Айтулы шара

07.04.2014 ҮШ АУЫСЫМДА ОҚЫТУДЫ ЖОЮ КЕРЕК
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдап, еліміздің білім беру мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, сала басшысына нақты тапсырмалар берді.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл білім және ғылым саласын дамытуға Үкімет 1,5 триллион теңге бөлетінін атап өтті. Осыған қарамастан елімізде мектеп жетіспеушілігі, үш ауысымда оқыту әлі күнге дейін күн тәртібінен түспеуде. Апатты жағдайдағы мектептер де бар. Осыған байланысты құрылысқа, соның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынатын нысандарға бөлінетін қаражаттың тиімді пайдаланылуын қадағалау қажеттігін ескертті.

– Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 52 мектеп бар, сөйте тұра 2013 жылы бюджеттік емес көздер есебінен 1,5 миллиард теңгеге өңірде Бокс және күрес сарайы салынған. Оңтүстік Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 48 мектеп бар, бірақ бюджеттік емес қаржы көздері мен жергілікті бюджет есебінен 2012-2013 жылдары 500 миллион теңге Салтанат залына бөліпті. Қызылорда облысында апатты жағдайдағы 25 мектеп бар, бірақ өткен жылы Мұзайдын құрылысына 1,3 миллиард теңге жұмсаған. Бұл нысандардың барлығы да халыққа қажет, бірақ алдымен апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіріп, үш ауысымда оқытуды жою сияқты ең қажеттілерін анықтап алған жөн, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ кездесуде Президент министрге дуальды оқыту жүйесін отандық білім жүйесіне енгізіп, Еуропа елдерінің іс-тәжірибесін зерттеуді тапсырды. «Жастардың мектепте оқуының, техникалық-өндірістік және жоғары білім алуының маңызы зор. Компаниялар мемлекеттің көмегімен жастарды даярлау мәселесін өз мойнына алуы үшін дуальдық оқыту жүйесін дамытқан жөн. Ол үшін Еуропа елдерінің тәжірибесін тағы да мұқият зерттеу қажет», – деді Қазақстан Президенті. Қазақстан Президенті университеттердің автономды болу қағидаттарын айқын түсіну қажеттігін де атап өтті.

– Автономды болу оқу бағдарламаларына, біліктілікті арттыру мәселелеріне, білім сапасына, тәжірибелі оқытушы-профессорлық құрамды тартуға қатысты. Алайда кейбіреулер автономдылықты жоғары оқу орнының дербестігі, ректорларының өзгермейтіндігі, одан әрі жекешеленуі деп түсінуде. Сондықтан жоғары оқу орындарының автономды болуының мақсаты, міндеттері және шарттарына қатысты нақты бағдарды айқындап берген жөн, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан басқа Президен ҚР Білім және ғылым министріне мектепке дейінгі білім берумен қамту, университеттердегі білім беру сапасын арттыру және мемлекеттік білім гранттарын тиімді бөлу жұмыстарын жалғастыру туралы тапсырма берді.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Аслан Сәрінжіпов «Балапан» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде балалардың мектепке дейінгі біліммен 80 пайыз қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, үш жыл ішінде барлық өңірлерде үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу жоспарланып отыр. Тұрғындар саны көп екі облыста, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында бұл мәселе 2017 жылға қарай шешімін табатын болады.
2479
Қатысушылар
Қатысу