Ғылыми жаңалықтар

Ғалымдар еліміздің агроөнеркәсіптік әлеуетін саралады

25.07.2018

4324

Жақында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінің агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Агроөнеркәсіптік кешенін заман талаптарына сай жандандыру мәселелеріне арналған жиынға ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, аграрлық саланың білікті мамандары, ауыл шаруашылық тауар өндірушілер, Қазақстан және Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан елдерінің аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындары мен ғылым академияларының және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.
Атап айтсақ, ҚР Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының президенті Ғани Қалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, А.А.Никонов атындағы Бүкілресейлік аграрлық проблемалар және информатика институтының директоры, РҒА академигі Александр Петриков, Украина «Аграрлық экономика институты» Ұлттық ғылыми орталығының кеңесшісі, Украинаның ҰАҒА академигі Петр Саблук, Беларусь ҰҒА экономика институтының директоры, э.ғ.к., доцент Валерии Бельский сынды және басқа да атақты ғалымдар болды.
ҚР Ауыл шаруашылық ғылымдары академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу инcтитуты Халықаралық конференцияны ұйымдастыруға ат салысты. Жиынды ашқан ҚР Ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының президенті Ғани Қалиев қонақтарды қарсы ала отырып, Қазақстанның ЕЭО жағдайындағы агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелерін талқылап, ЕЭО елдерінің аграрлық саласындағы ортақ принциптерді сараптау, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауылшаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту туралы сөз сөйледі.


Кезекті сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов Қазақстандағы аграрлық білім мен ғылымды дамытудың инновациялық тәсілдері, ауылшаруашылық ғылымы мен өндірісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Беларусь ҰҒА экономика институтының директоры Валерии Бельский агроөнеркәсіптік саясат жөнінде баяндама жасады.
– Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясын құру кезінде келісілген бірыңғай агроөнеркәсіптік саясаттың бағытын анықтау мәселесі көтерілген болатын. Мұнда Қазақстанның рөлін ерекше атап өту қажет. Қазақстан агроөнеркәсіптік саясат тұжырымдамасын дайындауды ұсынды. Бұл тұжырымдама бізге агроөнеркәсіп саласындағы бағытымызды анықтауға мүмкіндік берген жоғары дейңгейдегі ең алғашқы құжат болып табылады. Құжатта әріптестіктің сегіз негізгі бағыты айқындалған. Біз осы жағдайда бірыңғай агроөнеркәсіптік саясат бағыттарын жетілдіру ұсыныстары бойынша алға ұмтылуымыз керек, – деді доцент Валерии Бельский.
Украина «Аграрлық экономика институты» Ұлттық ғылыми орталығының кеңесшісі Петр Саблук Украинадағы аграрлық сала қалыптасуының өркениетті идеясы туралы баяндады:
– Біз аграрлық кешенді дамыту бойынша ұсыныстар жасадық. Осы ұсыныстардың бірнеше нұсқасын сіздерге әкеліп отырмын. Аталған әдістемелерде кіріс мөлшері көрсеткіштерін ескеру және аудандардағы көрсеткіштер сәйкестігін тексеру ұсынылған. Сондай-ақ, ұсыныстар агроөнеркәсіп кешеннің дамуына едәуір септігін тигізеді. Осы ұсыныстар арқылы адамдар қандай жетістіктерге жетті және әлі қандай жұмыстар атқарукеректігін біле алады.
– Бір стратегтің айтуынша, «Егер сіз мұнай бағасын басқарсаңыз, сіз мемлекетті басқарасыз. Ал егер сіз тағам бағасын басқарсаңыз, сіз халықтың мінез-құлқын басқарасыз, – деп баяндамасын бастаған А.А.Никонов атындағы Бүкілресейлік аграрлық проблемалар және информатика институтының директоры Александр Петриков Ресей аграрлық саясатының басымдықтары және ауыл шаруашылығының даму бағыттарына тоқталып өтті.
Университет ғалымдары өз білімдерімен, жинақтаған тәжірибелерімен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өндіріске енгізілгеннен кейінгі нәтижелерімен бөлісті. Жиында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция нәтижелері бойынша тараптардың бірлесіп жүзеге асыратын нақты іс-шаралары белгіленіп, резолюция қабылданды.

Гүлнұр Жұматаева, ҚазҰАУ Баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген: М.Ботабеков.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар