Айтулы шара

10.04.2018 Ғылым күні қарсаңында Қазақстанның 120 жас ғалымы пәтерге ие болды

Бүгін Алматыда Ұлттық ғылым академиясында Қазақстанның ғылыми қызметкерлер күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Айтулы шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов және отандық ғалымдар қатысып, ғылымды дамытуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Салтанатты жиында сөз алған Талғат Ешенқұлов ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Қазақстанның ғылыми қызметкерлер күніне орай арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сала басшысы өз хатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономиканы дамытуда ғылымға айрықша мән беріп, еліміздегі ғылыми кадрларға зор үміт артып отырғанын жеткізді.

Жиынды жүргізген Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов Ғылым күніне орай ҚР Білім және ғылым министрлігі Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ы бірлесіп ғылым саласында еңбек етіп жүрген жастарға арнап, 120 арендалық үйлердің кілтін табыс еткенін қуанышпен жеткізді. Айтулы шараға қатысқан бірқатар жас ғалымдар жиын барысында вице-министр Талғат Ешенқұлов пен Болатбек Әбдірәсіловтың қолынан жаңа пәтердің кілтін алып, жастарға қолдау көрсеткен ҚР Білім және ғылым министрлігіне алғыстарын айтты.

Бұдан кейін ҚР Ұлттық ғылым академиясы Ғылым күніне орай ҚР Ұлттық ғылым академиясының Н.Назарбаев атындағы «Алтын медалін» отандық ғылымның дамуына бар күш-жігерін жұмсап жүрген ғалымдарға табыс етті. Айтулы марапатқа Еділ Ерғожин, Төрегелді Шарманов, Әбдіжаппар Әшімов, Серік Қирабаев сынды майталман ғалымдар ие болды. Сонымен қатар салтанатты жиында ғалымдар өз ойларын ортаға салып, ғылымды дамытуға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов басқосуда айтылған ой-пікірлердің бәрі назарға алынатынын алға тартты.

«ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі

2683
Қатысушылар
Қатысу