Үздік жұмыстар жинағы

ТІЛДЕГІ ҚАРАМА-ҚАРСЫ МӘНДІ ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ БОЛМЫСЫ
Тақырыбы: 

ӘОЖ 81’23

ЖИРЕНОВ САЯН АМАНЖОЛҰЛЫ – Абай атындағы ҚазҰПУ-нің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты (Қазақстан, Алматы)

ТІЛДЕГІ ҚАРАМА-ҚАРСЫ МӘНДІ ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ БОЛМЫСЫ

Кілт сөздер: лексика, антиномия, антитеза, антифразис, антоним, антонимия, когнитология, концепт, поэтика, т.б.

Тілдің лексикалық қабаты тіл табиғатының басым бөлігін құрайды. Тілдегі лексикалық жүйесі күрделі тілдік құбылысты өз бойына жинақтаған мың қатпарлы әлем болып табылады. Тіл біліміндегі «лексика» дегеніміз грекше «лексикос» – «сөз» дегенді білдіретін, тілдегі сөздердің жалпы жиынтығы деген ұғымды білдіреді. Лексика дегеніміз кей жағдайда жекелеген тілдік тұлғалардың (ақын-жазушылардың шығармаларында) сөз саптау мәнерінде қолданылатын сөздер жиынтығы деген ұғымда қолданыла беруі заңды құбылыс. Жалпы тіл білімі теориясының тезіне салатұғын болсақ лексикалық қабатты зерттейтін тіл білімінің арнайы саласы лексикология – жалпы лексикология (жалпы /адамзаттық немесе халықтық болуы да мүмкін/ лексикология) және жеке лексикология (белгілі бір ұлт тілінің лексикалық жүйесін ғана зерттейді) болып бөлінеді. Жалпы лексикологияның теориялық заңдылықтары жеке лексикологияның практикасында қолданылғанымен, жеке лексикологияның ішкі мазмұнына (формасына) сәйкес өз заңдылықтары болатындығы сөзсіз. Яғни, «қазақ лексикологиясы қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің осы заманғы даму қалпын, мағыналық жеке құрамдық түрлерін, тарихи арналары мен қат-қабаттарын, баю жолдарын, сөздердің экспрессивті-стилистикалық мәнін, қолданылу аясын қарастырады. Сөйтіп, қазақ лексикологиясының қазіргі жайымен бірге (синхрониялық күйі: гр. syn бірге, chronos уақыт) оның тарихи қалыптасу жайынан да (диахрониялық күйімен: гр. dia арқылы, chronos уақыт) мәлімет береді» [1, 62 б].
Тілдегі лексикалық жүйенің болмысын тану үшін оның жекелеген ұсақ құрылымдарының (микроэлементтерін: сөздік қор, сөздік құрам, сөз және мағына, сөз және ұғым, синоним, омоним, антоним, неологизмдер, т.б.) табиғатын тану арқылы тұтастай лексикалық жүйенің мазмұнын тануға болады. Тілдің лексикалық қабатының біраз бөлігін антонимдік бірліктер құрайды. Антоним сөздер лексикалық жүйеден үлен орын алады. Тілдегі антонимдік бірліктер сөздік жүйеден ғана орын алып қоймайды, олар сонымен қатар адамның ойлау жүйесі мен танымдық әлемінен орын алатын күрделі лингвокогнитивтік категория. Тілдегі антонимдер дүниедегі заттар мен құбылыстардың әр-алуан сындық сапасын өзара бір-бірімен салыстырып қарау арқылы оларды біріне-бірін қарсы қоюдың нәтижесінде туындағандығы белгілі. «Сонда антоним дегеніміз мағынасы бір-біріне қарама-қарсы сөздер болып шығады. Антонимдер өзара алшақ қарама-қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз табына қатысы нақ бірдей емес, ала-құла деген сөз. Бір сөз табы антонимге соншама бай да, енді біреулері соншалықты кедей, не болмаса тіпті кездеспеуі де ғажап емес. Қазақ тілінде антонимдер көбіне-көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды-көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан жасалған антонимдер тым тапшы» [1, 118 б]. Яғни, тілдегі антонимдердің сөз таптарының құрамына енуі мен тілдік қолданыстағы актив және пассив қасиетін тілдің логикалық, психикалық, когнитивтік жүйеге қатынасымен байланыстыруға болады. Тіпті оның ар жағында лингвистикалық жүйеден бұрын үлкен философиялық заңдылықтардың жатқандығымен өзара байланыстыру қажет.
Тілдегі антонимдер қарама-қарсы мәндегі сөздерді білдіру барысында алуан түрлі стилистикалық, поэтикалық, логикалық мазмұнға ие болады. Жалпы тілдегі қарама-қарсы мәнді ұғымды білдіруде антиномия, антитеза, антифразис, антоним, антонимия секілді тілдік бірліктер қатысады. Аталған бірліктердің қарама-қарсы мағыналық ұғымды білдіруге қызмет еткенімен олардың әрбіреуінің мағыналық реңкі, тілдік қолданысы, стилистикалық сипаты, танымдық қызметі әркелкі болады. Қарама-қарсы ұғымды білдіретін бірліктердің жалпы мазмұны екі үлкен құбылысты салыстырудың нәтижесіндегі өзара қарама-қарсылықты білдіру болса, жеке қызметі көрсетілген құбылыстардың өзіндік мазмұнын айшықтауда мағыналық реңкі мен логикалық мазмұны жағынан ерекшелене түседі.
Жалпы тілдегі антонимдер немесе қарама-қарсы мәнді білдіретін тілдік бірліктер екеуара қарама-қарсы құбылыстарды біріне-бірін салыстыру, өзара шендестіру арқылы поэтикалық пәрмені күшті стилдік бояма мағына тудырады. Осы жағынан келгенде қарама-қарсы мәнділікті білдіретін тілдік бірліктер көбіне көп мақал-мәтелдерде, қарама-қайшы ойды білдіретін поэтикалық образды сөздермен жыр жолдарында жиі кездеседі. Тілдің лексикалық қабатындағы «антиномия дегеніміз (грек. аnti қарсы, nomos заң) – логикалық түрде дәлелденіп қабылдана тұра, бірін-бірі жоққа шығаратын екі заңдылықтың қарама-қайшылығы» дегенді білдіреді [2, 24 б]. Антиномия құбылысы көбіне көп сөйлеу мен тілдің арасындағы қайшылық кезінде көрінетіндігі лингвистикалық тұжырым болса, оның көзге анық көрінетін тұсы мақал-мәтелдердегі бірінде айтылған ойды екінші бірінің жоққа шығаратындығы немесе қарсы уәж ретінде қолданылатындығынан көруге болады. Мысалы: ¤Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без; ¤Жиен ел болмас, желке ас болмас, деген нақылдарды теріске шығаратын немесе оларға қарсы уәж ретінде қолданылатын ¤Әке тұрып ұл сөйлегені ержеткені болар, шеше тұрып қыз сөйлегені бойжеткені болар; ¤Жиен неге ел болмайды жайлы болса, желке неге ас болмайды майлы болса деген даналық дақылдарын жатқызуға болады. Аталған даналық дақылдарын сөз қуғандық не ой теке-тірескендік немесе «сөз тапқанға қолқа жоқ» деп бағалауға келмейді. Керісінше орынды уәж, түйінді тоқтам дегенге келеді. Аталған нақылдардың мағынасы «ойлы адамға» ешбір түсініктемені қажет етпейтін аксиома. Мұнда негізінен сөз жүйесіндегі антиномия құбылысындағы біріне-бірі жүйелі түрде тойтарыс беретін логикалық тапқырлық, танымдық жүйенің шексіздігі ретінде қарау қажет. Антиномия құбылысы қазақ тілінде жиі кездесетін тілдік құбылыстардың қатарына жатқызуға болады. Өйткені, қазақ халқы «барымтаға қарымтаны» уақытында қайыра білуді жөн санайтын, «темірді қызғанда» соға білетін, «сөз қадірін, өз қадірі» ретінде бағалайтын, «ұрымтал тұста, ұтымды ұра білетін» дегдар халық екендігі арғы-бергі тарихтан белгілі. Әлбетте бұл жерде «аталы сөзге ақымақ қана тоқтамайды», ал жөн білетін жол білетін адамдар жүйелі сөзге жүгіне білген. Ал тілдің лексикалық қабатындағы антиномия процесі сөзден маржан терген қазақ халқының сөздік қорында, күнделікті тілдік қолданысында, мақал-мәтелдерде, ақындар айтысында жиі кездесетін тілдік құбылыс. Яғни, антиномия дегеніміз адам ойының ұшқырлығы мен танымдық механизмдерінің сөз жүйесін түзуге қатысатын өзара қайшылықтан тұратын процесс деуге болады.
Тілдегі қарама-қарсылық ұғымын білдіруге антитеза құбылысыда қатыса алады. Ал, «антитеза дегеніміз (грек. аntithesis қарама-қайшы) – шендестіру, сөздің мәнерлілігін күшейту мақсатында ұғымдар мен бейнелерді бір-біріне қарама-қарсы қойып қолданудан туған стилистикалық құрылымдар» болып табылады [2, 24 б]. Тілдегі антитеза құбылысы екеуара зат пен құбылысты өзара бір-бірімен шендестіру арқылы, кез-келген құбылыстың екіжақты сипаты болатындығы адам санасындағы таразыға түсудің нәтижесінде (таным талқысына), тілдегі антитезалар поэтикалық образды сөздермен берілуі қазақ тілінде жиі кездеседі. Мысалы: ¤Қорлық өмірден ерлік өлім артық; ¤Өлі арыстаннан тірі тышқан артық; ¤Ұлық болсаң, кішік бол; ¤Түстік өмірің болса, кештік мал жи; ¤Бестің басы болғанша, Алтының аяғы бол; ¤Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле секілді мақал-мәтелдердің мазмұнына көз жүгірте келе, адам санасындағы екі үлкен құбылысты тіл арқылы қатар қоюдың нәтижесінде, дүниедегі қарама-қайшы құбылыстардың қатар жүретіндігін көруге болады. Аталған тілдік деректердегі қорлық пен ерлік, өлі мен тірі, ұлық пен кішік, түстік пен кештік, басы мен аяғы, өлім мен өмір секілді құбылыстар паремеологизмдерге тірек болу арқылы бейнелі-стилистикалық сипатқа ие болған. Сонымен қатар тілдік деректердегі қарама-қайшы құбылыстар өмірдің өзінен алынған күнделікті тұрмыстық өмірде жиі кездесетін дүниеауи процестер болып табылыды. Яғни, антитезалық дүние бейнесінің өзегін «тіл мен таным» біртұтастығы құрайды. Сондықтан да этногенетикалық тілдік қауымдастықтың танымдық, поэтикалық, тағылымдық-тәлімдік, этикалық-нормативтік, аксиологиялық-бағалауыштық, практикалық іс-әрекеттерінің нәтижелері антитезалық дүние бейнесінде типтік жағдаяттардың көрнекі яки суретті атаулары, бейнелі сипаттамасы поэтикалық образды сөздер (мақал-мәтелдер) түрінде таңбаланады, тілдік жүйеде берік орнығады, бекиді, сақталады және келер ұрпаққа «медалдың екі жағы болатыны» секілді аталы сөз ретінде табысталады.
Тілдегі қарсы мәнді білдіретін сөздер тобына антифразисті жатқызуға болады. «Антифразис (грек. аnti қарсы, phzasis ойды білдіру) – 1) эвфемизм д.м.; 2) кері мағынасында қолданылған сөздерден тұратын троптың» бір түрі [2, 24 б]. Тілдегі антифразистік бірліктер сөздік қордан тұрақты орын тауып, тілдік қолданыстағы жағдаятқа қатысты белсенді қызмет атқаратын астарлы мағынадағы қарсы ойды білдіретін бейнелі сөздерден жасалған лексикалық құбылыс. Мұндай лексикалық бірліктер қарсы ойды жеткізудің поэтикалық құралы болып табылады. Ал қарсы ойды жеткізудегі лексикалық жүйенің ерекшелігін сарапқа салатын болсақ, тіл құбылысындағы фактілердің адам ойының ұшқырлығымен ұштасатындығы байқалады. Бұл этнос тілінің ішкі даму заңдылығында үнемі жиі кездесетін, этнос табиғатының өзіндік ерекшелігін көрсететін табиғи құбылыс. Жалпы тілдегі бар лексикалық құбылыстар қоғам өмірімен тығыз байланысты болып келеді.
Жалпы тілдегі қарама-қарсы мәнді лексикалық бірліктердің басында антонимдердің тұратындығы даусыз. Ал қарама-қарсылықты мәннің мазмұнын жетілдіруші лексикалық бірліктерді (антиномия, антитеза, антифразис, антонимия) антонимдердің мазмұнын жетілдіруші категориялар санатына жатқызуға болады. Себебі, ондағы тілдік бірліктер «қарама-қарсылық» атты логика-философиялық ұғымның мазмұнын жетілдіруге қатысатын семантикалық өрістің мүшелері екендігін аңғаруға болады.
Антонимдер тіл білімінде көптен бері және жан-жақты сөз етіліп келе жатқан мәселелердің бірі дей тұрғанымен, антоним ұғымына қатысты берілген және осы күнге дейін беріліп келе жатқан алуан түрлі анықтамалар мен ой-тұжырымдар, біріншіден, антонимдердің табиғатын әлі де толық танылып болмағанына көз жеткізсе, екіншіден, бұл оның күрделі де сан қырлы лингвокогнитивтік құбылыс екендігін көрсетеді. Қазақ тіліндегі антонимдердің теориялық сипатымен қатар, олардың мағыналық мазмұнын топтастыруға қатысты екі көзқарас бұл күндері жарыса өмір сүруде. Олардың біріншісі, Ж.Мусиннің пікірі бойынша антноимдік жұптарға қатысты ұғымдардың белгілі бір логикалық қатарындағы қарама-қарсылығына бағытталған тіл бірліктерінің қарама-қарсылығы антонимдік жұпты көрсетеді, яғни диалектикалық логикада сыйыспайтын ұғымдар (несовместимые понятия) категориясы бар. Оған: 1. Қайшылықты ұғымдар жатады. Оларды шартты түрде А – А емес, Б – Б емес деп белгілейді. Мысалы: үлкен-үлкен емес, жер-жер емес, сулы-сусыз (сулы емес), малды-малсыз (малды емес), айт-айтпа. Бұларды автор болымсыздық категория деп санайды. 2. Қарама-қарсы ұғымдар. Мұндағы қарама-қарсы ұғымдар белгілі бір логикалық қатардың ең шеткі екі мүшесі болып табылады, олардың арасында үшінші бір аралық мүше болуы мүмкін. Бұларды шартты түрде А – А емес Б, Б – Б емес С деп белгілейді. Мысалы: жақсы – жақсы емес – жаман, шикі – дүмбілез – пісі, алда – ортада – артта. Бұларды антонимдер немесе антонимдік категория деп көрсетсе [3, 5 б], екіншісі, А.Жұмабекованың пікірінше антонимдерді логикалық, грамматикалық, психолингвистикалық қатынастарға негізделген әмбебап процесс ретінде топтастыру жүйесі қалыптасқан. Ғалымның пікірінше, антонимдерді тек логикалық тұрғыда зерттеу жеткіліксіз, оларды сонымен бірге философиялық, психологиялық, лингвистикалық факторларды ұштастыра отырып, кешенді түрде зерттеу қажет. Осы бағытты кешенді түрде зерттеу барысында ғалым Н.С.Трубецкойдың «Основы фонологии» зерттеу жұмысында қарастырылған оппозиция әдісін басшылыққа алады. Аталған әдіске сүйене отырып зерттеуші қазақ тіліндегі антонимдерді градуалды, привативті және эквиполентті оппозиция деп бөледі.
Градуалды (басқышты, сатылы) оппозициялардың (ГО) мүшелері белгілі бір қасиеттің, сапаның ең ақырғы шекке дейінгі дәрежесін білдіреді. Олардың арасында мағыналарды дәнекерлейтін тағы бір компонент (сөз) болуы мүмкін. Бұл аралық мүше қасиет-сапаның өлшемдік шкаласының дәл ортасында орналасып, сапа белгісінің қарама-қарсы полюстерінің аралығындағы қалыпты жағдайды білдіреді (үлкен – орташа – кішкентай, ескі – көнетоз – жаңа (киім), кеше – бүгін – ертең).
Привативті оппозициялар (ПО) мүшелерінің түр-сипаттық ұғымдық көлемі бірдей, бірін-бірі жоққа шығарады, бірақ олардың арасында аралық элемент болмайды. Мысалы, бар-жоқ, жанды-жансыз, таныс-бейтаныс.
Эквиполентті оппозициялар (ЭО) іс-әрекеттің, жағдайдың тепе-тең қарама-қарсы бағытталатындығын білдіреді. Мысалы, кіру-шығу, қашу-қуу, қуану-ренжу т.б.
Зерттеуші сонымен қатар қазақ тілінде басқа да көптеген бір-біріне антоним болмайтын лексикалық бірліктердің мәтін ішінде қарама-қарсы қойылып, контекстуалды антонимдер жасайтынын, бірақ бұл мәселе әлі жете қарастырылмағандығын айтады [4, 15-24 б]. Сонымен қатар тілдегі антонимдердің табиғатымен олардың мазмұнын тануға қатысты профессор Б.Сағындықұлы мынадай пікір білдіреді: «Егер зат пен құбылыстың белгілі бір сапасы екінші бір заттың сапасы мен белгісіне қарама-қарсы келмеген болса, тілде қарама-қарсы мағына беретін антонимдер пайда болмас еді. Мысалы, ақиқат өмірде ұзын зат пен қысқа зат кезікпесе, ұзын-қысқа жұбы бір-біріне қарсы қойылмайды. Демек, сөз мағыналарының қарама-қарсы болуы олардың семантикалық қасиеттерінен шықпайды, ол – объективті қарама-қарсылықтың тілдегі көрінісі ғана. Екінші жағынан адамзаттың әлеуметтік-мәдени түсінігін, сенімін, көзқарастарын ескеретін болсақ, қарама-қарсы қою белгілі дәрежеде сананың да жемісі. Адамзат зат пен құбылысты бірте-бірте сатымалап таниды. Мысалы, бал мен у табиғатында бірін-бірі жоққа шығаратын заттар емес. Адам баласы ең алдымен олардың сапалық қасиетін түсінген. Әрқайсысы әр түрлі әсер еткендіктен әр түрлі бағаланған: ащы-тұщы, жақсы-жаман, пайдалы-зиянды, т.б. Олай болса, антонимдердің негізі – тікелей объективті және субъективті-прагматикалық (бейнелік) қарама-қарсылық. Шығу тегіне, пайда болу сипатына қарай антонимдер: 1) объективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер, 2) субъективті-прагматикалық қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер болып үлкен екі топқа бөлінеді» [5, 323 б] – деген пікірінің мазмұны жоғары салмағы басым екендігін мойындауға болады. Мұндағы ғалымның бөле жарып көрсетіп отырған объективті антонимдер және субъективті-прагматикалық антонимдер деп отырғандарының мазмұын ғалым былайшы түсіндіреді: «Ақиқат өмірден алынып, тікелей қарама-қарсы қойылатын лексикалық мағыналар объективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер» деп аталса, «адам санасында жанама, бейнелі түрде қарама-қарсы қойылатын лексикалық мағыналар субъективті-прагматикалық қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер» деп аталады [5, 324 б]. Яғни, антонимдердің табиғатын тану барысында тілдің лексикалық жүйесіндегі қарама-қарсылықтың бірсыпырасы ақиқат өмірден алынса, енді бірсыпырасы адам ойының нәтижесінде туындаған қарама-қарсылық екендігін көруге болады. Аталған екі жақты қарама-қарсылық жеке дара қалыптаспайтындығы анық. Сөз олардың арасында «табиғат пен адам», «адам-табиғат-тіл» атты категориялардың қатысы бар. Ал ол жердегі «адам-табиғат-тіл» қатынасына танымдық процестің қатысатынын байқауға болады. Тілдегі орныққан лексикалық бірліктер немесе концептілік категориялардың қалыптасуына ой, сана, ұғым (семантикалық үшбұрыш) секілді бірліктердің қатысуынан тілдік категориялардың (антонимдер) жарыққа шығуы заңды құбылыс. Яғни, когнитивтік антонимдерде объективті және субъективті-прагматикалық қарама-қарсылықтарды категориялық кеңістіктерге бөлшектеу адамның қоршаған дүниені когнитивтік механизмдер (танымдық тетіктер) арқылы қабылдау, сезіну, көру, есту, иіс сезу, түйсіну процестері менталды деңгейде сараланып, танымдық талқының нәтижесінде санада өңделеді де: ғалам бейнесі–ғаламның тілдік бейнесі–ғаламның қарсы мәнді бейнесі секілді когнитивтік категориялар туындау арқылы адам санасында олар концептілер (ақ-қара, жақсы-жаман, өлім-өмір, т.б.) түрінде қалыптасады.
Тілдегі қарсы мәнді лексикалық бірліктердің мағыналық-мазмұнының ар жағында когнитивтік процесстің жатқандығын көруге болады. Өмірдегі қарама-қарсы жұптар тілде антонимдік категориялар ретінде жарыққа шықса, бастапқыда олар адам үшін тілтанымдық ақпарат болғандығы ақиқат. Осы жағынан келгенде бастапқы «ақпаратты қабылдайтын да, оның мәнін саралайтын да – адамның миы. Ақпараттың ашылу процесі мен нәтижесі сана арқылы іске асады, ол идеалдық, бейматериалды мәнділік болып табылады. Адам санасына түскен ақпаратты түгелдей өңдеу мақсат емес, керісінше, маңызы төмен басы артық ақпараттар алынып тасталады. «Таза» ақпаратта априори мағына болмайды. Ақпарат мағынаға айналу үшін уәждемелік мәртебеге ие болуы керек. Когнитивтік лингвистикада ақпарат менталдық ақпарат және концептуалдық ақпарат түрлеріне жіктеледі.
Адамзат қоғамы айналымындағы ақпарат сана-сезімнің өнімі (продукт) ретінде түсініледі. Ақпараттың екі түрін атауға болады: 1. бізге қоршаған ортаны көрсететін ақпарат; 2. адамның өзі алғашқы көзі болатын ақпарат. Табиғи ақпарат объективті сипатта болып келеді және оны біреудің қабылдауына немесе қабылдамауына байланысты болмайды» [6, 12 б]. Яғни, тілдегі антонимдердің қалыптасуының ар жағында өмірдің өзінен алынған немесе ақиқат әлемдегі танымдық ақпараттардың мазмұнына көз жүгіртудің нәтижесінде жекелеген тілдік категориялардың туындағандығын көруге болады. Танымдық процестер арқылы танылған зат пен құбылысты тіл арқылы суреттегеннен кейін белгілі бір атқа телінген (номинацияланған//таңбаланған) дүние адамның тілтанымдық құралына айналып жүре беретіндігін көруге болады. Тілдегі антоним деп таныған бірліктің өзінде атау берудің жатқандығын байқауға болады. Демек, «антонимдер дегеніміз (грек. anti қарсы, onyma ат, атау) орыс. антонимы – өздеріне тән сапалық белгілерін сақтап, бір-біріне қарама-қарсы мағынада қолданылатын сөздер. Антонимдерге бір-біріне қарама-қарсы мағынадағы өзара шартты қарым-қатынастағы сөздер (пайда-зиян, биік-аласа, ащы-тұщы, ыстық-суық), қимыл-әрекеттің қарама-қарсы бағытын білдіретін сөздер (ашу-жабу, айрылу-қосылу, бату-шығу) жатады» [2, 24-25 б].
Тілдегі қарама-қарсылық ойдағы қарама-қайшылықтан туындайды. Ойдағы ақ пен қараға, өмір мен өлімге, жақсы мен жаманға, алыс пен жақынға, батыс пен шығысқа, үлкен мен кішіге қатысты қарама-қайшылықтар тілде антонимдер ретінде көрініс табады. Сонымен қатар нақты антонимдік сипаты жоқ бірақ ой қарсылығын көрсететін қарама-қарсы мәнді тілдік бірліктер де болады. Оларды жалпы антонимдердің құрамына немесе қарама-қарсы мәнді сөздердің құрамына жатқызуға болады. Яғни, ондағы қандай да бір ой қайшылығының тұрғандығы, тілдік қолданыста қалай болмасын сөз қарсылығына әкеледі. Демек, осы арадан қарама-қарсы мәнді тілдік бірліктердің қолданысқа түскендігі қарсы мәнді лексикалық бірліктердің туындауына ықпал етеді.
Адам ойындағы қайшылықты тілдегі қарама-қарсы мәнді тілдік бірліктер деп қана қарауға болмайды, оның ар жағында үлкен когнитивтік, психологиялық қала берді философиялық элементтердің қатысатындығын байқауға болады. Мәселен, өмірсіз өлімнің, ақсыз қараның, жақсысыз жаманның, ұзынсыз қысқаның, жансыз тәннің болмайтындығы аталған бірліктердің өзара бір-бірімен байланыста болатындығы, бірінсіз бірі өмір сүрмейтіндігі жалпы философиялық заңдылық болып табылады. Аталған бірліктер тіл үшін психологиялық, когнитивтік аспектілерде белгілі бір ситуацияға сәйкес жағдаяттық сипатта тілден орын алады. Яғни, аталған антонимдік бірліктер логикалық бір қатардың қарама-қарсы екі элементі ретінде саналып, бір құбылыстың бойындағы табиғи сапасын жоққа шығара тұра, сонымен қатар екінші сыңарын немесе жұбын қажет ететін, бірінсіз-бірі өмір сүрмейтін бірі екінші сыңарын қажет етіп тұратын қасиеттер болады. Антонимдердің философиялық мазмұнын қытай пәлсапасындағы (конфуций іліміндегі) «инь» мен «янның» жұбы немесе «еркек пен әйелдің» жұбы секілді бинарлық жұптасуға әкелгенінің мазмұнының тереңінен іздестіруге болады.
Адамзат жаратылысы тарихындағы іргелі ұғым-түсініктердің санатына «еркек-әйел» оппозициясы жатады. Ертедегі еңбектің жыныстық ерекшелікке қарай бөлінісі еркектің асыраушы (аңшы т.б.) ретінде күнделікті тұрмыста үстемдікке ие болып, абсолютті тұлға ретінде орнығуына жағдай жасады. Ерлердің қызметі табиғатпен бірге әйелді де бағындырды. Олар әйелдерді өздерінің жартысы (жары) деп танып, оны өздерін толықтыратын екінші «мені» ретінде ғана мойындады, ол ұғым прецедентті мәтіндерде дәйектелді. Философтардың пайымдауынша, осылайша әлеуметтік прогресстің дамуы жыныстық теңсіздікке апарып соқты. Әйел табиғатын тек бала туу қызметіне негіздеу дәстүрі және осы орайда оны толық емес, «арнайы қызметі бар ғана жартыкеш адам» деп тану Томас Аквинат, М.Монтень, Э.Роттердамский, Г.Спенсер және сонымен бірге өзге құндылықтағы басымдылықтарды насихаттайтын иррационалды бағыттың өкілдерінде кездеседі.
Ал әйел болмысының мәнін А.Шопенгауэр жыныстық махаббат аясында қарастырады. Ол екі жыныс та ұрпақ жалғастыру ісіне тең дәрежеде қатысады деп есептейді. Алайда нақты жеке тұлғаны дүниеге әкелу жауапкершілігі әйелде екенін атап өтеді. Оның пікірінше, тектік (родовой) инстинкт еркектерде көлденең, ал әйелдерде тереңге бағытталған. Шопенгауэр ер адамдардың тұрақсыздыққа, ал әйелдердің тұрақтылыққа бейім екенін осымен түсіндіреді. Ол әйелдік қабылдау – интуитивті-иррационалды, ал еркектікі – мәнді, ақиқат шындықтың құбылыстарын рационалды ұғыну деп түсінеді. Әйелдердің міндеті жыныстық инстинктімен тікелей байланысты болғандықтан, олар жалпыадамзаттық мүддені көбірек білдіреді. Бұл – еркектердің табиғи қасиеті – жеке-даралық, ал әйелдердің табиғи белгісі – ұжымдық және тобырлық инстинкт дегенді білдіреді. Философтың пікірінше, табиғи қасиеттеріне сәйкес ерлер өзін қоршаған барлық құбылыстардың мәнін түсіну арқылы оларды өзіне бағындырғысы келсе, әйелдер өздерінің табиғи міндеттеріне орай ерлердің өзіне ие болуға ұмтылады [7, с.195].
Ал Ф.Ницшенің пайымдауынша, әйелдік бастау ерлер арасында бір кездері басым болған және ол қазіргі заманғы құндылықтардың жасалуына негіз болған. Неміс ойшылы «еркектік» пен «әйелдікті» өзгермейтін қарама-қарсылықтар ретінде емес, адамның бір-бірін толықтыратын қырлары деп таниды. Оның ойынша, әрбір адам бойында анасынан дарыған әйел бейнесі бар, ол әйел затын құрметтей ме, жек көре ме, жоқ әлде мүлде немқұрайды қарай ма, осыған байланысты [8, с.320]. Ф.Ницше ақыл-ес – әйелдің басымдылығы, ал ерлерге ішкі уайым мен құштарлық тереңдігі тән, осы шығармашылыққа шексіз құштарлығы арқасында ерлер өздерінің әйелге қарағанда кемеліне азырақ жетпеген ақыл-парасатын қолдана алады деп есептейді [8, с.421].
Ал теологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ Адам Ата мен Хауа Ананы жаратқан Құдай (Адам Атаның ұрпағы Әбіл мен Қабылдың қарсыласуы), күн мен түнді, жан мен тәнді жаратуының тереңі тіл арқылы жарыққа шыққандығының өзінде лингвофилософиялық, лингвокогнитивтік, психолингвистикалық элементтердің қылаң беретіндігін байқауға болады. Осының өзінде Құдайдың жаратқан «саналы хайуанының» яғни «Адамның» тұла бойы қарама-қарсылықтардан немесе өзара жұптасудан тұратындығын көруге болады. Бұл жердегі адам бойындағы қарама-қарсылық «сыртқы және ішкі» қайшылықтардан тұратындығын көруге болады. Сыртқы қарама-қайшылыққа адамның сыртқы тұрпатымен қатар дүниедегі көзге көрінетін конкретті қарама-қайшы құбылыстарды жатқызуға болады. Мәселен, адам бойындағы оң көзі мен сол көзі, көзінің ағы мен қарасы, оң иықтағы періште мен сол иықтағы періштенің мәңгілік текетіресі, оң қадам мен сол қадам, ұзын бой мен қысқа бой, адам бойындағы семіздік пен арықтық, жан тыныштығы мен тәннің саулығы, батыс пен шығыстың қақтығысы, оңтүстік пен солтүстік секілді көптеген табиғи сапалық құбылыстар тілдегі антонимдік жұптардың қалыптасуына қандайда бір сыртқы қарама-қайшылықтардың ықпалының болғандығын көруге болады. Ал, адам бойындағы ішкі қарама-қайшылыққа адамның рухани және ішкі жан әлемінің негізінде туындаған қарама-қайшы бірліктерді жатқызуға болады. Мысалы, жамандық пен жақсылық, қуаныш пен қайғы, әділдік пен әділетсіздік, адамдық пен надандық, мәрттік пен нәмәрттік, ғибратты іс пен ғайбатты әрекет секілді адамның жан дүниесінен туындаған антонимдік жұптарды адам бойындағы ішкі қарама-қайшылықтың салдарынан туындағандығын байқауға болады. Міне, осы жерден «тіл мен адам бірлестігі», «тіл мен таным қатыстылығы» деген мәселелердің айқын бейнесін көруге болады. Сонымен тілдегі антонимдердің бірін айтқан уақытта екінші сыңарының еріксіз ойға оралып, тілге тиек болатындығы кездейсоқ құбылыс деп емес, қандай да бір көзге көрінбейтін таным талшықтарының жатқандығын баса айтуға болады. Демек, антонимдік қарама-қарсылықтар тек қана логикафилософиялық қатарға жататын өзара тектес ұғымдардың қарама-қарсылығына негізделуі когнитивтік элементтермен тікелей байланысты болады.
Ғылым әлемінде ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін философия ғылымындағы қарама-қарсылықты: «қарама-қарсылықтың бір жағын көрсететін категория» деп түсіндірілсе [9, 79-88 б], бұл мәселені Е.Миллер: «развитое до предела различие одной сущности» деген тұжырым тұрғысынан келеді [10, 41 б]. Зат пен құбылыс бойындағы қарама-қайшылық олардың табиғи сапасындағы өзара ұқсастық, жақындық, алшақтық қасиеттері қарама-қарсылықты тудырады. Тіл бірліктеріндегі қарама-қарсылық сөз мағынасындағы түпкілікті айырмашылықтарына дейін дамуы заңды құбылыс.
Тілдегі антонимдік бірліктерді қарастырғанда оларды тек лингвистикалық (семасеологиялық аспектіде) тұрғыдан түсіндіру жеткіліксіз. Антноимдердің табиғатын тануда лингвистикалық, логикалық, философиялық, когнитологиялық, психологиялық аспектілер негізінде қарастыру қажет. Себебі, антонимдер табиғатынан күрделі әмбебап құбылыс. Антонимдердің ішкі мағыналық мазмұнын түсінуде тоғыспалы негізге құрылған ғылыми аспектілердің аясында қарастыру арқылы ғана, антонимдер мазмұнының ішкі мағыналық иірімдерінің мазмұнын жете түсінуге болады. Қазақ тіліндегі антонимдік парадигмалардың мазмұныны мен антонимдерді топтастыруға қатысты А.Р.Найманбай тілдегі антонимдік қарама-қарсылықты «абсолютті және ауыспалы» деп бөліп, былайша жіктеуін «сыртқы және ішкі» қарама-қарсылықтардың болуымен түсіндіреді. Зерттеушінің пікірінше, «философтар екі орындықтың ақ және қара түске боялуын қарама-қарсылық деп қарастырады, ол столдың бар-жоқтығымен байланысты емес, бұл сыртқы қарама-қарсылық жақтардың, заттардың, үрдістердің ішкі бірлігінің керекті байланысты болып табылады. Осылай біз антонимдерді абсолютті деп бөлеміз – себебі олардың қарама-қарсылығы ауыспалы емес, еркін; сонымен қатар ауыспалы – оның қарама-қарсылығы көзқарасқа, қандайда бір нақты коммуникативті жағдайға байланысты болады» – деп, түсіндіреді [11, 97 б]. Бұл жердегі зерттеушінің антонимдерді «ішкі және сыртқы» жағдаятқа сәйкес, «абсолютті және ауыспалы» деп жіктекуін қабылдауға болады. Мұнда негізінен абсолютті шектің өзінде философиялық мазмұнның жатуы заттың «бар-жоқтығына» қатысты жоқ деген тұжырымы негізсіздеу. Мәселе зат «бар» болғаннан кейін, оның екінші бір сипатының «жоқтығы» немесе «қарсы» мазмұнының болуы философиялық заңдылық. Әрине, тілдегі кез-келген сөздің антноимдік жұбы болмайды. Ал, антонимдік жұбы бар сөздерді тек лексикалық қордың бірліктері деп санауға болмайды. Антонимдік жұбы бар сөздердің мағыналық мазмұны терең концептілік бірліктер деген тұрғыдан қарастыру қажет. Бірақ кез-келген антонимдік бірліктерді концептілік жүк арқалаған когнитивтік категория деп санауға болмайды, мұнда негізінен антноимдік жұптар концептілік категория болатын параметрлерге сәйкес келуі шарт.
Тілдегі бірсыпыра қарама-қарсы мәнді бірліктерді қазіргі қазақ лингвистикасында оппозициялық немесе бинарлық жұптарды концептілік бірліктер ретінде қарастырылып жүр. Мәселен, тілдегі «ақ пен қараға» қатысты антонимдік жұпты бастапқы тура атауы түр-түс ретіндегі бірліктің мазмұнын когнитивтік аспектіде зерттеген Ж.М.Жампейісова: «ақ» және «қара» лексикалық бірліктері тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Оның бұл сыры жай уақытта байқала бермейтін, бірақ тілдің ұзақ даму тарихында халық мәдениетімен бірге қалыптасып, қолданыс дәстүріне айналған, оның күші мен құдіретін, әсерлігі мен әсемдігін паш ететін қасиет. Бұл қасиетті ана тіліміздің өз заңдылығына, ішкі табиғатына сүйене отырып қарастырғанда, «ақ» және «қара» сөздерінің ауыспалы мағыналарының өзі бірдей емес екендігін көруге болады. Олардың бір тобы «ақ» және «қара» лексикалық бірліктерінің негізгі номинативтік мағынасына жақын болып, о бастағы семантикалық байланысын әлі де үзе қоймаған, логикалық қатынастығын түгел жоймаған сыбайлас мағыналар болып келсе, енді бірі бүгінгі таңда мағыналық қатыстығы алыс, тіпті мүлдем байқалмайтын алшақ жатқан мағыналар. Егер бірінші топқа жататын мағыналардың пайда болуына тілдің метафора, метонимия, синекдоха т.б. заңдылықтары себепкер болса, екінші топтағы мағыналардың дүниеге келуіне салыстыра-салғастыра танудың шарықтау шегі болып саналатын логикалық абстракция негіз болады. Осыдан келеді де «ақ» пен «қараға» байланысты көптеген қосымша мағыналар, оның үстіне толып жатқан концептілер пайда болады» – дегенді айтады [12, 43 б]. Мұндағы ақ пен қара түр-түстеріне негіз болған антонимдік жұптармен тіркескен өзге лексикалық бірліктер салыстыру мен салғастырудың нәтижесінде екеуара құбылысты бір-бірмен жақындататын немесе алшақ қатынасқа құратын, танымдық негізге құрылған антонимдік мазмұндағы концептілік категория болып табылады.
Қазақ тіліндегі «ақ пен қараға» қатысты мәселені этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырған Ұ.Б.Серікбаева «ақ пен қара» жұптарының мазмұнын былайша тарқатады: «жалпы "түр-түс әлеміне" тән атаулардың ішінде өзінің коммуникативтік белсенділігімен көзге түсетін «ақ» және «қара» түр-түс атауларының өздеріне тән пайда болу және қолдану жүйесінде қалыптасқан ерекшеліктері бар. Солардың ең бастысына олардың өзара қарама-қарсы (контрастивті) мағынада қолданысы жатады. Бұл адам баласы қоршаған табиғат пен ол қалыптастырып отырған қоғамдық қатынастардағы өзара ұқсас, не жақын, мәндес, мағыналас екі зат пен құбылыстың екі түрлі көрінісі мен сын-сипатын, "бір медальдің екі жақ бетін" салыстыра бейнелейтін қасиетке ие.
Дүниедегі құбылыстардың ерекшелігі мен құндылығын, әдетте, оларды салыстыру-салғатыру арқылы айқын байқауға болады десек, «ақ» пен «қара» түр-түс атауларына байланысты да олардың көп құпия-сырын айқындауға болады» деген тұжырым жасайды [13, 15 б]. Тілдегі «ақ пен қара» түр-түстерінің бойында ұлттық ерекшеліктердің болатындығын іздеген зерттеуші, аталған қарама-қарсы жұптардың жалпыадамзат дүниетанымымен ұлттық дүниетанымның аралығында қандай да бір көзге көрінбейтін нәзік байланыспен қатар менталды ерекшеліктердің болатындығын назардан тыс қалдырған. «Ақ пен қара» сынды антонимдік жұптар кез-келген тілдерде кездесетін бірліктер болғандықтан, аталған антонимдік бірліктер адамзаттық дүниетаныммен астасып жатқандығын көруге болады.
Тілдегі қарама-қарсылық өмірдегі қарама-қайшылық ақиқат әлемнің әр алуан құбылыстарын тануға деген талпыныстың, оларды өзара салыстырудың нәтижесінде туындаған философиялық категориялар болып табылады. Тіл біліміндегі соңғы кездегі зерттеулер тілдегі қарама-қарсылықпен өмірдегі қарама-қайшылықты оппозиция термині арқылы беріліп жүр. Жалпы оппозиция термині немесе антоним термині болсын екеуінің де қызметі бір мағыналық өрісінің ортақ екендігін байқауға болады. Диалектиканың қалыптасқан заңы бойынша, табиғат әлеміндегі, қоғамдық өмірдегі бірін-бірі терістеп жоққа шығаратын сонымен қатар бірін-бірі қажет ететін, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын өзара бірінен-бірі ажыратуға келмейтін табиғи байланысқа негізделген құбылыс пен болмыс нысандары тілдегі бинарлық жұптар, антонимдік тізбектер, немесе оппозициялық категориялар арқылы коммуникативтік мазмұнға енеді.
Өмірдегі керағар қарама-қайшы құбылыстар тілде қарама-қарсы мәнге ие болуын тікелей философиялық заңдылықтармен байланыстыруға болады. Бұл мәселе жөнінде Кеңестік энциклопедиялық сөздікте: «Қарама-қарсылық философиядағы теріске шығару категориясымен ұштасып жатыр. Теріске шығару (отрицание) заңы – жүйелі даму үстінде объектінің екі жақты қалпының байланысын білдіретін философиялық категория. Теріске шығару даму процесіне қажетті кезең болып табылады. Теріске шығару процесі кезеңінде кейбір элементтер (белгілер) объектіні өзгертудің шарты ретінде жойылып кетпейді, жаңа сапада сақталып қалады.
Теріске шығарудың күрделенген түрі философияда «теріске шығаруды теріске шығару заңы» (закон отрицания отрицания) деп аталады. Бұл заң бойынша даму циклдер арқылы іске асады., олардың әрқайсысы үш кезеңнен (циклден) тұрады: объектінің бастапқы қалпы, одан соң оның өз қарама-қарсылығына айналуы (теріске шығаруы), одан соң бұл қарама-қарсылықтың өз қарама-қарсылығына айналуы (теріске шығаруы). Мұнда даму процесінің формасы спираль түрінде болады да, әрбір кезең даму үстіндегі орам, айналым түрінде, ал спиральдің өзі циклдердің тізбегі түрінде көрінеді» – деген күрделі теориялық анықтама берілген [14, 961 б]. Дүниедегі зат пен құбылысқа қатысты қарама-қайшылықтармен өзара терістеу әрекеттері тілде қарама-қарсы мәнді бірліктер арқылы жарыққа шығады. Тілдегі қарама-қарсылыққа құрылған бірліктер өмірдегі қарама-қайшылықтан алынатындығы заңды құбылыс болып табылады.
Қоғамдық өмір жағдаяттарының бірі – байлық пен кедейлікке қатысты әлеуметтік теңсіздік құбылысы тұрмыстық өмірдегі қарама-қайшылық болса, тілде бұлар оппозициялық жұп немесе антонимдік тізбектер болап табылады. Аталған антонимдік оппзициялық жұптарды концептілік тұрғыдан арнайы зерттеген Ж.Т.Қошанованың пікірінше, антонимиялық оппозициялар тұрғысынан қарағанда қазақ тіліндегі «Байлық-кедейлік» концептісі оппозициялық тіл бірліктерінің бірқатары белгілі бір күйді, қалыпты, қасиетті тура мағынасында білдіретін градуалды (сатылы) антонимиялық оппозицияларға жататын сияқты. Мысалы, бай – кедей десек белгілі бір күйдің бір-біріне қарама-қарсы екі жақты шегін білдіріп тұр. Сонымен бірге бұл тіл бірліктерінің мағыналарын дәнекерлікпен сатылап білдіретін аралық сөз бар, ол – орташа сөзі. Сонда аталған тіл бірлігінің сатылы антонимиялық оппозициясы «бай – орташа – кедей» түрінде көрінеді. Сол сияқты қарама-қарсы мағынада «ауқатты – ауқатсыз», «дәулетті – дәулетсіз» тіл бірліктерінің мағыналарын сатылап білдіруге шамалы сөзі қызмет етіп, олардың сатылы түрі, дәулетті – дәулеті шамалы – дәулетсіз, ауқатты – ауқаты шамалы – ауқатсыз түрінде көрінеді. Бар – жоқ тіл бірлігінің сатылы оппозициялық күйін аралық аз, тапшы, жетімсіз сөздер берілуі мүмкін (бар – тапшы – жоқ, бар – аз – жоқ, бар – жетімсіз – жоқ).
Ал «Байлық – кедейлік» концептідегі бірқатар оппозициялық тіл бірліктерінің сипатын іс-әрекеттің, әлеуметтік жағдайдың тепе-теңдік, қарама-қарсылығын білдіретін эквиполентті оппозиялар деп қарауға болады» – деген әлеуметтік-танымдық мазмұндағы тұжырым жасайды [15, 39-40 б]. Тұрмыстық әлеуметтік өмірдегі «байлық – барлық» болса, «кедейлік – жоқтыққа» құрылған күрделі әлеуметтік мәселе болып табылады. Ал аталған мәселелер тілде әлеуметтік танымдық сипат алады. Аталған құбылыстардың танымдық тереңі философиядағы «бар дүние жоғалмайды, жоқтан бар пайда болмайды» – деген заңдылықпен өзара сабақтастыққа түсетіндігін тілтанымдық элементтер (мақал-мәтелдер, фразеологиялық тіркестер, нақыл сөздер, т.б.) арқылы көруге болады.
Тілдегі қарама-қарсы мағыналардың берілуінің бір жолы антономия құбылысы арқылы іске асады. Ал «антономия (ағыл. antonymy) – дербес және көмекші сөздер арқылы берілетін семантикалық қарама-қарсылық. Мысалы: жастық-кәрілік, жарық-қараңғы, ерте-кеш, дейін-кейін, бұрын-соң» – деген дүниедегі әрбір құбылыстың өзіне тән қарсы мәндегі өзіндік мағыналық жұбы болатындығын көруге болады [2, 25 б]. Антономия құбылысының теориялық және практикалық негізінен тілдегі қарама-қарсы ұғымдардың мазмұнын жетілдіруге қатысатын тілдік категория екендігін көруге болады. Тілдегі антонимдік құбылыстар жалпы адамзат тіліне ортақ құбылыс. Себебі, өмірдегі қарама-қайшылық тілдегі қарама-қарсылық адамзат баласына ортақ процесс. Қазақ және орыс тілдеріндегі антонимдердің ерекшелігін арнайы қарастырған А.Жұмабекованың пікірінше, антономия – бір-біріне қарама-қарсы мағыналарға ие лексикалық бірліктұлғалардың семантикалық қарым-қатынасы. Антономия – барлық тілдерге де тән универсалды құбылыс. Барлық тілдерде антонимдердің семантикалық және құрылымдық жіктелуінің ұқсастығы олардың қарама-қарсы мағыналарының жалпы құрылымына байланысты болады.
Антономия үшін адамның ой-санасының объективті дүниедегі заттар мен құбылыстар туралы ұғымдарды салыстыру және осы ұғымдарды бір-біріне қарама-қарсы қою қабілеті негіз болады. Антономияға логикалық-танымдық ерекшелік тән. Алайда «логикалық қарама-қарсылық» пен «тілдік қарама-қарсылық» түсініктерінің ауқымы белгілі бір шеңберде ғана бір-біріне сәйкес келеді. Қисынды (логикалық) қарама-қарсылық бір-біріне қабыспайтын ұғымдардың қарым-қатынастарын сипаттайды; бұл қатарға контрарлық (лат. сontraries – қарама-қарсы) және контрадикторлық (лат. сontradictorus – қарама-қайшы) қарама-қарсылық енеді. Тілдік қарама-қарсылық логикалық қарама-қарсылықтан туындай отырып, олардың ой-санасы тұрғысынан объективті дүниенің заттарындағы және құбылыстарындағы мәнді айырмашылықтарды тілде сипаттайды. Бұл айырмашылықтар логикалық жағынан қабыспайтын ұғымдарға сәйкес келетін немесе сәйкес келмейтін бірлік тұлғаларда көрінеді.
Антономияның психологиялық негізі – адамның ой-санасындағы қарама-қарсы байланыстар. Осы арқылы антонимдер сөйлеу барысында бірге, бірлесе қолданылады және сол қалпында қабалданады, оларды бір-бірінен ажыратуға болмайды» – дегенді алға тартады [4, 12-13 б]. Тілдегі антономия құбылысының ішкі болмысы өмірлік жағдаяттарға тікелей қатысты болады. Тілдің басты қызметі адам ойын жарыққа шығаруға қатысты болса, өмірдегі қарама-қайшы құбылыстармен логикалық қарама-қарсылықтар тілдегі қарама-қарсы мәнді бірліктердің жарыққа шығуына негіз болғандығы сөзсіз. Тілдегі қарама-қарсылықтың ар жағында логикалық қисындылықтың жатқандығын көруге болады. Мәселен, тілдегі ¤аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды; ¤алыс пенен жақынды жортқан білер, ащы менен тұщыны дәмін татқан білер; ¤ауырдың асты, жеңілдің үсті; ¤ағарып алдына шықпасада, қарайып артында қалмау; ¤елдің алды болма, көз тиеді, елдің арты болма, сөз тиеді; ¤жақсы өтіріктен, жаман шындық артық; ¤мал аласы сыртында, адам аласы ішінде; ¤бақаның бағынан, сұңқардың соры артық; ¤жаңаның басы, ескінің соңы, т.б. деген даналық дақылдарының танымдық, мағыналық, дидактикалық, мазмұнының астарындағы қарама-қарсы мәнділік логикалық қисындылыққа бағынатындығын көруге болады. Ал логикалық қисындылық өмірдің өз бейнесі болып табылады. Яғни, адам өміріндегі сөз бейне (дүниенің тілдік суреті), өмір бейнесіне (ақиқат өмірге) негізделеді. Лингвистикадағы кез-келген тілдік бірлікті сөз бейне арқылы берілген өмір элементі деп қабылдауға болады.
Тілдегі қарама-қарсы мәнді бірліктер жекелеген лексемалардан бастап, фразеологиялық бірліктерде, паремеологизмдерде, прецедентті мәтіндерде кездесе береді. Тілдегі қарама-қарсылықты жекелеген лексемалардың (жақсы-жаман, үлкен-кіші, ақ-қара) өзара қарама-қарсылығынан ғана іздестіруге болмайды. Қарама-қарсылық жекелеген лексемалардың, фразеологиялық бірліктердің, паремеологизмдердің, прецедентті мәтіндердің ішкі мағыналық мазмұндық мәнінің көзге көрінбейтін иірімдерінен іздестіруге болады. Жалпы сөздердің арасындағы мағыналық қарама-қарсылықты анықтауда М.Оразов мынадай шарттардың басшылыққа алады:
1. Сөздердің антонимдік қатардың сыңары ретінде қолданылған кезде тура (номинативтік) мағынасында, не ауыспалы (келтірінді, контексті) мағынада қолданылып тұрғандығын анықтау қажет.
2. Антоним болатын сөздердің тұлғалық құрамына көңіл аудару керектігін айтады [16, 144 б].
Сонымен қатар С. Қасымованың: «Құбылыстың, ұғымның, заттың кейіп-кескіндерін, қасиет-белгілерін қарама-қарсы қою – тілдік тәжірибеде адам дүниетанымындағы тану мен бағалау тәсілдерінің бірі ретінде үлкен орын алады» – деген тұжырымы да орынды айтылғандығын ескерген жөн [17, 13 б].
Тілдік қарым-қатынас барысында адресат санасындағы айтайын деген ойын дәл жеткізу үшін, мағынасы қарама-қарсы ұғымдарды білдіретін лексикалық бірліктерді ұтымды пайдалану арқылы, өз ойын тыңдарманына орнықты жеткізуіне жол ашады. Жалпы қарапайым тұрмыстағы қандай да бір зат пен құбылысты соларға қарама-қарсы ұғыммен өзара салыстыру нәтижесінде ғана сол зат пен құбылыстың болмысына тән тылсымы толық ашыла түседі.
Жалпы тілдегі қарама-қарсы мәнді бірліктердің өзіндік қасиеті мен танымдық болмысына негізінен олардың сапалық ұғымдарды білдіру арқылы өмір бейнесін суреттейтіндігін (жақсы бар жерде жаманның болатындығы, жаңаның ескіретіндігі /тозады/); қандайда бір зат пен құбылыстың қарсы мәнді жұбының болуы және олардың өзара бірін-бірі жоққа шығаратын қасиетке ие екендігі, өмірдің өз бейнесі немесе табиғи құбылыс (өмірдің өлімнен тұратындығы, қуаныш пен қайғының егіз болуы, т.б.); кез-келген тілдегі қарама-қарсылық өзара жұптасудан тұруы, стилистикалық бояама реңкке енуі арқылы (экспрессивті-эмоционалды бояуының қанық болуы), адам санасына концептілік бірлікті бейнелі түрде сіңірудегі тілтанымдық элементтің бір жолы; дүниедегі қарама-қайшылық, тілдегі қарама-қарсылыққа енуі адамзаттық танымның ортақтығымен қарама-қарсы мәнді бірліктердің күрделі лингвофилософиялық және әмбебаптық қасиетін білдіреді.
Тілдегі қарама-қарсы мәнді бірліктердің мағыналық мазмұнына үңілу барысында семантикалық сипатын жетік білу арқылы, олардың бойындағы логикалық (кез-келген антонимдік жұп берік логикалық қатынасқа құрылады), психологиялық (қарсы мәнді тілдік бірліктер адам психикасымен өзара байланысты болады), когнитологиялық (тілдегі қарама-қарсылық адам дүниетанымындағы керағар құбылыстарға құрылып, зат пен құбылыс болмысын тануда екіжақты салыстырмалы қасиетті тану мүмкіндігін жеңілдетеді), философиялық (өмірдің өз суреті, тілдегі қарама-қарсы мәнді дүниенің суретіне негізделуі пәлсапалық заңдылық немесе конфуций философиясындағы «инь» мен «янь» жұбымен байланыстыруға болады), теологиялық (дүниенің және ондағы заттар мен құбыластардың өзі өзара жұптасудан тұратындығымен сабақтастыруға болады) элементтердің қатысатындығын көруге болады. Демек, тілдегі қарама-қарсы мәнді бірліктер тек лексикалық қабаттың құрамдас бөлігі ғана емес, күрделі лингвофилософиялық категория болып табылады.
Резюме
В статье анализируется лингвофилосовская сторона когнитивности лексических единиц противоположенного смысла.
Түйін
Мақалада тілдегі қарама-қарсы мәнді лексикалық бірліктердің танымдық болмысына лингвофилософиялық тұрғыда жан-жақты талдау жасалған.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2006. - 264 б.
2. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. -Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. - 440 б.
3. Мусин Ж. Қазақ тілінің антонимдер сөздігі. -Алматы: Мектеп, 1984. -176 б.
4. Жұмабекова А. Қазақ тілінің антонимдер сөздігі. –Алматы: Сөздік, 2000. -183 б.
5. Сағындықұлы Б.Таңдамалы туындылар. -Алматы: Үшқиян, 2009. -504 б.
6. Рысберген Қ.Қ. Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік және этномәдени негіздері. Фил. ғыл. док... дис. авторефераты.: 10.02.02. -Алматы: А.Байтұрсынұлы ат-ғы Тіл білімі иниституты, 2010. -59 б.
7. Шопенгауэр А. Афоризмы и максимы. – М., –1991. – с.195.
8. Ницше Ф. Соч. в 2-х т.,т.2. – М.,1990. – с.320- с.421.
9. Аверьянов А.Н. Динамика противоречий // Вопросы философии. 1976. №5.
10. Миллер Е.Н. Вопросы лексики и фразеологии современного русского языка. Ростов-на-Дону, 1968. -208 с.
11. Найманбай А.Р. Антонимдік-синонимдік парадигмалар // ҚР ҰҒА-ның Хабарлары. Филология сериясы, 2006. №5. -96-100 б.
12. Жампейісова Ж.М. «Ақ» және «қара» концептілерінің әлеуметтік мағыналары // ҚазҰУ-нің Хабаршысы. Филология сериясы, 2005. №8(90). -40-45б.
13. Серікбаева Ұ.Б. Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түр-түс атауларының этнолингвистикалық сипаты. Фил. ғыл. кан... дис. авторефераты.: 10.02.02. -Алматы: А.Байтұрсынұлы ат-ғы Тіл білімі иниституты, 2003. -27 б.
14. Советский энциклопедический словарь. -Москва: Советский энциклопедия, 1982. -1600 с.
15. Қошанова Ж.Т. Қазақ тіліндегі «Байлық – кедейлік» концепті: оппозициясы мен қызметі. Фил. ғыл. кан... дис.: 10.02.02. -Алматы: Абай ат-ғы ҚазҰПУ, 2009. -147 б.
16. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. -Алматы: Рауан, 1991. -216 б.
17. Қасымова С.К. Сан компонентті мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени негізі: филол. ғыл. канд. ...автореф. – Астана, 2009. – 27 б.

Автор: ЖИРЕНОВ САЯН АМАНЖОЛҰЛЫ
  29556
Түсініктеме қалдыру үшін, сайтқа авторизациядан өту керек