Өзектi

Ғылым, білім және өндірісті интеграциялау агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясының басты бағыты

07.11.2014

8949

Халқымыз Президенттің «Қа­зақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын зор ықыласпен қабыл алды. Жолдауда ғаламдық экономиканың даму ерекшеліктері бағамдалды. Елбасы ХХІ ғасырдың жаһандық жеті сын-қатерін белгілеу арқылы еліміздің экономикасын дамытудың жаңа бағытын анықтады. Оларды шешудегі ғылым мен білімнің жауапкершілігін белгілеп берді. Әлемдегі дамыған елдердің ірі университеттері білімді, ғылымды, бизнес-ортаны ұштастыруда басты рөл атқарады. Осындай жоғары оқу орындары ғана зерттеу университеті мәртебесіне ие бола алады. Әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, дамыған елдерде халықтың білім алу сапасы мен білім мен ғылымның ұштасуы – инновациялық жетістіктерді пайдалану деңгейімен айқындалады. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі (ҒБИ) бойынша осындай мемлекеттер интеллектуалды білім деңгейі мен инновациялық даму көрсеткіштерінің жоғарылығымен ерекшеленеді. 2013 жылы ҒБИ көр­сеткіші бойынша Қазақстан 51-орынға, білім беру саласы бойын­ша 58-орынға көтерілді. Иннова­­циялық даму саласының индексі бойынша еліміз былтыр 103-орында тұрса, биыл 79-орынға жоғарылады. Бұл өте нәтижелі көрсеткіш, әрі ел экономикасының даму қарқынының жоғарылығын көрсетеді.

Ел экономикасының ­басты салаларының бірі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударылған. Біріншіден, ол сала азық-түлікке деген ішкі сұраныстың 80 пайызын отандық өнімдермен қамтамасыз етуге тиісті. Екіншіден, салаға экспортқа шығаратын ауыл­шаруашылық өнімдер көлемін ұл­ғайту талабы қойылған. Оның басты себебі, әлемдегі азық-түлікке деген сұраныстың жылдан-жылға өсуі. Осы күні әлем халықтарын алаңдатып отырған шұғыл мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Халықаралық азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) ақпараты бойынша бүгінде жер жүзінде 1 миллиардқа жуық халық, яғни әлемдегі әрбір жетінші адам азық-түлікпен толық қамтамасыз етілмей, кедейлік шебінде аштықтың зардабын тартып отыр. ФАО-ның нақты деректеріне сүйенсек, әлем бойынша өндірілген азық-түліктің 30-40 пайызы өнімнің сапасының төмендігінен, стандарттарға лайықсыздығынан нарыққа жетпей отыр. Ғалымдардың ғылыми-зерттеу нәтижелеріне сүйенсек 2050 жылы дүние жүзіндегі халықтың саны 9 миллиардқа жетеді. Демек азық-түлік өнімінің көлемі 70 пайызға жоғарылатуды қажет етеді.
Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақ­станның ауылшаруашылық өнім­дерін өндіруді еселеп ұлғайтуға әлеуеті жеткілікті. Ол үшін ауыл шаруашылығында өндірісті жедел индустриялық-инновациялық технологияға ауыстыру қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ішкі жалпы өнімнің өсуінің 90 пайызы инновациялық технологияны игеру арқылы болады. Оны игеру өндірістің бәсекеге қабілеттілігін көтерудің басты жолы.

Ауыл шаруашылығын жедел индустриялық-инновациялық жолмен дамытуда осы салада қалыптасқан жағдайлар ескерілуі керек. Қазақстанда барлық ауыл шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың 96 пайызы шаруа қожалықтары, олардың 41 пайызының егістік жерлері 10 гектардан аспайды. Ұсақ шаруа қожалықтарында инновациялық технологияларды игеру мүмкіншіліктері шектеулі. Оларда өндіріс тиімділігі төмен, біразы алған несиелерін қайтара алмай отыр.

Ауылшаруашылық саласын дамытуға Үкімет тарапынан маңыз­ды шаралар іске асырылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған «Агробизнес-2020» бағдарламаласы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Бағдарламаның негізгі мақсаттарына қол жеткізу үшін төрт бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Біріншісі – қаржылық сауық­тыру. Ол борыштарын өтеу үшін ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерін қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Нақтылап айтсақ, несиенің қайтару мерзімін ұзарту және жеңілдетіліп берілетін несие көлемін ұлғайту. Мысалы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ тауар өндіру­шілерге лизингке техника алуға жеңілдік беріп отыр. Лизингке алынатын техниканың жалпы пайызы орта есеппен 12,8 пайыз болған жағдайда 7,0 пайызын мемлекет субсидия ретінде береді, тек 5,8 пайызын фермер төлейді. Жыл сайын ауылшаруашылық саласына сатып алынатын 5,0 мыңнан астам техниканың 60 пайызы осы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың үлесінде. Тағы бір айта кететін мәселе, инвестициялық жобаларға талап етілетін құжаттар айналымы 19-дан 13-ке дейін қысқарды.

Екіншісі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін тауарлардың қолжетімділігін жоғарылату бағыты. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кеңес қызметін, білім беру, қаржылық көмек көрсету, жұмыс, тауарлардың экономикалық қолжетімділігін жоғарылату арқылы мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіріле түспек.

Үшіншіден, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекет тарапынан қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін дамыту, сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын жетілдіру міндеттерін шешу жоспарлануда. Шаралар фитосанитарлық және ветери­нарлық зертханалар құру және жабдықтауға, фито және ветеринарлық қауіпсіздіктің диаг­ностикасы мен мониторингі, жануар­ларды таңбалау, аурулардың таралу қаупін төмендету, сондай-ақ, шалғайдағы мал шаруашылығы үшін жайылымдарды суландыруға бағытталмақ.

Төртіншісі – агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйе­сінің тиімділігін арттыру. Осындай игі жобалар ауылда бизнестің дамуына, салаға инвестицияның келуіне, бөлініп жатқан қаржының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Осы бағдарлама негізінде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 2013-2020 жылдар аралығына мемлекет тарапынан 3122,2 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Бұл ретте отандық аграрлық білім мен ғылым саласы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Соның бірі ғылым, білім және өндірісті нақты интеграциялау. Бұл мақсатта біздің университет жанынан «Агродаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылып, ол ауыл шаруашылығы саласында тиімді жобаларды жүзеге асыруға орасан ықпал етуде. Бүгінгі күні елімізде зерттеу университеттерін құрудың құқықтық базасы жасалынған. Бұған қоса еліміздің жағдайын ескере отырып және әлемдік тәжірибеге сүйену арқылы зерттеу университеттерінің қазақстандық моделін жасау керектігі туындайды. Қазақ ұлттық аграрлық университеті 2010 жылдан бастап әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытында өзінің нақты стратегиялық бағдарламасы мен іс-жоспарын айқындады.


Алдымыздағы стратегиялық міндет – Қазақстанның шикізат өндіруші ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығында өңделген қосымша құны жоғары тауарларды экспорттаушы ел ретінде бәсекеге қабілетті мемлекет болуын қамтамасыз ету. Осы орайда университет ауыл шаруашылығының білім саласындағы инновациялар ұйытқысы ретінде тың бастамаларға көшбасшы болып келеді. Бүгінде университет әлемнің жүзден аса ірі оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен тұрақты байланыс орнатқан. Бұл жұмыстар университеттің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру аясында атқарылуда. Сонымен қатар, еліміздің аграрлық саласына инновациялық технологияларды кеңінен өндірісте қолдана білетін білікті, білімді мамандар даярлау ісін жаңаша бағытқа бұрып, Қазақстанда ауылшаруашылық тауар өндірушілерге білім тарату орталықтарының моделін қалыптастырудамыз. Осыған орай, әлемдік озық тәжірибені межеге ала отырып, біз университет құрылымын, басқарушылық, оқу-өндірістік және профессор-оқыту­­­шылар құрамына қойылатын талаптарды күшейтіп, ішкі-сыртқы интеграцияны дамытып, зерттеушілік бағытты тереңдету арқылы трансформациялану үдерісі барысында барынша жүйелі түрде жан-жақты жұмыстар атқарып келеміз.

Университетте әлемдік 800 ірі жоғары оқу орындары қатарына кіру үшін профессор-оқытушылар құрамының сапасын арттыру бағы­тында рейтинг жүйесі жұмыс істейді. Жаңа рейтинг жүйесі уни­вер­ситеттің инновациялық бағытта дамуына және білім берудің сапасын жоғарылатуға ықпалын тигізеді. Себебі, көрсеткіштері білім­­ді, ғылымды, әлеуметтік-тәр­бие жұ­мы­сын, оқытушылардың шығарма­шылық ынтасын, кәсіби білім­дерін жоғарылатуға және баға­лауға бағытталған. Индикативтік жоспар­дың нәтижесіне байланыс­ты университет бойынша қоры­тын­ды шығарылады. Ең жоғары ұпай жинаған оқытушы еңбек ақысына қосымша жалақы алады. Төмен деңгейде ұпай жинаған оқытушыларға бір жылға ескерту жасалынып, кәсібилігін жоғарылату үшін қатал талаптар жүктеледі. Биылғы оқу жылы университетте проректорлармен, декандармен, институт директорларымен инди­кативтік көрсеткіштер белгіленген жоспарлары бойынша келісім-шарттарға қол қойылды. Барлық декандар өз факультеттерінде кафедра меңгерушілерімен осындай индикативтік көрсеткіштер белгіленген жоспарлар бойынша да келісімшарттарға отырады. Ал әрбір кафедра меңгерушілері штатта отырған оқытушыларымен келісім-шартқа отырды. Жыл аяғында негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтің қорытындысы шығарылып отырады. Жоғары нәтижеге жету үшін біздің ғалымдар халықаралық, рес­публикалық ғылыми жобаларды ұсыну, жоғары импакт-фактор журналдарында ғылыми жетістіктер нәтижелерін жариялау, ғалымдарымыздың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіштерін жақсарту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізуде.

Трансформациялау шеңберінде біз оқу-тәжірибелік, өндірістік-техникалық кешенді жаңғыртудың ауқымды бағдарламасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін үдерістерді басқарудың қазіргі заманғы құралдары мен тиімді әдістерін енгізуге кірістік. Қазақстанның әрбір аймағының ерекшеліктеріне мамандандырылған ауылшаруашылық саласына байланысты біздің ғалымдар тауар өндірушілерге ғылыми негізде көмек көрсетеді. Мысалы, Қызылорда облысында күріш дақылдары, Оңтүстік Қазақстан облысында мақта және майлы дақылдар, көк­өніс, бақша, жүзім, Орталық және Солтүстік Қазақстанда ас­тық, Батыс Қазақстанда балық, Шығыс Қазақстанда майлы дақыл­дар өсіру бойынша, сондай-ақ, барлық аймақтардағы мал шаруа­шы­лықтарын дамыту жөнінде университет ғалымдары тауар өндірушілерге консалтингтік көмек көрсетіп келеді. Жасыратыны жоқ еліміздің аймақтарындағы көптеген фермерлер мен тауар өндірушілердің кәсіби біліктері төмен және аграрлық сала бойынша тиісті білімдері жоқ. Сондықтан біздің мамандардың көмектері мен ғылыми кеңестері осы проблемаларды шешуге барынша ықпал етуде. Бұл шаралар АҚШ пен Еуропа ғалымдарымен бірлесе отырып инновациялық жаңалықтарды, заманауи агротехнологияларды аймақтардағы ауылшаруашылық саласына енгізуді жетілдіру мақса­тында университеттегі «Экстеншн», «Жоғары фермерлер мектебі» арқылы іске асуда. Осы мақсатта біздің ғалымдар шетелдік озық тәжі­рибені кеңінен қолдануда.

Бүгінгі күні университеттің басым бағыттары: материалдық емес активтердің жедел дамуы; аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумдағы белсенді ықпалдастық; халықаралық ғылыми білім беру кеңістігіне қар­қын­ды ену; білім және ғылым­ның инфра­құрылымының дамуы; білім алу­шылар контингентін қалыптас­тыру. Бұған қоса оқу ордамыз­дың зерттеу университетіне транс­формациялануының жеті қада­мын бекіттік. Олар: магистратура жүктемесін қайта қарау; «АгроДаму» консорциумы құры­­лы­мын жетілдіру; фермерлер­ мектебін жоғары агробизнес мек­тебіне трансформациялау; жоба­ны басқарудың корпоративтік жүйесін енгізу; басқару шешімдерін қолдаудың ақпараттық жүйесін енгізу; негізгі бизнес үрдістерін басқаруды оңтайландыру; кафедра оқытушыларының резервтерін қалыптастырудың жаңа саясаты.

Біз зерттеу университетіне транс­­формациялану аясында магистрант­тар мен докторанттарды дайындау­ды жоғарылатуға тиіспіз. Қазіргі кезде оқу орнымызда оқитын 6 мыңға жуық жастардың 1 мыңнан астамы магистранттар мен докторанттар. Стратегиялық жоспарымыз бойынша бакалавриатта оқитындардың саны жыл сайын қысқарып, есесіне магистранттар мен докторанттар саны көбеюі тиіс. 2018-2019 жылдары магистран­тар мен докторанттардың санын бар­лық оқитындардың 35 пайызын құрай­тын көрсеткішке қол жеткізу көзделуде.

Бүгінгі уақыт ауыл шаруашы­лығын заманауи талаптарға сай дамытудың тетіктерін жетілдіруге міндеттеп отыр. Осыған орай бізде атқарылып жатқан жұмыстардың жүйесі мен ауқымы кеңейе түсті. Қазірдің өзінде біздің «инновациялық қызметке бағытталған жоғары оқу орны» деген мәртебеміз бар. Мұның өзі ғылым мен білімді дамытуда жеткен жетістігіміздің белгісі. Жаһандану үрдісі етек жайған сайын экономиканы тиімді үйлестіру мәселесі күрделене түсетіні белгілі. Әлемдік дағдарыс салқыны әр саланы әлсірете түсуде. Бұл ретте қазіргі Қазақстанда ауыл шаруашылығын заман талабына сай дамытудың алғышарттары белгіленуде, Бұл бағыттарда негізгі басымдықтың бірі ретінде агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту белгіленіп отыр. Осыны іске асыруда ғылым мен өндірісті ұштастыруға серпін берсек, Қазақстанның әлемдегі ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы жетекші елдер қатарына қосылуына мүмкіндігі арта түсетіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда аграр­лық саланың ғалымдарын үлкен шаруаларды еңсеру ісі күтіп тұр.

Соңғы жылдары еліміздің эко­номикалық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Әлемдегі қалыптасқан басты үрдіс – жаһандану. Қазақ­стан Кеден одағына мүше болды. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру де межеленген. Қазақстанның алдындағы тағы бір меже – ЭКСПО- 2017 көрмесін абыроймен өткізу. Бұл шаралар мемлекетіміздің әлемдік қауымдастық алдында экономикалық әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, тың инновациялық бастамаларға жол ашады. Аталған ауқымды көрмеде ауылшаруашылық секторының қосар үлесі де қомақты болады деп ойлаймын. Елімізде ғаламдық маңызы бар шараларды өткізгелі отырғаны бірінші рет емес. Ірі жобаларды жүзеге асыруда тәжірибеміз де жетерлік. Мұндай әлемдік көрменің өткізілуі – Қазақстанның беделінің өскенінің тағы бір дәлелі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге тікелей назар аударып, нақты міндеттер жүктеп отыр. Аграрлық сала мамандары да бұл көрмеде біршама ғылыми жетістіктерін ұсына алады.

Еліміздің ауыл шаруашылығында қордаланған, шешілмеген мәселелер әлі де жетерлік. Осы орайда Елбасы ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге көшіру үшін жағдай жасап, ірілендірудің алғышарттарын қалыптастыру талабын қойып отыр. Осы талаптарды орындаудың басты жолы – ұсақ шаруаларды кооперацияға біріктіріп, кластерлік бағыттарды дамыту. Аграрлық секторды жаңғырту және алдыңғы қатардағы озат агротехникалық шараларды өндiрiсте тиімді қолдану үшін ірі тауарлы кәсiпорындар қажет. Қазіргі кезде Қазақстанда кооператив құрамына кірген шаруа қожалықтарының үлесі 1,5 пайыздан аспайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы­ның мәліметтері бойынша, дамыған елдерде бұл көрсеткіштер өте жоғары. Мысалы АҚШ-та – 100 пайыз, Францияда – 100 пайыз, Испанияда –120 пайыз, Нидерландыда – 140 пайыз.

Қазақстанның ауылшаруа­шылық бағыттағы жерлерінің көлемі өте ауқымды, табиғи ресурстары да мол. Десек те, бүгінгі күні 180 млн. гектар жайылымның 40 млн. гектары жарамсыз болып отыр. Мамандардың айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын елімізде 55 мыңдай құдық болған. Бірақ қаржылық дағдарыс кезінде көбінің жұмысы тоқтап қалған. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 8 миллион гектар жайылым айналымға ендіріліп, 4 мың құдық қазу ісі жүзеге асырылуда. Бұған қоса мал және егін шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық, шабындық және егістік жерлеріміздің көлемін ұлғайту жан-жақты ойластырылып, ғылыми тұрғыда негізделуде.

Бүгінде, зерттеушілік бағыты­мызды айқындау мақсатында біз университетте жобалық басқарудың халықаралық стандартын және жоғары оқу қызметін ұйымдастыру әдісін қолдануда нақты стратегиямызды іске асырудағы миссия­мызды, көзқарасымызды, міндет­терімізді анықтадық. Университет жанындағы Қазақстан-Жапония ин­новациялық орталығында және уни­верситетіміздің 6 ғылыми-зерттеу институты мен 31 зертханасында шетел ғалымдарымен бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылып отыр.

Қазақстан-Жапония инновация орталығының ғалымдары өткен жылдың өзінде Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын екі гранттық жоба бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Олар – қаржы көлемі 4,0 млн. теңгені құрайтын «Қазақстанның түрлі климаттық және экологиялық аймақтарындағы бал арасы тіршілік өнімдерінің атомдық-кристалдық құрылымы, морфологиясы және физико-химиялық қасиеттері» жобасы және 10 млн. теңгені құрайтын «Биосенсорлы жартылай өткізгіштерді өндіру және олардың негізінде адам альбуминінің конфармациялық өзгерістерін зерттеу» жобасы. Орталық ғалым­дарының биылғы жылдың өзінде халықаралық баспаларда импакт-факторлы бес мақаласы жарық көрді. Қазіргі уақытта орталық қызметкерлері Жапонияның Kwansei Gakuin университетінің профессоры Хидетоши Сатоның зертханасымен бірлесе қан сарысуына спектрометриялық зерттеулерді жалғастыруда. Ф.Д.Овчаренко атындағы биоколлоидты химия институтымен бірлесіп металл-микроэлементтердің пробионт-бактерияларға әсері бойынша зерттеулер жүргізілуде. Осы орталықты бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімдері және азық түлік сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық орталыққа айналдыру алғышарттары жасалынуда.

Бұған қоса ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасу мақсатында құрылған Қазақ-Корей иннова­­­циялық орталығында «Жасыл технологияларды» дамыту мәселелері зерттелуде, Қазақстан-Литва орта­лы­ғында аграрлық білім бағыты бойын­ша ақпарат алмасып, тәжірибе бөлі­су шаралары қолға алынып келеді.

Жыл сайын академиялық ұт­қырлық бағдарламасы аясында университетіміздің 300-ден астам студенттері мен магистранттары, докторанттары шетелдің озық оқу орындарында білімін жетілдіріп, тәжірибе жинап қайтты. Сондай-ақ, әлемнің беделді университеттерінің білікті 100-ден астам ғалымдары біздің университетте дәріс оқуда.

Біздің алға қойған мақсат­та­рымыздың барлығы бәсекеге қабілетті адами капиталды нығайтуға негізделген. Осы істе басты құрал болып табылатын білім жүйесін халықаралық тәжірибемен үйлестіру үшін елімізде заман талабына сай оқу орындары мен басқарудың жаңа модельдері қалыптасуда.

Бұл бағытта біз оңды нәтиже­лер­ге қол жеткіздік. Атап айтатын бол­сақ, біз құрылымына алдыңғы қа­тар­дағы «ҚазАгро» ұлттық холдин­гі кіретін «АгроДаму» аграрлық ғы­лыми-өндірістік консорциумы, ірі трансұлттық компаниялар, ауылшаруашылық өндірушілері арқылы (барлығы 400 қатысушы) еліміздің экономикасы талап ететін мамандарды тәжірибелік дайындықтан өткізудеміз.

2008 жылы университетте 10 ғана зерттеу зертханасы жұмыс атқарса, қазір олардың саны 31-ге жетті. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру 2008 жылы 110 млн. теңгені құраса, өткен 2013 жылдың зерттеу жобаларын 420 миллиондық айналыммен аяқтадық. Алдағы 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми-зерттеулерді бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландыру конкурсына университет бойынша 108 жоба ұсынылды. Бұл ретте университеттің профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жобаларын дайындап, ұсынуға қатысу көрсеткіші 80 пайызды құрайтынын атап өту керек. Қазіргі кезде еліміздің барлық аймақтарында Үдемелі индустриялық-инновациялық да­мытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 95 инвестициялық жобасына қатысуда. Ғалымдар ауылшаруашылық кәсіпорындары және шаруа қожалықтарымен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Солардың бірі – «Байсерке Агро» негізінде құрылған оқу-ғылыми-өндірістік орталығы. Ол түрлі ауыл­шаруашылық өнімдерін өндірумен қатар оларды өңдеумен де шұғыл­данады. Бір жағынан ғалымдар өндірісте озық инновациялық технологияларды игеруге жәрдем берсе, екінші жағынан студенттер тәжірибе алады, ал магистранттар мен докторанттарымыз ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Жеке шаруа қожалықтарында ғалымдарымыз мал тұқымдарын асылдандыруды, оларды бағуда жаңа технологияларды қолдануға ғылыми жәрдем беруде.

Президент тапсырмаларын және білім саласында анықтап берген бағыттарын орындау – әрбір университеттің басты міндеті. Бұл талап ұлттық университеттер ұжымдары үшін тіптен маңызды. Отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы боп есептелетін Қазақ ұлттық аграрлық университеті ұжымы Елбасының талаптарына және өзгерген қоғам міндеттеріне сай қызмет етуге ұмтылуда. Бұл ретте «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты және заманауи жүйедегі білім мен ғылымды дамытудың негізгі кілті болып табылады. Елбасы атап өткендей, бүгінгі күні жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмай, қолданбалы және іргелі зерттеушілік инфрақұрылымдарын құрып, дамыту бағытында жүйелі жұмыстарын атқаруда. Сондықтан, мемлекет анықтаған талаптар бойынша интеллектуалды ұлт ретінде қалыптасқан, дамыған Қазақстан қоғамын құру үшін шешілетін міндеттерді айқындап, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға әрқайсымыздың қосар үлесіміз мол болуға тиіс.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА вице-президенті, академик.

Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар