Айтулы шара

21.04.2015 «Фитохимия» оқу ғылыми-өндіріс орталығы ашылды

2015 жыл 11 сәуір күні М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-да «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінің «Биология» кафедрасының жанынан құрылған «Фитохимия» оқу ғылыми-өндіріс орталығының тұсаукесері өтті. Іс-шара барысында оңтүстік кореялық «KOREAGREENHOUSE CO LTD» компаниясының инновациялық технологиялары бойынша жасалған жылыжай салтанатты түрде ашылды.
Ашылып отырған «Фитохимия» оқу ғылыми-өндірістік орталығы болашақта өндірістің бірнеше түрін іске қоспақшы. Мысалы, цистанхе немесе сайсағыз өсімдігінен адамның бойында кездесетін бедеулік, жалпы әлсіреу және жүйке жүйесінің, қан айналымының жүйесіздігін реттейтін препараттар дайындалмақ. Өнімнің бұл түрі Қытай, Жапония, Корей сияқты елдерде өндіріліп, одан шыққан емдік, химиялық тауарлар айналымға еніп үлгерген. Университет ғалымдарының айтуынша жыл сайын елімізден 200 тонна шамасында шет елге асырылатын, қоры жеткілікті сайсағыз өсімдігі арқылы бизнес ісін дамыту да жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда өндірістің бұл саласы тек Қытай елінде ғана қолға алынғандықтан Қазақстанның ішкі нарығында сайсағызды өндіру – үлкен бәсекелестікті тудыра қоймасы анық дейді ғалымдар.


Іс-шараға «Ақ-Арнур» ЖШС-нің директоры, инвестор Төлеген Амиров, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Жамбыл облыстық филиалының директоры Аманбай Қарынбаев, Скрябин атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Анарбек Тілепов, «Бис-Групп» компаниясының бас директоры Дильдахан Ахметов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, б.ғ.д., профессор Қанат Сәрсенбаев, «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» коммуналдық мемелекеттік мекемесінің бастығы Серік Қойбақов және Алматы қаласының лицензиялау және стандартизациялау орталығының мамандары шақырылды.

Жиын барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, биология ғылымдарының докторы Қ.Сәрсенбаев «Қазақстан табиғи флорасы өсімдіктерін коммерциализациялау» тақырыбындағы баяндамасында біршама маңызды ойларға тоқталды. Мәселен, елімізде әлі қолға алынбаған сайсағыз өсімдігінің түрлі емдік, химиялық сынды қасиеттері айтылды. Қытай елінде алтынмен пара-пар саналатын мұндай өсімдіктің, кептірілген сұңғыланың көтерме бағасы 50-120 доллар, АҚШ-та 150 долларға дейін, ал ұнтағы 2,89 долларға бағаланады. Бірақ, кепкен сұңғыла салмағын 8 есеге дейін азайтады. Ал Қазақстанда 1кг – 20-80 теңге. Мінекей, ашылып жатқан орталықта өндіріске ендірілу үшін, механо-химиялық әдістердің көмегімен медицинада қолдану тенденциясы кең, Қазақстан флорасындағы фармакологиялық құнды, экономикалық жағынан маңызды өсімдіктер қатарын толықтырған, аз зерттелген Сұңғыла (халықта сайсағыз, ғылыми әдебиеттерде цистанхе (лат.Cistanche) өсімдігі алынды. «Айтып отырған сайсағыздан сабын немесе сусабын өндіру аса қиындықты талап етпейді. Себебі, құрамында қажетті элементтердің бәрі бар. Әрі адам денсаулығына зияны жоқ, таза табиғи өнім», – дейді профессор Қ. Сәрсенбаев.


Жиынға қатысқан студенттер мен оқытушылар қонақтарға тақырып бойынша сұрақ қойып, тартымды жауаптар ала алды.
Бұл күннің тағы бір жағымды жаңалығы – жылыжайдың ашылуы болды. ТарМУ ректоры М.Сарыбековтың басшылығымен «Биология» мамандығында оқитын студенттер мен магистранттар өтетін өндірістік практиканы қамтамасыз ету мақсатында ТарМУ-дың гидрокешен аумағынан көлемі 8 соттық болатын, оңтүстік кореялық «KOREAGREENHOUSE CO LTD» компаниясының инновациялық технологиялары бойынша ашылған жылыжайдан 4 000 данаға жуық жоғары сортты голландиялық қияр (кибрия – әр түптен 2-7 кг өнім), қызанақ (махитус – әр түптен 7-15 кг өнім), және бұрыш (фламинго – әр түптен 2-6 кг өнім) түрлерінен өнім алынуда. Жылыжай толықтай компьютерлендірілген. Жылыжайда тамшылатып суару технологиясы қолданылып суғарылады. Эксперимент ретінде алғаш рет қызанақтың голландиялық өнімділігі жоғары «махитус» сорты субстратта өсіріліп отыр.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-да «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінің «Биология» кафедрасы жанынан құрылған «Фитохимия» орталығы алдағы уақытта Жамбыл облысының толыққанды экономикалық дамуы мен өркендеуіне қомақты үлесін қосып, өңіріміздегі таңдаулы ғылыми-өндірістік орталықтардың біріне айналады деп күтілуде.

Дереккөзі: tarsu.kz

2993
Қатысушылар
Қатысу