақ жеріне келгендіктен ең бірінші тілін білуім керек деп өзіме мақсат қойдым. Көптеген кітаптарды оқудың арқасында он айдың ішінде қазақ тілін меңгердім. Оған қоса студенттермен тек қазақ тілінде сөйлесіп, білмеген сөздерімді жазып алып, қосымша сабақ алдым.
Жоғарыда айтқанымдай қазақ пен корей тілінде көп айырмашылық жоқ. Қазақ тілін білетін кез келген азамат корей тілін де тез үйреніп кетеді.
– Айтыңызшы, корей ұлтының жас әрі сымбатты көрінуінің құпиясы неде?

– Мен өзім қазір 47 жастамын. Алайда, институт студенттері мен оқытушылары мені алғаш көргенде 30 жастағы қыз екен деп ойлапты.
Негізі, корей ұлты өзін көп күтеді. Әсіресе, қыздарымыздың бет-әлпетіне көп көңіл бөлеміз. Және біз қанша ауыр жұмыс жасасақ та, кешкілік бетімізге түрлі емдік жақпа майлармен күтім жасаймыз.
Тағы бір айтатыны, корей халқы әрдайым күліп жүруге тырысады. Бізде күлкі адамға ерекше сұлулық береді деген сенім бар. Бұдан басқа оның құпиясы жоқ.
– Оңтүстік Кореяда жастардың мемлекеттік саясатта алар орны қандай? Сіздерде жастарға қаншалықты көңіл бөлінген?
– Бізде кадр дайындау мәселесі мықтап қолға алынған. Олай дейтінім, үкімет институттардағы білімді, білікті студенттерді жастайынан мемлекеттік саясатқа араластырып, лауазымды орындарға отырғызады. Және жастарымыздың бұл қызметті өздігінен қалай атқара алатындығы мұқият бақыланады. Егер ол өзін жақсы қырынан таныта алса, ол міндетті түрде мемлекеттік қызметке тағайындалады. Сондықтан, Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызметке тек білікті адамдар ғана қол жеткізе алады. Және олардың пара алмауы үшін айлықтарын қарапайым жұмысшыдан үш-төрт есе өсіріп, барлық жағдайын жасайды. Егер осыдан кейін мемлекеттік қызметте жемқорлыққа жол берсе, ол міндетті түрде ең ауыр жазаға кесіледі. Сондықтан, Корей мемлекеті жастарды бұзылып, былғанбай тұрғанда мемлекеттік саясатқа әкеліп, тәрбиелеуді мықтап жолға қойған.
– Біз қазақ тапқан табысымызға той жасаймыз. Ал, сіздер табыстарыңызды қандай мақсатта жұмсайсыздар?
– Біз артық ақшаны бейберекет жұмсамай, банкке салып сақтап қоямыз. Өйткені, біз ұрпағымыздың ертеңін ойлаймыз. Және өзге шет мемлекеттерге саяхаттау үшін емес, тек ақша табу үшін барамыз.
– ТИГУ-мен келісімшарттарыңыз қанша уақытқа бекітіліп еді? Осы оқу маусымынан кейін елдеріңізге кері қайтып кетпейсіздер ме?
– Келісімшарт мәселесін оқу орнының ректоры шешеді. Таразға отбасыммен көшіп келгенмін. ТИГУ басшылығы қызметтік пәтермен қамтамасыз етіп, барлық жағдайымызды жасап берді. Екі қызым да мектепке орналасып, қазақ тілін меңгеріп, Таразға үйреніп қалды. Егер жұмысым тұрақты болса, Таразда қала бергім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Саятхан Сатылғанов.

Дереккөзі: ar-ay.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар