Айтулы шара

18.11.2016 Ғылымның көшбасшылары марапатталды

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрілігнің қолдауымен «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ мен Thomson Reuters компаниясының ұйытқы болуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ғылым және инновация – экономикалық дамудың негізі» деген тақырыпта халықаралық форум болып өтті.
Айтулы шарға еліміздің ғылымдары, білім салаларының көрнекті қайраткерлері, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Шараның ашылуында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Амрин мен «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Ыбыраев құттықтау сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан ғылымға қандай қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. Сонау АҚШ-тан арнайы ат терлетіп келген Thomson Reuters компаниясының ғылыми зерттеулер және зияткерлік меншік бөлімшесінің жаһандық сатылымдар жөніндегі директоры Виджи Кришнан Қазақстан ғылымы әлемдік ғылыми үрдіске сәтті ілесіп, Орталық Азия елдері арасында көшбастап келе жатқанын алға тартты.
Форум барысында әлемдегі ғылыми үрдістер, ғылыми ынтымақтастық пен инновациялық жаңалықтар кеңінен сөз болды. Өз кезегінде Виджи Кришнан ханым халықаралық ғылыми кеңістіктегі Қазақстан ғылымының дамуына қатысты өз талдауын жария етті.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Амрин


Форумға қатысушылар Thomson Reuters компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтсақ, спикерлер «Thomson Reuters» компаниясының Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі: нәтижесі мен келешегі», «Қазақстан ғылымы әлеуетінің өсуі жолдары» тақырыптарын кеңінен талқыланды.
Форум аясында «Ғылым көшбасшысы – 2016» халықаралық тәуелсіз сыйлығының иегерлері анықталып, марапатталды. Отандық ғалымдардың Web of Science (Thomson Reuters) ақпараттық ресурсында жарияланған ғылыми еңбектері үш аталым бойынша жіктіленіп, бағаланды.

Thomson Reuters компаниясының ғылыми зерттеулер және зияткерлік меншік бөлімшесінің жаһандық сатылымдар жөніндегі директоры Виджи Кришнан ханым


Бірінші аталымда 2011-2015 жылдар аралығында жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған ғылыми ұйымдар марапатталды. Осы кезеңде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің, Назарбаев Университетінің, В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтының және ҚР Ұлттық биотехнология орталығының ғылыми мақалалары жоғары сілтемеге ие болып, үздік деп танылды.

Ал физика саласындағы жоғары импакт-факторлық көрсеткіше ие Ә.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының қызметкерлері ие болды. Олар – Светлана Визер, Елена Сычева, Қазбек Ержанов, Нұржан Құрманқұлов. Сондай-ақ, Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары Рахат Құрманбаев, Темірболат Кеншінбай, және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымы Дмитрий Воякин де марапатқа ие болды. Әлеуметтік ғылымдар саласында География институтының ғалымы Игорь Северский мен Назарбаев Университетінің қызметкері Марина Кішкентаева, Әділ Әшірбеков, Зәкір Жұмақұлов та бар.

Марапатталған үздік ғалымдар


Ал «2008-2015 жылдары ғылыми еңбектері жоғары сілтемеге ие болған Қазақстанның жас ғалымдары» аталымы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғалымдары Мерлан Досболаев, Болат Оралбеков, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ізденушісі Мария Немченко марапатталды. Бұдан басқа биология ғылымдары бойынша Илья Коротецкий топ жарса, аграрлық ғылымдар саласында Қайсар Табынов, әлеуметтік ғылымдар саласында Тимур Нарбаев, техникалық ғылымдары бойынша Максим Здоровец, медицина саласында М.Оспанов атындағы БҚММУ-дің жас ғалымы Олжас Оразаев үздік деп танылды.


Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ,
«ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.

2585
Қатысушылар
Қатысу