Өзектi

ФИЛАМЕНТТІ ШАМНЫҢ ШАРАПАТЫ

30.10.2015

6597

Қуат үнемдеу мақсатында жарықдиодты технологияны барынша жетілдіру қазіргі күні қызу іске асырылып жатыр. Мұндай шамдар біздің өмірімізге дендеп еніп, дәстүрлі лампаларды қолданыстан ығыстыруда. Осыдан бес жыл бұрын елордада «Led System Media» атты жарықдиод зауыты іске қосылған-ды. Жуырда ғана зауыт ауқымы кеңейіп, филаментті шамдар шығаратын тағы бір бөлімі ашылды. Әзірге мұндай өндіріс ТМД құрамына кіретін елдердің ешқайсысында жоқ. Зауыт басшысы Амангелді Таукеновтің айтуынша, алдағы уақытта Астанадағы және еліміздің басқа да өңірлеріндегі ғимараттар филаментті шамдармен жарықтандырылатын болады.

– Амангелді Сағатұлы, әуелі жарықдиодтың пайдасы мен филаментті шамдар жайлы әңгімелесейік.
– Жарықдиод дегеніміз – электр тоғын тікелей жарық сәулесіне айналдыратын құрылғы. Яғни, қарапайым шамдағыдай емес, мұнда тоқ еш ысырапсыз, түгелдей дерлік сәулеленеді. Нәтижесінде энергия үнемделеді. Қызмет ету мерзімі де ұзақ. Галогенді шам – мың сағат, люминесцентті шам 6 мың сағат жұмыс істесе, жарықдиодты өнімдердікі 50 мың сағатқа дейін жетеді. Сондай-ақ, олар төмен вольтты аспап болғандықтан, әлдеқайда қауіпсіз. Филаментті жарықдиод «Chip on glass» технологиясының негізінде құрастырылды. Бұл технологияны әдетте ұялы телефондардың дисплейін жасауда пайдаланатын. Өте кішкентай жарықдиодтарды жасанды сапфирден немесе шынының арнайы сортынан жасалған төсемге орналастырады. Төсем түссіз, мөп-мөлдір. Сондықтан әлгі жарықдиодтар барлық бағытта бірдей жарқырайды.
– Тұрмыста тағы қандай ерекшеліктері бар?
– Біріншіден, жарық беру қасиеті жоғары. Мәселен, 40 ваттық галогенді шамның жарығы мен 4 ваттық филаментті шамның жарығы бірдей. Екіншіден, оның инерциялық қабілеті күшті. Люминесцентті лампаларды қосқанда толықтай жарқырауы үшін 7-8, тіпті, кейде 10 минуттай уақыт керек болса, біздің өнімде ондай кемшілік байқалмайды. Жарықдиодты құралдардың келесі артықшылықтары – сәулелену бұрышы әртүрлі, бағасы арзан, қоршаған ортадағы температураға тәуелсіз әрі экологиялық жағынан таза. Өйткені, сынап, фосфор, ультракүлгін сәуле секілді зиянды заттардан ада.
– Қазақстандық өндірісте тұтастай дайын тауар шығару қаншалықты қолжетімді?
– Біз орындап жатқан технологиялық цикл – аса күрделі процесс. Оған біз Назарбаев Университетімен бірігіп кірістік. Чиптан бастап лампаға дейінгі барлық бөлшектерді өзімізде өндіреміз. Әлемдік нарықты зерттедік, бірақ өнімнің бүкіл комплектациясын бірге шығаратын орталықты әлі кездестірмедік. Көбінесе, зауытта белгілі бір бөлігін жасайды, қалғандарын аутсорсинг арқылы өзге жақтан алдырып, бұйымды үшінші жерде дайындайды. Отандық нарыққа оралайық. Мұнда, бізден бөлек, жарықдиодты өніммен айналысатын 40 шақты кәсіпорын бар. Өкінішке қарай, ол компаниялардың көпшілігі дистрибьюторлық әдіспен құрылған. Әр жерден әкелінген бөлшектерді жинап, логотиптерін жапсырады да, сатылымға жібереді. Олардікін жамандаудан аулақпын. Алайда бұл жағдаятты талдап-таразылай келе түсінгеніміз – барлық өндірістің басын біріктіретін жалпыұлттық талап керек тәрізді.
– Демек, сіздерге дейін республика жұртшылығы импортталған лампаларды ғана тұтынған екен ғой…
– Мен сізге мынадай статистиканы да мысалға келтірейін: жыл сайын Қазақстанға 80 миллиондай лампа сырттан тасымалданады. Олардың 90 пайызы – «Ильичтің лампасы» деп аталатын бұрынғы қызу шамдары. Әйткенмен, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру» туралы заң шыққалы бері осындай салаларға айрықша көңіл бөлінуде. Халық та жарықтандырудың жаңа түріне көше бастады. Қытайлар жылына миллиардтаған долларлық инвестицияны жарықдиодты өндіріске жұмсайды. Оның пайдасын жақсы біледі. Ал соның арқасында қуат көзі едәуір үнемделеді, ауадағы көміртек азаяды. Себебі, жылу-электр стансалары азырақ жұмыс істейді. Мұның бәрі де бірнеше экологиялық мәселелерді шешуге жәрдемдеседі. Филаментті шамдарды шығаруда сол елдің «Рrosperius optoelectronics» атты ірі компаниясымен тізе қостық.
– LED-өнімнің көмегімен Қазақстан «жасыл технологияға» ауысса, бізде де біраз олқылықтар дұрыстала ма?
– Әрине. Біз тұтынатын барлық энергияның 13-19 пайызы жарыққа тиесілі екен. Егер бір жылда пайдаланатын қуатымыз 80 миллиард киловатты құраса, бұл көрсеткіштің 15 пайызға жуығын үнемдей аламыз. Оқу орындарындағы жағдайды түзеуді де жоспарлап отырмыз. Санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес, сыныптағы жарық әр партаға шаққанда люминесцентті лампалардың күшімен 300 люкс, қызу лампаларының күшімен 150 люкс болуы шарт. Дегенмен, көп мектептерде 100 люкстен әрең асады. Бұл көру қабілетіне зиян. Балаларымыздың 9-11 сыныптарда-ақ көзілдірік кие бастайтыны содан. Мұны бір деңіз. Екіншісі – нашар жарықтандырудың кесірінен жанарға қысым түсіп, ауырады. Бөлмедегі шамдарды филаментті лампалар ауыстыру арқылы осындай проблемаларды азайтамыз. Жалпы, мұндай шамдар адам бойындағы ұйқысыздықты жояды, зейінді арттырады, жұмыс істеу қабілетін күшейтеді.
– Білуімше, жарықдиодты шамдардың ауыл шаруашылығы үшін де әсері зор.
– Біздің лампаларды мал және құс өсіретін фермаларда орнатты. Жарықдиодты сәулелену күндізгі табиғи жарыққа ұқсас болғандықтан, мал мен құсқа жағымды ықпал еткен. Олар көбірек жем жеп, сүт пен жұмыртқаны молынан берген. Қарағанды облысындағы жылыжайларды жарықдиодты шамдармен жабдықтағаннан кейін көкөністер тезірек пісіпті. Жарық біркелкі түскендіктен, фотосинтез шапшаң жүрген.
– Зауыттың өндірістік қуаты қанша? Лампалардан басқа тағы қандай аспап шығарасыздар?
– Қол астымда 32 кісі қызмет атқарады. Бөлім санының көбеюіне байланысты жұмысшыларды 70-ке жеткізбекшіміз. Тәулігіне 16 мың филаментті шам жасаймыз. Лампалардан басқа, Екатеринбургтің «Орал механикалық зауытымен» бірлесіп, жарықдиодты бағдаршам өндіреміз.
– Қателеспесем, ЭКСПО көрмесіне орай, лаңкестік әрекеттің алдын алуды көздеп, биылғы жазда жаңа қондырғы ойлап тапқан едіңіздер. Оның функциясын таныстырып кетсеңіз…
– Бұл құрал екі жүйеден тұрады. Ішіне секундына 24 кадрды жазып алатын камера енгізілген. Әлгі камера адамдардың эмоция­сын анықтайды. Егер әлдебіреу күдіктірек көрінсе, детектор тетігі іске қосылады. Жаңағы кісі порталға жақындағанда, детектор оның сөмкесінде не киімінің қалтасында жарылғыш заттың бар-жоғын тексереді. Бұл бағдарламаны қаланың барлық бұрышына қоямыз. ЭКСПО кезінде түрлі туристер қонаққа келеді. Қауіпсіздік мәселесі қашанда маңызды.
– Жарықдиодты шамдардың болашағы туралы болжамыңызбен сөзімізді түйіндейік.
– Келешекте мұндай шамдар барлық тұрғын үйде, ғимаратта, транспортта орнатылады. Автомобиль жолдары мен көшелерде де жарықдиодты өнімдер қолданылар. Дәл осы құбылыс ұлттық масштабтағы энергия ресурстарын үнемдеуге алып келмек.
– Әңгімеңізге рахмет.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Дереккөзі: astana-akshamy.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар