Өзектi

Үшінші ғарышкерін ұшыру арқылы Қазақстан ғарыш саласындағы қадамын нықтай түсті

16.10.2015

7363

Биылғы жылдың еліміз үшін ең бір ерекшелігі - көптен көкейде жүрген арманның бірі - қазақ баласының ғарышқа сапары жүзеге асты. Сөйтіп, ғарышқа ұшуға байланысты алаштың үшінші ұлының үміті ақталды. Негізі әу баста жоспар басқа болатын. Халықаралық ғарыш стансасына саяхат жасамақ болған әнші Сара Брайтман кейін ойынан айнып, оның орнын қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов алмастыруына тура келді.
Әлбетте, босаған орынға отыра салып, көк аспанға бет ала кететін ғарыш сапары әншейін дүние емес. Бұған тыңғылықты, тиянақты ұзақ жылдар бойына жалғасатын әзірлікпен қоса қыруар қаражат та қажет етіледі. Сосын ғарышқа барған адам елге де әлемге де пайдалы белгілі бір бағдарламаларды жүзеге асыру үшін барады. Десе де, бұл жолы басқа емес қазақ баласының бағы жанды. Бұл да болса бір жағынан еліміздің ғарыш саласындағы табысты қадамын айғақтап, екінші жағынан Байқоңыр секілді адам баласының ең алғаш аспанға аттанған айлағының Ұлы даланың кіндігінде орналасуы бұған өз септігін тигізсе керек.

Осылайша, 2 қыркүйек күні Астана уақыты бойынша сағат 10.38-де «Союз-ФГ» зымыран ұшырғышы Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшып шықты. Оның экипажында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавы Андреас Могенсен болды. «Союз ТМА-18М» кемесі 4 қыркүйекте Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті. Ғарыштағы сапары сәтті болған жерлесіміз Айдын Айымбетов өзіне жүктелген миссияны абыроймен атқарып шықты. Ол «Қазғарыштың» ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жүргізді. Микрогравитация барысында микробөлшектердің физикалық ерекшеліктеріне зерттеулер жасады. Аталған шаралар отандық ғалымдардың термоядролық энергетика, медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібі салаларындағы зерттеулерінде кәдеге жарайтын болады.

Сөйтіп, қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, Ресей ғарышкері Геннадий Падалка және Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавы даниялық Андреас Могенсен бар ғарыш кораблінен бөлініп шыққан капсула Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласының оңтүстік шығысындағы 146 шақырымдық қашықтықта Астана уақыты бойынша 12 қыркүйек күнгі таңғы 6 сағат 51 минутта қонған еді.

Бұл тарихи оқиға күллі алаш жұртшылығының қуанышына һәм мақтанышына айналған-ды. Ал бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың қас батырына, алаштың арманын асқақтатқан айбынды ұланына, еліміздің үшінші ғарышкер-ұшқышы Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беріп, оны «Отан» ордені және Алтын Жұлдыз медалімен марапаттады. Осылайша, ұшқыш-ғарышкерлеріміздің қатары ұлтымыздың үш ұланымен толықты: алғашқы қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров, тәуелсіз еліміздің тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Ресей батыры, үш мәрте ғарышқа ұшқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев болса, ағаларының жолын жалғастырған Айдын Айымбетовтің еңбегі де ерлігі де еленді.

Айта кетерлігі, бүгінгi әлемде ғарыш саласы адам қызметiнiң неғұрлым басым және ғылымды қажетсiнетiн аса маңызды салаларының бiрi болып табылады. Ал ғарыш қызметiне қатысу мемлекеттiң әлемдік беделiн ғана емес, оның экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатын бiршама айқындайды. Сондықтан да, соңғы уақытта ғарыш қызметiн дамытуға әлемнiң жетекшi елдерi айтарлықтай күш салып отырғаны байқалады.

Жалпылама алсақ, ғарыш саласы ақпараттық ғасыр дәуірінде аса маңызды салаға айналып отыр. Ғарыш қызметін дамыту технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына ғана емес, экономиканың көптеген салаларына араласа алады. Мәселен, ғарыш қызметі байланыс, ақпараттандыру, геология, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл ғана емес, жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешуде де ғарыштық құралдарды пайдаланудың өзектілігіне мән беріле бастады. Бәсекеге қабілеттілік үшін де ғарыш технологияларын өнеркәсіптік өндіріске енгізу маңызды болып табылады. Әлемдегі ғарыш державаларының қатарына Ресей, АҚШ, Франция, Украина, Қытай, Үндістан, Жапония, және Израиль сияқты елдер кіреді. Сонымен бірге, әлемнің жетекші елдері жаһандық дағдарысқа қарамастан, ғарыштық бағдарламаларды одан әрі дамытуға қыруар қаражат бөле бастады. Осының өзі бір жағынан ғарыш саласына жұмсалатын қаражаттың қайтарымы бірнеше есе артық болатынын дәлелдесе керек.

Қазақстан үшін де елдің ілгері дамуы тұрғысынан ғарыш саласының стратегиялық мәні аса жоғары. Сондықтан да, ғарыш саласына қатысты Индустрияландыру картасына төрт ірі жобаны іске асыру көзделген. Олар: «KazSat» байланыс және ақпарат тарату жүйесін құру; Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру; «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру; Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру. Бүгінгі таңда осы ауқымды әрі маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, қазіргі күні Қазақстанда «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттарының топтамасы құрылып, еліміз «KazSat» спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесінің толыққанды иесі атанды. Оның құрамына ғарыш аппараттарын жерден басқару кешені мен байланысты бақылау жүйесі - «Ақкөл» ғарыш байланысының орталығы және Алматы қаласы маңындағы қосымша жерден басқару кешені - «Көктерек» ғарыш байланысының орталығы кіреді.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та ғарыш саласының ел келешегі үшін үлкен рөл атқаратынына бұған дейін де талай назар аудартқан.

«Қазақстан ғарышқа ғарышкерлер ұшырып отырған әлемдегі санаулы елдердің бірі. Әлемде 200 мемлекет болса, тек солардың арасында осындай мүмкіндікке қол жеткізген ел саусақпен санарлық. Жерімізде орналасқан «Байқоңыр» ғарыш кешені бізге осындай мүмкіндіктер береді. Ресей Федерациясымен бірлесе отырып, біз бұл мүмкіндіктерді пайдаланып келеміз. Біз ғарышқа үш ғарышкер ұшырдық. Тоқтар, Талғат, енді, міне Айдын ұшып, аман-есен ортамызға оралды. Бұл - үлкен оқиға», - деп атап өткен еді Елбасы ғарышкерді қарсы алу шарасында. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапарында жай ғана ұшып қоймағанын, берілген ғылыми тапсырманы орындағанын айтып, оның еліміз үшін де аса қажет екеніне маңыз берді. Өз кезегінде Айдын Айымбетов: «қазақстандық зерттеулердің ғылыми бағдарламасы орындалды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің басшылығыңызбен біздің еліміз алға жылжып келеді. Ғарыштық қызмет саласы да дамудың үстінде», - деп мәлімдеген болатын.

Ал бүгінгі Ақордадағы шараға келсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Отан» орденімен марапаттады. «Біз бүгін халқымыздың батыр ұлы, Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті марапаттауға жиналдық. Өткен айда ол Қазақстанның ғарыштық бағдарламасы аясында Халықаралық ғарыш стансасында 10 күндік сапарға барып қайтты. Осы күндердегі 17 млн. Қазақстан халқының барлығы бұл шараға қарап, Айдынға тілектес болып отырды. Ел тілегі қабыл болып, ол алыс сапардан абыроймен оралды. Бұл сапар еліміздің биік мәртебесі мен ең асқақ белестердің өзін бағындыра алатын мақсаткерлігін көрсетті. Бүгін мен Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беру және «Отан» ордені мен тиісті Алтын Жұлдыз медалімен марапаттауды ұйғардым. Ол Жарлыққа қол қойылды», - деді Елбасы.

Осылайша, Президент Айдын Айымбетовті «Халық қаһарманы» атағымен, ал барша қазақстандықтарды жаңа батырымен құттықтады. «Мен «Қазақстан жолы» кітабымда еліміздің Тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталды деп айтқан болатынмын. Біз 1991 жылы тамызда Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі 2 айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды», - деді Елбасы. Айта кетерлігі, әлемде өз ұлтының 3 немесе одан да көп перзенті ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар екен. Міне, соның қатарына Қазақстан да қосылып отыр. «Біздің батыр ғарышкерлеріміздің ізбасарлары әлі талай көк жүзіне аттанатын болады. Біздің Мәңгілік еліміз ғарыштың шексіз мәңгілік кеңістігіндегі ең жарық жұлдызы. Ол жыл өткен сайын жарқырап, жайнай береді деп сенеміз», - деді Н.Назарбаев.

Өз кезегінде Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарышта болып келген Мемлекеттік Туды табыстады. «Аса мәртебелі Елбасы! Мен сіздің тапсырмаңызбен ғарышқа сапар шегіп, оралдым. Маған және еліміздің ғарыш саласына жасаған зор қамқорлығыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Еліме адал қызмет етемін. Біздің ұшуларымыз кезінде Халықаралық ғарыш стансасының бортында Қазақстан Респубилкасының мемлекеттік туы да болды. Ол біздің Жер шарымызды 150-ден астам рет айналып ұшты. Бүгін осы туды мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі көшбасшысы Сізге табыс етуге рұқсат етіңіз», - деді марапаттау рәсімінде А.Айымбетов.

Айта кетерлігі, бұған дейін ғарышқа сапарында Талғат Мұсабаев та Мемлекеттік Туды өзімен бірге алып ұшқан болатын. Ол да осындай ретпен Қазақстан Президентіне Туды үш рет тапсырып еді. Ал Көк Туды Айдын Айымбетов ғарышқа төртінші рет апарып келді.

Ғарышкердің қолынан еліміздің Мемлекеттік туын алған Елбасы: «Барлық табыстарың құтты болсын! Біздің ғарышкерлеріміз енді үшеу болды. Әлі де көбейе береді деп сенеміз. Болашағымыз әр уақытта да ғарыштың биігіндей болсын! Біздің көк байрағымыз сонау ғарышқа барып, Жерді айналып келгені бізді желеп-жебеп, қолдап жүрсін! Бүкіл ғаламның күші, ғаламның қасиеті Қазақстанда болсын! Құттықтаймын!», - деген тілегін білдірді.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар