Айтулы шара

02.04.2015 ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов азаматтарды жеке қабылдау өткізді

«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов азаматтардың жеке қабылдауын өткізді, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметінен.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі Астана қаласының тұрғыны Зәуре Қарсыбаева жұмысқа тұру мәселесіне байланысты арызын айтты.

«Мен ұзақ уақыт Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұзақ уақыт оқытушы болып жұмыс істедім. Магистратура бағдарламасы бойынша шет елде оқу грантын жеңіп алғаныма байланысты жұмыстан кетуіме тура келді. Енді жұмысқа тұра алмай жүрмін»,- деп шағымданды Зәуре Қарсыбаева.

Арызданушыны тыңдап шыққан Аслан Сәрінжіпов оның шағымын жоғары оқу орны басшылығына жолдауға уәде берді. Министрге келген Мейрам Қабдырахманұлы өз қызының Назарбаев университетіне алынуына ықпал етуін сұрап өтініш жасады.

«Менің қызым малайзиялық университеттерді бірінде екінші курста оқиды. Оқытушылар оның оқу үлгерімінің жақсы екенін айтады. Отбасылық жағдайымызға байланысты біз оны қазақстандық жетекші жоғары оқу орнына ауыстырғымыз келеді», - деген қалауын білдірді Мейрам Қабдырахманұлы.

Оған жауап берген А.Сәрінжіпов әр университеттің базасында аталған мәселелерді реттейтін қабылдау комиссиясының жұмыс істейтінін айтты.
Қабылдауға келген Гүлфайруз Қалдыбаева оның университеттегі дипломының қайтарылуына ықпал етуін сұрады.

«Екінші жоғары білім алу мақсатында мен М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясына құжат тапсырдым. Алайда оқу үшін алдын-ала төлем жасай алмағаным үшін университет әкімшілігі дипломымды маған қайтарудан бас тартуда», - деді ол.

Өз кезегінде министр қарамағындағы қызметкерлеріне қалыптасқан ахуалды шешуге ықпал етуге тапсырма берді.

Дереккөзі: inform.kz

2418
Қатысушылар
Қатысу