Өзектi

ҒЫЛЫМ МЕН НАРЫҚ «ТІЛ ТАБЫСА» БАСТАДЫ

07.11.2014

6803

Дамыған елдерде өндiрiсте қолданысқа енгiзiлген жаңа технологияны ойлап тапқан авторларға сыйақының 60 пайызы берiледi. Тағы да сол дамыған елдердегі ғылымға құйылатын қаражаттың жартысынан астамын жеке сектор қамтамасыз етедi.
Ал бізде ше? Ғылым мен нарық арасындағы байланыс қай деңгейде? Ғалымдар жаңалығы мен өнертапқыштар жобасы бизнестің қызығушылығын оята алды ма? Қысқа қайырғанда, ғылым мен нарық «тіл табысты ма?». Бұл сауалдың жауабын елімізде алғаш рет өткізілген «Технологияны коммерцияландыру» атты форумнан таптық.

Дәл осы форумда ғылым мен нарық ара­сын­дағы байланыстың жандана бастағанын көрдік. Мұны осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан Білім және ғылым министрлігінің ірі жеңісі деуге болғандай. Инновациялық жоба­ларына қажетті қаржыға қол жеткізген ғалым­дар технологиялық коммерцияландыру тиімді дүние екенін айтады. Сонымен, «технологияны коммерцияландыру» деген не, бұл сөз тіркесі бізге нарықпен қатар келді деуге болады. Мақ­саты үздік техноло­гияларды жасаудан бастап бизнес-өнімге дейін қолдау. Ал Қазақстандағы «Тех­нологияларды коммерцияландыру» жо­басы 2008 жылы Дүниежүзілік банктің займы туралы келісім аясында жүзеге асуда.

«Осы жоба аясында қазірдің өзінде жалпы сомасы 5,2 миллиард теңгені құ­райтын 49 жоба қолдауға ие болды. Бұл жобалар 1311 жобаның арасынан іріктеліп алынған. Жоба алғаш қолға алынған кезеңде, 2011 – 2013 жылдар ара­лығында 33 иннова­ция­лық жоба 4,5 млрд. теңге көлемінде қолдау тапқан еді, сол жылы Қа­рағанды мем­лекеттік техникалық университеті не­гізінде ма­териал жасау халықаралық орта­лығы ашыл­ған. Ал 2013 жылы «Технологияны коммер­ция­ландыру орталығы» ЖШС құ­рылып, осы жұ­мысты жалғастырды» деді ха­лықаралық форумда сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Ми­нистр­дің айтуынша, «Технологияларды коммер­ция­ландыру орта­лығының қызметі мен қолдауы арқасында Қа­зақстандағы кез келген ғалым өзінің жобасын әрі қарай жүзеге асырып, биз­нес өнімге айнал­дыру үшін грант алу мүм­кін­дігіне ие. Орталық жаңа технологияларды жа­сау­шыларға өнім­дерінің нарыққа бейімдеп шығаруға да кө­мектеседі.

Грант мұнай тасымалдау, мұнайхимия, құ­рылыс материалдары, өндіріс қалдық­тарын кә­деге жарату, нанотехнология, ауыл шаруа­шылығы, генетика мен цитология, электроника мен құрал жасау, радиоэкология және радио­химия, баламалы энергетика, ме­дицина, фар­мацевтика және биотехнология салаларындағы жобаларға беріледі. Гранттық бағдарламалар жобасын тәуелсіз сарапшылар – ғылым мен коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңес мүшелері іріктейді. Грант­қа құжат тапсыру өте оңай – орта­лықтың электронды поштасына жобаңызды жіберсеңіз болғаны, егер ол сарапшылардың қызығушылығын ту­ғыз­са, грант алуға лайық деп танылса ғана, қажетті құжаттарды жинап тапсырасыз. Әрине, соңғы 5-6 жылда ен­гізілген технологияларды коммерциялан­дыру саласында да шешілуі тиіс түйіндер жоқ емес. Мысалы, вице-премьер Гүлшара Әбді­халықованың айтуына сүйенсек, біздің елде технологияларды коммерциялан­дыратын менеджерлер тапшы.

«Әлемдiк тәжiрибе бойынша, 30 ғалымға технологияларды коммерцияландырумен айналысатын 1 маманнан келуі керек. Қа­зақ­станда 2013 жылы ғылыми қызметкерлер саны 23 712 адам, олай болса бiзге жоғары бiлiктi 790 коммерцияландыру мамандары қажет» дейдi Г.Әбдіхалықова. Ал «Тех­нологияны коммер­ция­ландыру орталығы» ЖШС Дамир Егізбаев бұл проблеманың шешіліп келе жатқанын айтады.

«Қазақстан бойынша технологияларды коммерцияландыратын кәсіби менеджерлер саны 100-ге жуықтайды. Иә, халықаралық тәжірибені ескерсек, ондай менеджерлердің саны бізде 600 адамнан көп болуы керек. Сондықтан технологияларды коммер­ция­лан­дыру орталығы үнемі екі күндік семинар өткі­зіп, мамандарды жұмысқа шақырып отырады. Біздің қызметкерлер АҚШ-та тәжірибеден өткен, теориялық тұрғыда өзіміз де оқытып отыр­мыз. Биыл 503 адам оқыту курстарынан өтті. Сондықтан осы бағытта алға жылжу бар» дейді.

Екі күнге созылған форум барысында АҚШ, Нидерланды, Сауд Арабиясы, Ре­сейден келген сарапшылар инновация мен коммер­цияландыру саласындағы тәжіри­белерімен бөлісті. Сонымен бірге «Техно­логияларды коммерцияландыру» жобасы аясында қолдау тапқан қазақстандық инно­ваторлар да өз жұмыстарымен таныстыруға мүмкіндік алды. Мәселен, форум шеңберінде ұйымдастырылған көрмеге 49 жоба қойылды. Солардың бірі белгілі ғалым, бүгінде кәсіп­кер атанып отырған «Аспантау LTD» ЖШС директоры Қажымұқан Арыновты сөзге тарттық.

«Біздің жұмысымыз құрылысқа бай­ла­нысты, бетонға қосылатын жүздеген химиялық қосылыстар бар, ол қосылыстар бетонның хи­миялық, физикалық қасиетін өзгертеді, Қазақстанда соның бірде-бірі шығарылмайды. Біз сондай қосылыстарды дайындауды қолға алдық. Бізге берілген грантқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Алматының іргесінде шағын пилотты зауыт жобасын іске қостық. Алғашқы өніміміз жаман емес, Ресей мен Германия зауыттарының өнімдерімен бәсекеге түсе алады» дейді.

Астанадағы «Institute of Batteries» ком­паниясы күкірт негізінде батарея жасауды жолға қоймақ ниетте екен. Институттың аға ғылыми қызметкері Алмагүл Ментбаеваның айтуынша, дәл қазіргі кезде жоба ғылыми-зерттеу сатысында. Идея авторы Назарбаев уни­верситетінің профессоры Жұмабай Бәке­новтің жобасы болашақта ел игілігіне жарай­тыны анық.

«ҚазТрекТехнолодж» компаниясы жүзеге асырып жатқан «Бұлақ» деп аталатын су тазар­туға арналған тректік мембраналы сүз­гіш шетел­де танылып үлгеріпті. Ал Аста­надағы са­тылымға енді шықпақ. Сәйкестік сертификатын енді ғана алған жоба автор­лары Астананың бірқатар дүкендерінен же­лілік сауда нүктелерін ашпақ. Сүзгіш бағасы 3 мың теңгенің маңайында. Бұл сүзгіштің ерекшелігі сол, оны сөмкеңізге салып жүре бересіз, қайда барсаңыз да таза ауызсу ішуге мүмкіндігіңіз болады. Яғни ауру тудыратын бактериялар, ауыр метал­дар, пестицидтер, басқа да қауіпті қоспалары бар суды осы сүзгіш арқылы тазартып, тұтына аласыз. Бір сүзгішпен 2 мың литр су тазартуға болады. Егер сүзгіш қоқысқа толып қалса, оны жуып, кептіріп, қағып-сілкіп әрі қарай да қол­дануға болады екен. Айта кетейік, бүгіндері бұл сүзгіш Ресей мен Африка, Индонезия, Оңтүстік Кореяда сұранысқа ие болып үлгерді. Бұл мы­салдар ғалымдар ашқан жаңалықтар нарыққа жол тартып отыр. Олай болса, ғылым мен на­рық тіл табысты деуге негіз бар.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар