Өзектi

Айнұр Иманғалиева: Ғалымдарға шығармашылықпен айналысуға уақыт берілуі керек

30.04.2019

4566

Иманғалиева Айнұр Нұралықызы Израильдің Рамат-Ган қаласындағы Бар-Илан Университетінде ғылыми тәжірибеден өткен PhD докторант. Табиғи шикізат негізінде жаңа зат алу туралы зерттеп жүрген ғылыми жұмысы туралы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.


- Қазақстанда табиғи шикізат көздері өте мол. Оларды пайдаға асыру және оның қалдықтарын кәдеге жарату маңызды. Елімізде осы бағыттағы жұмыстар қандай нәтижелер беріп отыр?

- Зерттеу жұмысым табиғи шикізат негізіндегі композициялық материалдардың сорбциялық қасиеттерін зерттеуге арналған. Жалпы сорбциямен әлемде көптеген елдер айналысады. Біз үшін маңыздысы арзан әрі нәтижелі өнім алу. Жұмысымның мақсаты – табиғи шикізат негізінде жаңа заттарды алу. Қазақстанда табиғи шикізат көзі өте мол, мысалы сазды материалдар, өсімдік материалдары, теңіз материалдары, хитозан. Табиғи шикізат көп болған соң оны өндіру, әрі қарай қалдықсыз қолдану өзекті мәселе. Зерттеу барысында біз салбалшықты материалдарды қолдандық, оларды полимерлермен түрлендірдік, меншікті сыйымдылығын арттырдық, сіңіргіштігін зерттедік. Сорбция дегеніміздің өзі – улы заттарды сіңіріп алушылар, қарапайым мысалмен түсіндірсек, ақпасуларды ауыр металдардан тазалау. Өздігінен сіңіретін табиғи материалдарға саз бен құмды жатқызуға болады. Бірақ олар 100 пайыз сіңірмейді. Сол сіңіру қасиеттерін ұлғайту үшін оны түрлендіреді, композит материалдар алынады. Композит материалдар дегеніміз – негізі саз, көмір, өсімдік материалдарынан тұратын матрицалар және толтырғыштар. Толтырғыштар әртүрлі болады, полимерлер және өзге де металдар. Жасаған композитті материалымызды әрі қарай түрлендіріп, катализ үшін пайдаланамыз.

Менің жұмысым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде сазды шикізатқа бентонитті сазды қолдандым. Нәтижесі жақсы болғанда синтездеудің оңтайлы жағдайын қарастырамыз. Біз модификаторларды көптеп немесе аздап, әртүрлі температурада салып өзгерісін бақыладық, әрбір факторды зерттеп, өлшедік. Ең жақсы факторды, ең көп нәтиже бергенін таңдап алдық.

Өсімдік шикізатына ретінде апельсиннің қабығын алдық. Бізде апельсин өспейді, бірақ оның қалдықтарын пайдаға жарату мәселесіне әлемде көп көңіл аударыла бастады. Апельсин қабығынан жіп алып, мата жасауға болатындығы ғылыми тәжірибе жүзінде дәлелденді. Ал оның қабығы азық-түлік өнеркәсібінде, кондитерлік өнеркәсіпте қоқыс ретінде тасталып келді. Неге оларды әрі қарай пайдаға жаратпасқа? Олардың құрамында органикалық қышқылдар бар, сорбциялық қасиеттерге де ие. Біз ауыр металдарды қалай соратынын алып қарастырдық. Болашақта оны косметика саласында, табиғи негіздегі кремдерге пайдалансақ дейміз.

Зерттеуім бойынша реакция бәріне белгілі, фосфор қышқылын алудың өнеркәсіптік әдісі бұрыннан бар. Бірақ осы әдіс пайдаланылатын судың мөлшерін көп қажет етеді. Катализаторлар фосфор қышқылының өнімін арттырып, температурасын азайту үшін қолданылады. Жаңа катализаторлар үдерісті жақсартады, реакция тез уақытта жүреді, негізі табиғи болғандықтан катализатор көп қажет емес, сондықтан оның табиғатқа кері әсері де аз. Ал нитрофенол реакциясы табиғи катализатор негізінде суларды нитрофенолдан тазарту үшін қолданылады. Жалпы қазіргі кезде нитрофенолдан парафенол алу реакциясы темір оксидін пайдалану арқылы жүргізіледі. Қалдықтар көп болғандықтан наноөлшемде катализаторлар алуды қалайды, ал мұның жаңалығы сол – табиғи негіздегі наноөлшемдегі катализатор алу.

Біздің зертханамызда Д.Н.Ақбаева көп жылдар бойы фосфорды зерттеумен айналысады. Оның жобасының бір бөлігі ретінде мен фосфорды тотықтырумен айналыстым. Қазақстанда фосфор өте көп. Қаратау, Шилісай кен орындары бар. Сондықтан фосфордан жаңа заттар алу өте өзекті болып отыр. Тіпті оны қайта өндіретін бастапқы фосфордан көптеген заттар алуға болады. Екінші реакция ретінде сары фосфордан фосфор қышқылын алу үшін тотықтыру немесе гидроксильдеуді алдым. Бірінші реакция не үшін таңдалды? Өйткені нитрофенол өздігінен ластаушы. Ауыр металдар бейорганикалық ластаушы болса, нитрофенол органикалық ластаушы. Ол да ластаушы болғандықтан, оны қауіпсіз бір пішінге келтіру қажет. Мысалы нитрафенолды аминофенолға айналдырдық, ал аминофенол аралық өнім, дәрілік өнімдерді алу үшін, парацетамол, бояғыш заттар, баспаханада, принтер пайдаланатын жоғары технология жасап шығаратын ірі компаниялар пайдаланады. Сондықтан нитрофенол таңдап алынды.

- Зерттеуіңіздің біршама бөлігін Израильде жасап келдіңіз. Ол жақтың материалдық-техникалық базасы қандай екен?

- Менің Қазақстандағы жетекшім профессор Г.А. Сейлханова, ал Израильдегі Бар-Илан Университетіндегі жетекшім Ицхак Мастай – PhD, профессор. Қазақстанда мен фосфор бойынша ғылыми тәжірибелер жасадым, бізде база, ғылыми негіз бар. Ал Израильдегі Бар-Илан университетінде катализаторларды нанопішінде жасадым. Нанобөлшектермен жұмыс істеген өте жақсы, себебі беткі қабаттары көп, катализаторын аз сала отырып, үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады. Осыған байланысты профессор белсенді нанобөлшектерді синтездеуге көмектесті, біз осылайша табиғи затқа енгіздік. Сазға цеолит пен метанитті түрлендірдік.

Израильде докторантураға тапсырарда оқуды бітірген соң тек осы университетте немесе ҒЗИ жұмыс істеуіңіз керек деген шартқа келісіп, басқа жерде жұмыс істемеймін деп қол қояды. Шәкіртақыларына шалқып өмір сүрмесе де, басты қажеттіліктері пәтерақы, азық-түлік пен көңіл көтеру шығындарын толықтай өтей алады. Жас ғалымдарға мүмкіндіктерді көп береді, есесіне талап ете алады. Израильде доктор дәрежесін алу өте салмақты әрі қиын қадам. Тақырыпты қорғап шығуға қойылатын талап өте жоғары. Біздің елде халықаралық журналдарда бір, қазақстандық журналдарда үш ғылыми мақала жазып, жұмыстың ғылыми жаңалығы болса докторлық диссертацияңды қорғай аласың. Ал бұл елде импакт-факторы бар халықаралық ғылыми журналдарда 3 ғылыми мақала шығаруың керек.

Осындай жағдайларды ескере келе, біздің елдің ғылым саласында өзге елдермен бәсекелестік орнатуы оңай болмайтынын байқаймыз. Бірақ біздің осылай шетелдіктермен ғылыми жобаларда тәжірибе алмасуымыздың өзі бізге көптеген мүмкіндіктер беріп отыр.

- Ғылыми жобаңыз бойынша алдағы жоспарыңыз қандай?

- Жобамды өндіріске жіберу үшін алдымен іргелі зерттеулер зертханада жүргізіледі. Біз сынамалы аралықта тұрмыз. Инвестор табуға ниеттіміз. Технологияларды коммерцияландыру жөніндегі мамандар альянсы көптеген жастардың ғылыми жобаларын жүзеге асырып жатыр. Мен де бағымды сынап көргім келеді.

Жалпы қазақстандық өнімдерге шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып жатса, бұл қуанарлық жағдай. Бүгінде ғылыммен айналысушы мамандар өз жобасын әлемге өзі таныстырып, инвесторларды өздері табуы тиіс. Бірақ оған ғалымдардың уақыты бола бермейді. Бизнес пен ғылымды байланыстыратын менеджерлер көбейсе екен деген ойым бар. Өйткені ақша табу үшін ғылыммен айналыссаң, бағытыңнан жаңыласың.

Біздің елде бәрі де жасалып жатыр, бірақ осы процесстер өте жай жүреді. Оған көп ретте қаржы қолбайлау болып отыр. Осыған қарамастан әлем сенен бәсекеге қабілетті болуды, бәріне үлгеруді талап етеді. Қарапайым профессорды алсақ, оның бірнеше жобасы бар, сабақ береді, студенттері бар, өзі ғылыми жетекші, кітап жазады, оқу бағдарламасын құрастырады. Жұмыс өте көп, ал оны жасайтын адам – біреу. Осы ретте ғылыммен айналысушы адамдарға шығармашылықпен айналысуға уақыт берілуі керек.

Әңгімелескен: Арайлым БИМЕНДИЕВА

«« | »»
Соңғы жаңалықтар