Ғылыми жаңалықтар

Жас ғалым жаңа мал азығын ойлап тапты

19.07.2018

3836

Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылының тумасы 17 жасар Мағжан Ысқақ өз ауылында Голландиялық әдіспен жем өсіріп шығарды.
Биылғы мектеп бітіруші түлек 2017 жылы Алматы облысы әкімінің «Very Innovative People» атты инновациялар мен жаңа технологиялар байқауына қатысып, аталған жобада 2 600 000 теңге көлемінде грант ұтып алған. Айта кетерлігі, бесінші рет өтілген ғылыми жобада алғаш рет ауылдық округтен шыққан азамат жеңіске жеткен. Нәтижесінде жас ғалым бүгінгі таңда жылыжай салып, Голландиялық ботаник Хуго де Фриздің әдісін пайдалана отырып, күн сәулесін және топырақты қажет етпейтін, небәрі 7 күнде шығатын бидай өсіріп шығарды. Голландиялық ботаник 18 күнде өсірген өсімдікті Мағжан 7 күнде өсіріпті.
Ауыл тұрғындары арасында қызығушылық танытып, жемді өз үйлерінде өсіруге ниет білдірушілер де аз емес. Оған бірден-бір себеп жыл мезгілін таңдамай өсетін жемді жеген мал тез қомданатыны себепші болған. Сонымен қатар, жас ғалым аудан жастарын тарта отырып, семинар өткізу жоспарының бар екендігін атап өтті.
– Осыдан бес жыл бұрын бір ғалымның, «Нобель сыйлығын алғысы келген адам өсімдікті қолдан шығаруы қажет. «Көміртек монооксидін сіңіріп, оттек шығаратын өсімдіктен басқа дүниені қашан ойлап табады?» деген сөзі мені қатты ойға қалдырды. Бұйырса, екі жыл ішінде биофизиканы оқып, көміртекті сіңіріп, глюкоза түсетін және нәтижесінде оттек шығаратын аппарат ойлап табуды мақсат етудемін. Осындай жаңаша идеям бар. Бұл болашақтағы үлкен жоспарларымның бірі, – дейді болашақта медицина саласының қызметкері болуды мақсатеткен Мағжан.
Сонымен қатар, жас ғалым қазіргі таңдағы жобаларының ішінде бір реттік жөргектердің (подгузниктердің) зиянын ғылыми тұрғыда зерттеп, С.Асфендияров атындағы медициналық университетінің ұстаздарының демеушілігімен Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған. Бүгінде сол хаттың жауабын күтуде.
– Жемді қыс мезгілінде жүйелі түрде өсіретін болсақ, 25 ірі қара малды еркін түрде қорекпен қамтамасыз етуге болады. Сан гектар жерге егін еккенше, кішкене ғана тақтайшаларға жем өсіріп алудың пайдасы ұшан-теңіз. Осылайша мемлекетке өз пайдамды тигізсем, – дейді жас ғалым.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар