Айтулы шара

28.06.2014 «Импульс» – ғылымды насихаттауға серпіліс береді

Қазір елімізде ғылымды дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Ал дамыған елдерде ғылымды дамыту ісіне шағын бизнестен бастап, ірі кәсіпорындарға дейін өз үлесін қосатынын білеміз. Мұндай жағдайға таяу болашақта біз де қол жеткізетін боламыз. Бүгінде ғылымға жақсыкөңіл бөлінгенімен, оны насихаттау жұмысына тиісінше көңіл бөлінбеуде. Бұл істі бір ғана ҚР Білім және ғылым министрлігіне жүктей салуға болмайды. Ғылымды насихаттауға барлық ведомстволық салалар жұмыла кірісуі тиіс. Осы ортақ іске «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы «Импульс» ғылыми-көпшілік журналын жарыққа шығарып өз үлесін қосып отыр. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығатын жаңа журналдың алға қойған мақсаты зор.

Елімізде ғылыми-көпшілік бағыттағы журнал мүлде шықпайтыны жасырын емес. Тек салалық таза ғылыми журналдар жарық көреді. Мұндай салалық журналдарды көпшілік қауым терең түсініп, қабылдай алмайтыны анық. Олардың таралымы да шектеулі. Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылымды дамыту жолында көптеген жұмыстар атқарып, ғылыми жобаларға гранттар бөліп, ел ғылымын дамытуға баса назар аударып келеді. Бұл жобалар ел экономикасының алға басуына барынша ықпал етуде. Сондықтан ғылыми-зерттеу жұмыстарының экономикаға тигізетін пайдасы жайында халық арасында кең көлемде ақпараттық насихат жұмысын жүргізудің маңызы зор. Еліміз бен сырт елдерде орын алып жатқан ғылыми-техникалық жобалар жайында жан-жақты ақпарат тарататын ғылыми-көпшілік журналға халық арасында сұраныс жоғары. ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн», – деп ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлген болатын. «Импульс» ғылыми-көпшілік журналы ғылыми ортада Елбасы атап өткен венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау және зерттеулер мен инновацияларды қолдауға қатысты сараптамалық мақалалар жариялап, Жолдаудағы маңызды міндеттерді іске асыруға күш салатын болады.

Жаңа журнал «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында жасыл экономиканы қалыптастыруға күш салған қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын кең көлемде насихаттап, Қазақстан халқының интеллектуалдық деңгейін арттыруға атсалысуды көздеп отыр.
Сондай-ақ басылым жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып, студенттердің ғылыми жұмыстарымен айналысуына ықпал етеді. 2011 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан ғалымдарының форумында «2020 жылға қарай жыл сайын елімізде 1 мың докторант дайындалатын болады» деп атап өтті. «Импульс» журналы ғылыми ортаны осы мақсатты іске асыруға ықпал ететін болады. Сондай-ақ, отандық ғалымдар беделді халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялаудың талаптарын меңгеріп, қазақстандық ғылыми журналдың импакт-факторлық көрсеткішіне де жете көңіл бөлуді жоспарлап отыр.

2548
Қатысушылар
Қатысу