EXPO-2017

ЭКСПО-2017 көрме кешенiнiң жобасын АҚШ сәулетшілері жеңiп алды

24.10.2013

7140

Бүгiн Астанада ЭКСПО-2017 көрме кешенiнiң үздiк эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурстың қорытындысы шығарылды.

Байқау жеңiмпазы Adrian Smith+Gordon Gill Architecture архитектуралық компаниясы атанып отыр.

"ЭКСПО-2017 шарасының эскиз-жобасының байқауына 105 үмiткер-компания қатысты. Байқаудың техникалық кеңесi ең үздiк 10 жобаны iрiктеп алды. Оның iшiнен әдiлқазылар алқасы америкалық компания Adrian Smith+Gordon Gill Architecture жеңiмпаз деп таныды. Аталған архитекторлық компания Дубайдағы әлемнiң ең биiк ғимараты - Бурдж Халифаның жобасын жасаған. Қазiргi уақытта бұл компания Қытайда жасыл технологияларға негiзделген тұрғын үйлердi салуда. Сондықтан техникалық және сәулеттiк жағынан озық деп танылған", - деп атап өттi "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ермегияев.

ЭКСПО нысанының жалпы аумағы - 173,4 гектарды құрайтын болады. Оның iшiнде 25 гектар көрме кешенiнiң өзiне тиесiлi, әлеуметтiк-мәдени, бiлiм және ғылым, денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, желекжолдар орналасады. Көрме павильондарының ауданы - 118 620 шаршы метр, қызмет көрсету аймақтары - 95 400 шаршы метрдi, сондай-ақ тұрғын үй - 586 465 шаршы метрдi құрамақ. ЭКСПО қалашығын Есiл ауданында, Қабанбай батыр, Хусейн бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелерi мен даңғылдарының аумағында салу жоспарланған.

Т. Ермегияевтiң айтуынша, Adrian Smith+Gordon Gill Architecture жобасы тұрақты даму және архитектуралық-көркемдiк көрiнiс тұрғысынан да, оны ЭКСПО-2017 көрмесiн өткiзгеннен кейiн одан әрi қолдану тұрғысынан да ең тиiмдi болып табылады. Жоба бiздiң елiмiз үшiн де, бүкiл әлем үшiн де мұра ретiнде қалады.

"Елбасының айтқанындай, бiз "жасыл экономика" тұжырымдамасын қабылдадық. Соған орай ЭКСПО-2017 ғимараттарының барлығы жасыл технологиялар қолданылып, ол қаламыздың жасыл аумағына айналады. Ендi шағын және орта бизнеске келетiн болсақ, бұл жоба үлкен экономикалық пайда әкеледi: миллиондаған туристер келiп, осында өз қаражаттарын тастап кетедi, құрылысқа да отандық компаниялар тартылып, қомақты кiрiс көзiн көредi, сонымен қатар сауда орындары мен мейрамханалар елге қызмет етедi. Алдын ала болжам бойынша шамамен 10 мың адамға жаңа жұмыс орындары ашылады. ЭКСПО шарасы аяқталғаннан кейiн ғимараттардың бiр бөлiгi Назарбаев университетiне берiледi, бiр бөлiгi бiздiң елде тапшы болып отырған ғылыми орталықтарды құруға және ғылыми кешендердi орналастыруға қолданылады. Тұрғын үйлер мен кейбiр әкiмшiлiк ғимараттар сатылуы ықтимал. Жобаның жалпы құны 2014 жылы қаңтардың соңына қарай белгiлi болады", - деп атап өттi Т.Ермегияев.

Ақпарат көзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар