Ғылыми жаңалықтар

ҚР БҒМ: Қазақстанда жас ғалымдар саны артып келеді

04.03.2016

5492

Қазақстанда өзінің өмірін ғылымға арнаған жастар артып келеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ президенті Амандық Төлешев мәлім етті.

«Ғылыми қызметкерлер санының өсуі үрдісі белгіленді, яғни 2011 жылдағы 18 мыңнан 2014 жылы 25,8 мыңға дейін (1,4 есеге) артты. Сонымен қатар ғылымға бағыт алған жастар да көбейді. Атап айтқанда, 35 жасқа дейінгі ғалымдардың саны 2011 жылғы 6 487-ден 2014 жылы 9 447-ге дейін жетті, бұл тұрғыда өсім 1,5 есені құрап отыр»,-деді А. Төлешев.

Осы орайда ол Thomson Reuters (АҚШ), Springer (Германия), Elsevier (Нидерланд) секілді алдыңғы қатарлы компаниялармен және басылымдармен елдік лицензияға қол қою нәтижесінде мемлекет әлемдік ақпараттық ресурстарға ақысыз қолжетімділікті қамтамасыз еткенін еске салды.

«Осы орайда Қазақстан ғалымдарының халықаралық рейтингті басылымдарда ғылыми мақалаларды жариялау деңгейі айтарлықтай артқаны байқалады. 2014 жылы халықаралық журналдарда 2 784 ғылыми мақала жарияланды, бұл өз кезегінде алдағы жылға қарағанда 1,5 есеге артық болды»,-дейді ол.

Оның айтуынша, 2015 жылы республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландырудың жалпы сомасы 43,6 млрд. теңгені құрады. 2016 жылы осы бағытқа қаржы бөлу деңгейі былтырғы көлемде сақталады деп күтілуде.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар