Айтулы шара

30.04.2014 ҒЫЛЫМИ АҚПАРАТТЫ ЖҮЙЕЛЕУ ҚАЖЕТ

Бүгінде Парламент депутаттары жер-жерді аралап, кездесулер өткізіп, халықтың жағдайымен танысып жүр. Осындай кездесулердің бірі «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-да өтті. Парламенті Сенатының депутаттары Жұмабек Төрегелдинов пен Людмила Полторабатько орталық қызметкерлерімен кездесіп, Елбасы Жолдауы мен заң шығарушы органның жұмысы жайында әңгімеледі.

Кездесу басында «ҰҒТАО» АҚ президенті Әділ Ыбыраев орталықтың атқарып жатқан жұмыстары жайында қысқаша айтып берді. Қазіргі таңда орталық еліміз бойынша ғылыми-техникалық ақпараттың қорын қалыптастырып, ғылыми ортаны қажетті ақпаратпен қамтып, отандық ғалымдар мен мамандардың шетелдік ғылыми-техникалық ақпарат көздеріне шығу жолдарын ұсынып отыр. Сол себепті орталық ТМД елдері арасындағы ең ірі ғылыми мекемелердің бірі болып саналады.


Өз кезегінде орталықтың қызметкері Юзефа Кульевская сенаторларға «ҰҒТАО» АҚ-ы жайында кеңінен әңгімеледі. Ол өз баяндамасында елімізде ғылыми-техникалық ақпарат туралы заңның жоқтығын, мұндай заң Ресей, Украина және Қырғызстандар бар екенін алға тартты. Осылайша білікті маман депутаттарға Ғылыми-техникалық ақпарат туралы заң қабылдауға ықпал етуін өтінді. Сонымен қатар орталықтың Халықаралық қатынастар департаментінің жұмысы да халық қалаулыларының назарына ұсынылды. 2012 жылы «ҰҒТАО» АҚ-ы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Elsevier B.V. компаниясымен келісімге келіп, еліміздегі ғылыми мекемелердің Science Direct ғылыми мәлімет қорындағы толық мәтінде ғылыми жұмыстарды пайдалану мүмкіндігіне ие болған еді. Биыл сол жұмыстардың жүйелі жалғасы ретінде Elsevier B.V. компаниясы арасындағы келісім Қазақстан ғалымдардың, білім беру ұйымдарының және ғылыми қауымдастықтардың Elsevier компаниясының бірегей электронды ақпараттық ресурстарын пайдалануға кеңінен жол ашып отыр. Бүгінде еліміздегі 10 ЖОО-ы ақпараттық ресурстарды еркін пайдаланып, ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарын жариялауда. Бұл еліміздің ғылыми-техникалық салаға қызмет көрсету жүйесін дамытып, экономиканың өркендеуіне барынша ықпал ететіні сөзсіз.


Басқосу барысында депутаттар орталықтың жұмысына қызығушылық танытып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді. Өз кезегінде «ҰҒТАО» АҚ Президенті Әділ Ибраев мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеуге және талдау-сараптамалық материалдар жасауға дайын екенін жеткізді. Кездесу екі жаққа да тиімді болғанына куә болдық.


2541
Қатысушылар
Қатысу