Айтулы шара

10.04.2018 ҒАЛЫМНЫҢ РУХЫНА БАҒЫШТАЛАДЫ

2018 жылдың 1 мамырында 74 жасында ғылыми-техникалық ақпарат саласындағы белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі

БЕКЕТ АРАПБАЙҰЛЫ КЕМБАЕВ

ауыр науқастан көз жұмды.
Академик Б.А.Кембаев туралы өткен шақта жазудың оңайға соқпасы белгілі. Өйткені бірегей тұлғаның жоғары шығармашылық әлеуеті таусылмастай көрінген.

Өмірден көзің кетсе де,
Сөзің кетпесін, – дейді ата-бабамыз.
Бекет Арапбайұлының еңбек жолы Қазақ ауыл шаруашылығы институының жылу кафедрасынан бастау алған. Кейін институттың ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институтының радиология зертханасына инженер болып орналасады. Еңбегі еленген Бекет Кембаев ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінде, Қазақстан Республикасы мемлекеттік экономика комитетінің бөлім бастығы, Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер кабинеті аппаратының ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Атакент» Қазақстан iскерлiк ынтымақтастық орталығы» акционерлiк қоғамының вице-президенті, Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін абыроймен атқарды.

Ол кісі аталмыш институтта бастық болып отырған жылдары КСРО тарап, КСРО Мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпарат жүйесі тығырыққа тіреледі. Бұл құрылымның жұмысы тоқтағандықтан, Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институтының басына да көптеген қиындықтар туады. Бұл істі өз қолына алған Бекет Арапбайұлы аз уақыт ішінде институттың басты міндеттерін айқындап, жаңа жүйеде қайта жандандырады.

Қазақстанда бірінші рет диссертациялар және ғылыми-зерттеулер есептерінің мемлекеттік қоры құрылады. Ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша Рефераттық журнал шығарылып, ақпаратты өңдеу, сақтау, іздеу және тарату технологиялары меңгеріледі.

Бекет Арапбайұлы ТМД елдеріндегі ғылыми-техникалық ақпарат жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің Қазақстандағы өкілі, кейін осы кеңестің төрағасы ретінде ақпарат алмасу бойынша «ТМД қатысушы мемлекеттері арасында ғылыми-техникалық ақпараттарды ашық түрде алмастыру тәртібі және оған еркін қол жеткізу туралы келісім» құжатын қабылдауды ұйымдастырды.

2003 жылы Бекет Арапбайұлының еліміздің ғылыми-ақпараттық саласының жағдайы қарастырылған, әлемдік ақпараттық кеңістікке ену жолдары көрсетілген, мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттық саясатты дамыту тұжырымдамасы жасалған «Қазақстан Республикасындағы ғылыми-техникалық ақпарат жүйесі: даму жағдайы және болашағы» әлеміндегі дамуы мен болашағы» монографиясы жарыққа шықты.

Б.А. Кембаев 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 4 кітап пен зияткерлік меншік объектілеріне арналған 3 авторлық еңбектері бар.

Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі және қол жеткізген жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Англияның Кембридждегі халықаралық библиография орталығының «ХХІ ғасырдағы ақпарат ғылымындағы жетістігі» медалінің де иегері.

Бекет Арапбайұлы жауапкершілікке деген сезімі, ғылыми әдептілігі мен жетекші болудағы талабының арқасында институт ұжымы алдында үлкен құрметке бөленді.

Бекет Арапбайұлы Кембаевтың есімі асыл жан, патриот, талантты ғалым және ұйымдастырушы ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталса, ғылымдағы жемісті еңбегі Қазақстан Республикасы ғалымдары үшін үлгі ретінде қызмет ете бермек.

***

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ ұжымы Б.А.Кембаевтың отбасына және жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

2511
Қатысушылар
Қатысу