Айтулы шара

13.02.2015 Аслан Сәрінжіпов: «Стандарттар жаңарып, жаңа оқу бағдарламасы әзірленді»

Астанада ҚР Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі болып өтті. Есепті жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты. Алқалы басуға арнайы келген вице-премьер талапқа сәйкес келмейтін оқу орындары жабылатындығын қадап айтты. «Бұл тұрғыда ары қарай тиісті шараларды қабылдаймыз. Бас прокуратурамен бірлесе тексеріп, талапқа сай келмейтіндерін жабамыз. Сондықтан лицензия талаптары бар және осы талаптарды орындаңыздар», – деді Б. Сапарбаев.
Алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаев Білім және ғылым министрлігіне жергілікті жерлермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жүктеді.
– Жекеменшік жоғары оқу орындарына қатысты тоқталатын болсам, министрмен бірге Астанада екі ЖОО-ға барып, олардың жағдайымен таныстық. Айтуға ұят, студенттер мен база жоқ, бірақ та мамандар даярлап жатырмыз деп мәлімдеуде. Бұл не өзі? Балалардан ұялуымыз керек қой, ертең олар қандай маман болады және қалай жұмыс істейді? Сондықтан да бұл тұрғыда қатаң тәртіп болатындығы жайында жекеменшік және мемлекеттік жоғары оқу орындары мен колледждердің басшыларын ескертемін. ҚР БҒМ комитетіне тиісті тапсырма берілді, – деді Б. Сапарбаев.


Осы орайда Б. Сапарбаев ведомствоның өңірлермен жұмыстары тиісті деңгейде атқарылмай отырғандығын сынға алды.
– Қазіргі мүмкіндіктер мен жағдайды ескере отырып, білім саласының Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындауға барлық мүмкіндігі бар. Ол үшін күнделікті жұмысты белсенді атқарып, талдау мен бақылау қажет. Менің ойымша, ең негізгісі – қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі өзге ведомстволармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ ең бастысы, жергілікті жерлермен жұмыс істеуі керек, – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Алқалы басқосуда үстіміздегі жылы елімізде 109 жаңа мектептің құрылысы аяқталатынын мәлім болды. Бұл туралы бүгін өткен ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
– Биыл елімізде 109 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр. Олардың 65-і апатты жағдайдағы мектептерді алмастыратын болады. Осы жерде өңірлердегі әріптестеріме ескерте кетейін, мектеп салуға өтінім тек жаңа типтік жобалар бойынша дайындалған жобалық-сметалық құжатнамалар болса ғана қабылданады, – деп ескертті А.Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, сонымен қатар, 2015 жылы орта білім беру жүйесінде жоғары сыныптарға арнаған Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын жетілдіру жұмыстары аяқталып, аталған стандартты бастауыш мектептерде 1-сыныптардан бастап апробациялау жүзеге асырылады. «Ал ұстаздар мен мектеп басшылары электронды білім беру, жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтетін болады», - деді министр.
2016 жылы Қазақстанда үш ауысыммен оқитын мектептер 2 есе азаяды. Өз кезегінде сала басшысы:
– Орта білім беру саласында біз стандарттарды жаңалап, жаңа оқу бағдарламаларын әзірледік. Бастауыш және орта білім беру саласына арнап 120 жаңа мектеп салдық. Келесі жылы тағы 110-нан астам мектепті қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2016 жылға қарай апатты жағдайдағы мектептер 30 пайызға, ал үш ауысыммен оқитын мектептер 2 есеге азаяды, – деді. Бүгінде еліміз кәсіби-техникалық білім беру саласында ҚР БҒМ дуальді оқыту жүйесін дамытуды баста мақсат етіп отыр. ҚР БҒМ ақпаратына сүйенсек, бүгінде Қазақстанда жалпы білім беретін 7 563 мектеп бар. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, 50 апатты жағдайдағы мектеп пен 27 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілген.

Дереккөзі: inform.kz

2566
Қатысушылар
Қатысу