Ғылыми жаңалықтар

Техногенді бұзылысқа ұшыраған жерлерді қалпына келтірудің жаңа бір тәсілі анықталды

05.04.2018

4780

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғалымы, б.ғ.к. М.М. Фартушина Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны және іргелес аймақтарының бұзылған экожүйесін биологиялық қайта қалпына келтіру туралы жобасын жасады. Жоба барысында Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны және оған жақын маңдағы техногенді ландшафттардың жылдам қалпына келтіруді қатамасыз ететін топырақтың минералды бөлігіне, оның биоэнергетикалық көрсеткіштеріне, бұзылған экожүйені қалпына келтірудің биологиялық тәсілдеріне сипаттама жасалды.
Зерттеу аясында орман алқаптарындағы топырақтың 5%-ға жуық бөлігі арқылы газ құбырлары өтеді, ал 75%-ы тыңайған жағдайдағы жерлер. Тек осы жерлердің 20%-ында ғана табиғи өсім бар. Орман алқаптарындағы жерлерде ауыр металдардың (Zn, Cd, Cu, Co, Ni) көп бөлігі бар. Жасыл аумақтардағы азоттың мөлшері 1,64%. Кен орнындағы топырақтағы микроағзаларды зерттеу барысында микробтық жасушалардың қарашіріктерде көбірек болатынын және техногенді жүктеменің артуы микроағзалар санын 4 есеге азайтатынын көрсетті.
Жоба бойынша 2013-2015 жылдар аралығында 27 мақала жарыққа шықса, оның 10-ы шетелдік басылымдарда басылған. Зерттеу нәтижесі Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде жалпы көлемі 770 га болатын аймаққа енгізілді.
Аталған аймақтарда ауыл шаруашылығы өндірісінде кеңінен қолданылатын көпжылдық өсімдіктерді жартылай жабын тәсілімен дәнді және майлы дақылдарды бірлесе егу техногенді бұзылған жерлерді биологиялық тұрғыдан қалпына келтірудің жаңа тәсілі ретінде ұсынылды. Астық-бұршақ тұқымдас аралас шөпті түйе бұршақпен араластыру қарашіріктің жиналу үдерісін күшейтеді, бұл өз кезегінде техногенді-бұзылған жерлердегі топырақты қалпына келтіруде маңызды биологиялық фактор ретінде болашағы бар деген қорытынды жасауға негіз береді.

«ҰМҒТСО» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар