Айтулы шара

14.05.2014 Қазақстандық ғалымдар Oxford Journals басылымымен танысты

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы мен Oxford University Press баспасы бірлесіп семинар өткізді. Айтулы шара бүгін де жалғасын таппақ. Қазір Қазақстанда ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жолында «ҰҒТАО» АҚ-ы көптеген жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, отандық ғылымдардың халықаралық ғылыми мәліметтер базасына қол жетімділігін арттыру ісін орталық негізгі жұмыстарының біріне айналдырды.

Орталық ұйымдастырған семинарға еліміздегі ЖОО ғалымдары мен жас ізденушілері қатысып, Ұлыбританиядағы маңдайалды оқу орыны болып саналатын Oxford университетінің Oxford Journals ғылыми мәліметтер базасын тиімді пайдалану жолдарына қатысты білікті мамандардың дәрісін тыңдады. Бұл шара «ҰҒТАО» АҚ-ы мен Oxford University Press баспасы арасындағы келісім аясында ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. Бүгінде Oxford University Press баспасы дүнежүзіндегі ірі ғылыми жұмыстарды жинақтаған ірі мәлімет қоры болып саналады. Әлемнің 60 елінде Oxford University Press баспасының бөлімшелері жұмыс істейді. Осыдан-ақ аталған баспаның әлемдік ғылымда қаншалықты маңызға ие екенін бағамдауға болады.

Oxford Journals басылымы 1907 жылдан бері ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын үздіксіз жариялап келеді. Сол себепті әлемдік ғылыми қауымдастық алдында Oxford Journals басылымының беделі өте жоғары. Сондықтан «ҰҒТАО» АҚ-ның әлем ғалымдарының назарын аударған баспамен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатудың маңызы зор деп санаймыз.

Семинар барысында Oxford University Press баспасының Ресей мен ТМД елдері бойынша арнайы менеджері Мартин Дембовски қазақстандық ғалымдарға интернет арқылы Oxford Journals басылымының дайын өнімдерін қалай жазып, пайдалануға болатынын жан-жақты түсіндірді. Ал Мәскеуден арнайы келген «КОНЭК» компаниясының электронды ресурстарды пайдалану бөлімінің жетекшісі Елена Еронина ProQuest ғылыми мәліметтер базасы жайындағы ойын ортаға салды. Бірнеше күнге жалғасатын семинар жас ізденушілердің білімін толықтыра түсері анық.

2461
Қатысушылар
Қатысу