Ғылыми жаңалықтар

Карантин кезінде ауа тазарды ма? Локдаун кезінде ғалымдар ауаның тазалығын тексеріпті...

29.01.2021

3387

Әлемді жайлаған қауіпті індет елімізге жетіп, жағдай ушық­қанда бәріміз «інге тығылған тышқанның» күйін кештік. Үйде оқшаулануды әлемде локдаун (lockdown – адамдар немесе қоғамдастықтың өзіне яки өзгелерге қауіп төн­дір­мес үшін өз орнында болуын талап ету, болмаса қатер­лі аймақ­тарға емін-еркін кіріп-шығуын шектеу саясаты) деп атайды. Сол локдаунда біз үйден шықпай отырсақ, ға­лымдар зертханада жүріп, көшеде көлік пен адам аяғының азаюы­нан ауаның қаншалықты тазаруы мүмкін екенін зерт­тепті.

Біз әдетте ауаны ластай­тын ең негізгі факторды көліктер деп білеміз. Көліктерден бө­лінетін көмірқышқыл газы­ның атмосфераға зиянды еке­ні санамызға сіңген ғой. Ал ен­ді осы ой ғылыми тұрғыдан не­гіз­делген бе? Проблеманың бәрі тек көліктерден туып тұр ма?

Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, химия сала­сы бойынша PhD докторы Наси­ба Байматова өзінің шетел­дік және отандық әріп­тес­терімен бірге зерттеу жүр­гізді. Соның нәтижесінде бір топ ғалымның Science of the Total Environment апта­лық журналында локдаун­ кезінде ірі қалалардағы ауа са­пасының өзгеруіне қа­тыс­ты ғылыми мақаласы (Түп­нұсқасы: Assessing air quality changes in large cities during COVID-19 lockdowns: The impacts of trafficfree urban conditions in Almaty) жария­ланды. Бізді елең еткізгені Ал­маты шаһарының ғылыми зерттеудің басты нысанына айналғаны болды.

– Airvision.kz қорының қолдауымен карантин кезінде Алматыдағы ауа сапасына мониторинг жасауға мүмкіндік алдық. Зерттеу барысында­ бензол, толуол, этилбензол, о-ксилол секілді қатерлі ісік пен түрлі ауруларға душар ете­тін қауіпті химиялық зат­тардың мөлшеріндегі өзге­рістерді бақыладық. Бұ­ған дейін, нақтырақ айтсақ, 2015 жылы бірнеше ғалым болып университеттегі зертханамызда дәл осы Алматы қаласының ауа сапасын, атмосферадағы қауіпті химиялық заттардың мөл­шерін зерттегенбіз. 2020 жылғы карантин кезін­де­гі ауа сапасын зерттеген нәти­желерді 2015 жыл­ғы көр­сеткіштермен салыс­тыр­дық. Алматылықтар локдаун­ уа­қытында Алатаудың анық көрінгенінен-ақ ауаның ана­ғұрлым тазарғанына сенді. Бі­рақ ауа құрамындағы қауіпті химиялық заттардың мөлшері қалпында қалды, – дейді хи­мик-ғалым Н.Байматова.

Ғалымның сөзіне сенсек, зерт­теу қорытындысы ауаны тазарту мәселесінің тек кө­лік­терден келетін қауіпті азай­тумен шешілмейтінін дә­лел­деді. Әлбетте қауіпті кіш­­кене сейілтуге септеседі, де­ген­мен бұл себеппен емес, тек салдармен күресуді көрсе­теді.

Аталған ғылыми мақала­ның бірінші авторы, соңғы жылдары қалалардағы ауа сапасын зерттеп жүрген эколог-ғалым Айымгүл Керімрай Ал­ма­тыдағы ауа сапасының қыс мез­гілінде күрт нашарлайтынын айтады.

– Мен энергетик немесе жы­лу желілерінің инже­нері емеспін. Бірақ жылу электр стансаларының (ЖЭС) қыс­тыгүні жаз мезгі­ліне қарағанда, отынды көп жағатынын білуге жоғарыда аталған маманның бірі болудың қажеті жоқ. Мә­селен, алматылық ЖЭС 2020 жылғы қаңтар айында 9 мың 500 тонна көмір жақ­­ты. Ал маусым айында­ жылытуға бар болғаны 5 мың тонна көмір кетті. Көп­те­ген ел көмірмен жы­лы­тудан бас тартып жатыр. Ғы­лыми зерттеулерімнің нә­ти­жесінде мен «Ауаны лас­тайтын ең негізі фактор – жы­лыту жүйелері» деген қо­ры­тындыға келдім, – дейді А.Керімрай.

Жұтып отырған ауаның таза болмауының адамдар тыныс алу, жүрек-қан ауруларына жиі шалдығады. Мәселен, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының дере­гінше, тыныс алу орган­да­рының жалпы ауруларымен 360 890 алматылық (2018 жыл­ғы) есепте тұр.

https://egemen.kz/article/263082-karantin-kezinde-aua-tazardy-ma

«« | »»
Соңғы жаңалықтар