EXPO-2017

Күн мен желден қуат алған қалақшалар Қордайдағы «жасыл стансалар» жобалық қуатына қашан жетеді?

10.09.2014

8168

Енді үш жылдан кейін «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізбекші болып отырған елімізде 2012-2015 жылдарға арналған «Жасыл даму» кешенді жоспары жасалған. Осыған дейін өндірілетін барлық электр қуатының сексен пайызына дейін біз көмірмен жағылатын электр стансаларынан алып келеміз. 7Көмір біріншіден жер бетінде қаптаған ЖЭС-тердің биік мұржаларынан будақтаған қою түтінімен ауаны ластайды, екіншіден жер қойнауындағы көмірдің қоры ары кеткенде бірнеше ондаған жылға ғана жететін көрінеді. Сондықтан, баламалы қуат көздерін дамыту дүние жүзіндегі барлық елдердің қатарында біздің ел үшін де өзекті мәселеге айналып отыр. Балама дегенде ол біртіндеп көмір немесе мазут жағылатын жылу электр стансаларын бүтіндей алмастыратын табиғатпен біте қайнасқан су, жел және күн электр стансалары желісін дамыту жайында әңгіме. Сөйтіп, «ЭКСПО»-ның қазақстандық көрмесінің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясының» біздің өңірдегі беталысы қалай?
Осыдан үш жыл бұрын Қордай асуында өнеркәсіптік негізде «Қордай-1» жел электр стансасының алғашқы екі мұнарасы тұрғызылып, бұл өндірілген электр қуатын өңірлік электр желісінің компанияларына тарататын Қазақстандағы тұңғыш станса болды. Ал, 2012 жылдың желтоқсан айында Отар елді мекенінің жанынан күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансаның қанатты жобасы іске қосылды. Содан бергі уақытта желден қуат өндіретін қалбағайлы мұнаралар саны көбейе түскенін Алматыға жолаушылап арлы-берлі өткенде дәл жолдың бойынан-ақ көруге болады. Жалпы, жел электр стансаларын орнатуға Қордай асуы өте дұрыс таңдалған орын. Іле Алатауының батыс сілемі Жетіжол тауы мен Кіндіктас жоталары аралығындағы абсолюттік биіктігі 1233 метрді құрайтын асуда күшті желдің 93 пайызы солтүстік шығыстан соғады. Желдің күші, әсіресе, қыста үдейді. Бір жыл ішінде орта есеппен 55 күн күшті жел соғатыны, кей жылдары айына 10-15 күнге созылатын желді бұрқасын борайтыны анықталған. Міне, осындай желдің өтінен «Изен-су» ЖШС 2011 жылы жалпы қуаты 1,5 мегаватты құрайтын, жобалық-сметалық құжаттама бойынша құны 350 миллион теңгенің екі стансасын құрастырып іске қосқан болатын. Биыл серіктестік кәсіпорынға 1500 миллион теңге көлемінде қажетті техника және құрал-жабдықтар сатып алуға жеңілдетілген несие алғалы отыр.
Одан беріде келесі ұжым «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС Қордай асуында әрқайсысының қуаты бір мегаваттық 21 жел электр қондырғысын орнатуды бастады. Белгіленген құны 6,4 миллиард теңгенің бұл жаңа жобасы толық аяқталған кезде, өндірілетін электр қуаты 21 мегаватқа артпақ. Бұл үшін асу белінен бөлінген 66,9 гектар аумақта қазір қызу жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр 4 қондырғы және арнайы 300 тонналық жүк көтергіш кран Германиядан жеткізіліп, қондырғылар орнатылса, биыл жыл басында бес қондырғы жеткізіліп орнатылуда. Өз қаражаты және инвесторларды тарту есебінен жүргізіліп, әзірге жарым-жартылай атқарылған жобаның биыл жоспар бойынша жыл соңына дейін толық аяқтала қоюы неғайбыл. «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС «Центр кредит» банкі арқылы 500,0 миллион теңгеге алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін құжаттарын облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасына ұсынып, биылғы ақпан айында аймақтық үйлестіру кеңесінен қолдау тапқан болатын. Енді серіктестік аталмыш банктен қажетті техника және құрал-жабдықтар алу үшін 1600 миллион теңге несие сұрамақ. Банк құп көрсе, құжаттары облыстық кәсіпкерлік басқармасына ұсынылады.


Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы нысандардың бірі – Қордайдағы жел электр стансаларының құрылысы, осылай жүріп жатқанымен, Отардағы күннен электр қуатын өндіретін стансада құрылыс жалғасын таппай тоқтап тұр. Отар ауылдық округінің әкімі Жайлыбек Шадиевпен бірге стансаға барғанымызда ондағы әйелі күзетші, өзі оператор міндетін атқаратын Шығыснұр Оқастан өзге ешкім көзге түспеді. «КазЭкоВатт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (С. Көкебаев) қаржысына мердігер «Алшын» ЖШС (А. Есілбаев) салған еліміздегі ортақ электр жүйесіне қосылған стансаның бірінші кезегі 2012 жылдың соңында пайдалануға берілгенін кезінде, облыстың ғана емес, бүкіл еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, Қазақстандағы алғашқы күн электр стансасы деп сүйіншілеп жатты. Екі жүз миллион теңге жеке инвестицияға салынған стансаның бірінші кезегінің қуаты сағатына 504 киловатт электр қуатын өндіру болса, болашақта оны 7 мегаватқа жеткізу көзделген. Ол үшін он бес гектарға жуық жер бөлініп берілген. Бірақ, 2013 жылға жобаланған екінші кезегінің құрылысы биыл да басталар емес. Келешекте жетпіске дейін адам жұмыс істейді делінген стансада, жоғарыда айтқанымыздай, ерлі-зайыпты екі адам ғана жүр. Қытайдан келген бұл бауырларымыз күн батареяларының жұмысын реттеп отыруды сол елде жүріп меңгерген. Олар әрқайсысында 42 батареядан бар күнге қаратып көлбеу орнатылған 51 панельдің жұмысын бақылайды. Сонда барлығы 2142 батарея күннің сәулесінен электр қуатын жинақтап стансаға береді. Қондырғылардың пайдалану мерзімі жиырма бес жыл екен. Айтпақшы, мұндағы жарау-жабдықтар мен батареялардың барлығы Қытайдан әкелінген. Әзірге 500 киловаттың айналасында өндіріліп жатқан электр қуаты аудандық электр стансасының желісіне қосылған. Бұл шамамен шағын бір ауылды жарықпен қамтамасыз етуге жарап тұр. Ал стансаның былтырға жобаланғанымен, биыл да қолға алынбай отырған екінші кезегі де іске қосылар болса, үлкен ауданның бір бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етуге жетер еді. Отардағы оператор бұл жұмыстың неге жалғаспай отырғанын бізге айтып бере алмады. Ол түгілі ұялы телефонмен хабарласқанымызда жобаның иесі «КазЭкоВатт» ЖШС директоры Сәрсен Көкебаевтың өзі де мардымды ештеңе айтпады. Бар мәселе қаржының болмауында екені түсінікті жәйт еді.
– Қаржыландыру кімдердің кінәсінен, қай жерде тежеліп жатыр?– деген сұрағымызға:
– Оның себебін тапсырыс берушілер мен мердігерлерден біліңдер, – деп қысқа қайырды.
Өмірімізді электр жарығынсыз елестете алмаймыз дедік. Барған сайын оны көптеп тұтынудамыз. Көмірмен және мұнаймен жұмыс істейтін электр стансаларының дәурені жылыстап өтіп барады. Ал табиғатқа залалсыз, таза жолмен өндірілетін, оның үстіне бір шыққан шығын таяу болашақта еселеп пайда әкеле бастайтын арзан энергия көздеріне әзірге тосырқай қарайтын сияқтымыз.

Авторы Құрманбек Әлімжан.

Дереккөзі: http://www.akjolgazet.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар