Айтулы шара

21.09.2015 А.Сəрінжіпов Қыздар педагогикалық университетінде үш жаңа нысанның тұсауын кесті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде үш нысан пайдалануға берілді. Салтанатты шараға ҚР Білім жəне ғылым министрі Аслан Сəрінжіпов қатысты.
Министр арулар ордасында үш бірдей нысан - 9 қабатты жатақхана, «Аққу» атты жүзу бассейні және «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңының тұсауын кесті.

Аслан Сəрінжіпов барлық нысанды аралап, жаңа ғимараттардың ішкі жабдықталуын өз көзімен тамашалады. Аралау кезінде министр оқу орнының ректоры Динар Нөкетаеваға алғысын білдіріп, ауқымды жұмыстың сəтті аяқталуымен құттықтады.

"Бүгін ерекше себеппен жиналып отырмыз. Университет басшылығына алғысымызды білдіреміз. Өздеріңіз куə болғандай, қазіргі таңда Қазақстанда жастарға жағдай барынша жасалған. Жыл сайын мемлекет тарапынан 150 мың грант бөлінеді. Келер жылдан бастап грантпен оқитын балалардың, студенттердің шəкіртақысы 25%-ға өседі. Бұл да бір жақсы жаңалық. Енді техникалық мамандық алып, өндірісте жұмыс істеймін десе, қазір индустриалдық инновациялық бағдарлама бойынша жаңа өндіріс орындары, жаңа жобалар ашылуда. Ғылыммен айналысам десеңіз жаңа зертханалар ашылуда. Спортпен, өнермен айналысам десеңіз де, жаңа өзіміз көргендей, спорт залдар, стадиондар бассейндер ашылуда. Мына мəдени шараға мұғалімдер қатысып жатыр. Ұстаздың рөлі ерекше, мəртебесі жоғары. Университет бітіріп мектепке ұстаздық етуге баратын түлектерге де жақсы жаңалық бар. Келер жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы президент шешімімен 30-50 %-ға өсетін болады. Оқимын деген жастарға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын", - деді ҚР БҒМ басшысы Аслан Сəрінжіпов.

450 орынға арналған жаңа жатақхана Елбасының тапсырмасына орай студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне бағытталған «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды. Заман талаптарына сай салынған жатақхана жаңа жиһаздармен толық жабдықталған, инфрақұрылымдық мүмкіндігі өте жоғары. Бірінші қабатында қыздарға арналған медициналық орталық орналасқан. Сонымен қатар, қыздардың сән салоны, жаттығуға арналған фитнес залы, компьютер, демалыс бөлмелері жұмыс істейді. Әр қабатта кір жуатын бөлмелер, керек-жарақтармен жабдықталған асүйлер бар. Заманауи телекоммуникациялық желі, Wi-Fi сымсыз желілері тартылған. Бір сөзбен айтқанда, жаңа студенттер үйінде бойжеткендердің бос уақытты ұтымды өткізулеріне барлық жағдай ойластырылған. Қыздар университетінде еліміздің барлық алыс аймақтарынан келетін студент-қыздардың көп келіп оқитынын ескерсек, бұл мемлекеттің ұлт тәрбиешілеріне деген қамқорлығы екені анық.

Жүзу бассейні де жастардың денсаулығын жақсарту мақсатын көздейтін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында бой көтерді. Еліміз үшін дені сау, рухы таза ұрпақ өсіріп тәрбиелеу де ең маңызды да негізгі мәселе. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру - ұлт денсаулығының кілті болып табылады. Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажет, жастар денсаулығына мән беруіміз керек», - деген болатын. Осы орайда, пайдалануға берілетін жүзу бассейні спортпен айналысуға, дені сау ұрпақ қалыптастыруға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына өз ықпалын тигізері сөзсіз.

Жаңа спорттық нысан қысқа мерзім ішінде университеттің қаржысына салынғанын атап өту керек.

Үшінші нысан «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңы - Елордада орналасқан «Хан Шатыры» іспетті салынған. Кең де әсем әрі ұлттық нақышта тұрғызылған алаңның ішкі сәулеті киіз үй сияқты әспеттеліп, төбесіндегі шаңыраққа айнала уықтар қойылған.

Дереккөзі: inform.kz

2484
Қатысушылар
Қатысу