КіруТіркелуЖоба туралы ФорумFAQБайланыс
  
Ұлттық ғылыми порталға қош келдіңіздер!
Бұл жерде қазақстандық ғылымның
жағдайы мен оның соңғы оқиғалары туралы ақпараттар ұсынылған.
Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн.
Әлемдік ақпараттық ресурстарға шығу мүмкіндігі:
Thomson Reuters, Elsevier, Science
eLIBRARY.RU және басқалары.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы
"Біздің жастарымыздың оқуы, жаңа білімдерді меңгеруі, ең соңғы дағдыларды игеріп,
білім мен технологияларды күнделікті өмірде іскерлікпен және тиімді қолдануы қажет".
Н.Ә. Назарбаев
 
Видео заседаний и интервью председателей ННС
Қазақстанның
интерактивті картасы
Өзектi
05.08.2020  Болашақта қандай мамандықтар пайда болады?

Биылғы жыл жалпы адамзатқа, әсіресе жас түлектер үшін де оңай соққан жоқ. Бастысы – мамандықты дұрыс таңдау мәселесі. Аяқ астынан әлемді «дөңгелетіп» жіберген қазіргі жағдай болашақта кім боламын деген сұраққа жақсылап ойлануды талап ететіндей.

Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелері жұмыс орындарының көпшілігіне қауіп төніп тұрғанын көрсетті. Яғни, қазір бізге таныс мамандықтар бол­ашақта қажет болмай қалуы әбден мүмкін, деп жазады https://egemen.kz/article/154229-bolashaqta-qanday-mamandyqtar-payda-bolady

2020 жылға қарай әлем бо­йынша еңбек нарығында 40 млн жоғары білімді маманға қажеттілік болады деген болжам бар. Дегенмен, ірі мемлекеттердің тұрғындарында «Білім алған саламыз сұранысқа сай болмай қалмай ма?» деген күдік пен үрей басым екен. Pew Research Center жүргізген зерттеу нәтижесіне сенсек, америкалықтардың 87 пайызы жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қо­сымша білім алуға дайын екендіктерін айтыпты. Сонымен қатар, аталған баяндамада сарапшылардың 48 пайызы болашақта робот техникасының дамуы салдарынан жұмыс орындары азаятынын айтқан. Олардың айтуынша, бір робот мың адамның орнын басып, халықтың жұмыспен қамту деңгейі төмендеуі мүмкін. 2015 жылы Оксфорд университетінің баспасынан Ричард Сасскинд пен Дэниель Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» (The Future of the Professions) атты кітабы жарық көр­ген. Онда болашақта қазіргі мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұрғаны айтылған. Біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін. Мысалы, дәрігер емделушімен Skype арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады. Мысалы, жоғарыда айтылған медициналық онлайн диагностикалау маманының жұмысын жеңілдетсе, кейбір жаңа технологиялар кесірінен қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін.

Билл Гейтстің айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың көпшілігі автоматты бағдарламалармен жабдықталып, біліктілігі төмен қызметкерлер бәсекеге ілесе алмай қалуы мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бір сөзінде: «Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым генді инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Біздің мамандық туралы барлық түсініктеріміз өзгереді. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бастайды», деген еді. Расымен, Оксфорд сарапшыларының айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47 пайызы жойылады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазір мектепте оқып жатқандардың 65 пайызы болашақта енді пайда болатын мамандық иелері атанады.

Жақында Forbes, Popular Science басылымдары болашақта пайда болуы мүмкін 162 мамандық тізімін жасады. Онда біздің ойымызға кіріп те шықпаған робо­этика бойынша адвокат, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, криптовалюта банкирі, IT-генетик, интеллектуалды жеке­меншікті бағалау, нейропсихолог, медициналық роботтехник, виртуалды өмір архитекторы секілді мамандықтар бар. Соның ішінде 2020 жылы эмбрионды емдеу, яғни іштегі ұрықтың ауруын анықтап, бала тумай жатып емдеу маманы, 2025 жылы галактикалық архитектор мамандықтары жоғары оқу орындарында ресми түрде ашыла бастайды деп жоспарланғаны айтылған. Әрине, әзірге бұл мамандықтардың Қазақстанда қашан пайда болуы мүмкін екенін дөп басып айту қиын. Бір анығы, болашақта біз ескі мамандықтардың жоғалғанына да, жаңа жұмыс орындардың ашылғанына да куә боламыз.

Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінің ресми сауалына жауап берген Білім және ғылым министрлігінің өкілдері 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылғанын айтты. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резидентурада – 50, докторантурада 11 мамандық пайда болған. ЖОО-да жаңадан ашылатын мамандықтар белгілі бір сатылардан өтеді. Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, кез келген мамандық бойынша білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия алуға Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуіші негіз болады. Қазақстанда бұл құжат 2009 жылы 20 наурызда бекітілген. Ал жаңа мамандықтың ашылуына жоғары білімі бар мамандардың қажеттілігі туралы талдау қорытындылары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстары әсер етеді екен. Қазіргі таңда кадрларды дайындау Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішіне сәйкес жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 603 мамандық оқытылады. Оның ішінде бакалавриатта – 175, магистратурада – 190, резидентурада – 50, докторантурада – 188. Бұл мамандықтар бойынша 2016-2017 оқу жылдарында республиканың 130 ЖОО-да 472577 адам оқуда. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, беделді жоғары оқу орнын бітіру әрдайым маңызды бола бермейді. Президент: «Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек», деген болатын. Осы пікірге ұқсас ойлар былтыр Дүниежүзілік экономикалық форум барысында да айтылған. Онда сарапшылар білім беру саласы адамдардың болашақтағы жұмысқа қабілетін сақтап қалуға көмектесу үшін өзгеруі керектігіне баса назар аударған. «Білім беру жүйесі адамдарды өзгеріп тұратын жаңа еңбек нарығына бейімдеуі керек. Сонымен қатар, қазір ақпараттық технологиялар білімге басқа да жолдар ашты», делінген форум баяндамасында. Көптеген зерттеушілер де тек мамандықты игеру аздық ететінін, болашақта жан-жақты қабілет жоғары бағаланатынын айтуда.

«Future Workplace Experience» басылымының сараптамасына ден қойсақ, мамандардың бірнеше қызметті қатар алып жүруі басты орынға шықпақ. Яғни, бір мамандық басқа бірнеше мамандықтың қабілетін игеруді талап ететін болады. Мысалы, қазірдің өзінде тіл білу қажеттілігі айқын байқалады. Қазақстанда 42 ЖОО-да педагогикалық, техникалық, жаратылыстану ғылымдары бойынша үш тілді білім беру жүйесі бар. Бірақ қүндізгі бөлімде оқитын 358 мың студенттің тек 5 пайызы үш тілді еркін меңгергенін айта кету керек. Дегенмен, болашақтағы өзгерістерге дайын болу үшін Қазақстанда қазірден қажетті шаралар қолға алынған. Білім және ғылым министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стра­тегиялық жоспарында «Назарбаев университет» үлгісімен ұжымдық басқару артатыны, 19 ЖОО-да бақылау кеңесі құрылатыны айтылған. Қазіргі таңда ЖОО-да 3 технопарк, 4 бизнес-инкубатор мен 500-ден астам ғылыми-зерттеу институты бар. Сондай-ақ, білім, ғылым мен бизнес интеграциясы да мықтап қолға алынбақ. Мұның өзі кез келген өзгеріске бейімделе алатын маман дайындауға септігін тигізе алатыны анық.

193
«« | »» « Арттқа | Барлық материалдар
Соңғы жаңалықтар
Түсініктеме қалдыру үшін, сайтқа авторизациядан өту керек
050026, Алматы, ул. Богенбай батыра, 221
Тел: 8 (727) 378 0509
E-mail: dir@inti.kz
      Все права защищены
©ННП 2013 - 2019