Ғылыми жаңалықтар

Жас ғалымдар педиатрия және балалар хирургиясының өзекті мәселелерін талқылады

06.03.2018

5270

Жақында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен «Педиатрия және балалар хирургиясының бүгінгі өзекті мәселелері» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген (Абайдың 32 қарасөзі) ұранмен тұңғыш рет Педиатрия орталығында өткізіліп отырған шара еліміздің барлық медициналық ЖОО докторанттары мен магистранттарын және медициналық мекемелерде резидентурада оқып жатқан 100-ден астам жас педиатр дәрігерлердің басын қосты. «Шараны өткізудегі басты мақсат - жас ғалымдардың ғылыми ізденіс бағыты мен білім беру саласының маңызды мәселелерін талдау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру. Конференцияға ең үздік деп танылған, арнайы комиссия алқасынан іріктеуден өткен ғылыми жұмыстар ұсынылды. Бүгінгі күні жас педиатрларды дайындауда білім, ғылым мен тәжірибенің интеграциясы маңызды орын алады. Ғылым мен білімнің интеграциясы заманауи эксперименті базада нақты ғылыми-зерттеулер негізінде жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.
Конференцияның ашылу салтанатында С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин, балалар аурулары кафедрасының профессоры Болат Хабижанов алғы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі конференция жас дәрігерлер үшін нағыз тәжірибелік маңызы зор шара мен кәсіби өсуде маңызды пікір-алмасу алаңы болып отыр. Ғылымға алғаш қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тілеймін. Педиатрия саласының болашақ медицинасын дамыту жастар сіздердің қолдарыңызда, – деді Т.Нұрғожин.
Ғылыми конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері, сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу және т.б. осы сынды нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, арнайы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар ұсынылды. Сондай-ақ, жас дәрігерлердің ғылыми жұмыстары мен постерлік баяндамалары арнайы көрмеге қойылды.
«Педиатрия» және «Балалар хирургиясы» секциялары бойынша өткен конференцияда 34 ауызша баяндама тыңдалып, 14 постерлік баяндама ұсынылды. Педиатрия саласының білікті мамандарынан, атап айтқанда Т.С.Нұрғожин, К.А.Мажибаев, К.О.Омарова, Г.Т.Ташенова, Б.Х.Хабижанов, Н.С.Божбанбаева, М.Н.Шарипова, Т.А.Джумабеков, Н.Н.Ахпаров, К.Э.Хаиров, Н.С.Божбанбаевадан құралған профессорлық құрам жиынның модераторлары болды.
Ғылыми конференция соңында ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды:
1. «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша);
2. «Үздік мақала» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша);
3. «Үздік постерлік баяндама».
Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланды. Журнал ғылыми қызметтердің нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒБМ-нің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ Ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді.
Орталық емдеу мекемесі ғана емес, тәжірибелі кадрларды дайындау базасы ретінде танымал. «Педиатрия» және «Бала хирургиясы» саласы бойынша резиденттер осында оқытылады. Жыл сайын орталық педиатрия және хирургия бойынша 15 жас педиатр дәрігерлерді дайындаса, соңғы 3 жылда 41 резидент бітіріп, бүгінгі күні жас мамандар еліміздің әр аймағындағы медициналық орталықтар мен мекемелерде қызмет жасауда. Қазіргі таңда Педиатрия орталығында 17 резидент білім алып, біліктілігін тәжірибемен ұштастырып, онкогематология, кардиохирургия, аутоимунды гепатит, сирек аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда.


Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ-дың, «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру» университеті мен Республикалық медициналық колледждің клиникалық базасы болып табылады. Орталық базасында бала гемотологиясы, кардиологиясы жəне ревмотологиясы бойынша қайта даярлықтан өту, педиатрияның көкейкесті мəселелері (пульмонология, гемотология, гастроэнтерология, кардиорев-мотология, функциональдық нақтамалау жəне зертхана ісі) бойынша дəрігерлердің білімін жетілдіру циклдары жүргізіледі.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына əр жылдары Н.А.Барлыбаева, Ə.Қ.Машкеев, Б.Ж.Тастанбеков, К.О.Омарова, А.С.Тыныбеков, А.С.Аюбаев жетекшілік етті. Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі директор орынбасары қызметін м.ғ.к. Гүлжан Сарсенбаева атқарады.
Орталықта төмен салмақпен туылған нəрестелердің күтімі, церебральдық жəне инфекциялық патологиямен туған сəбилерді емдеу, асқазан-ішек жолы, жүрек-қан тамыры, қолқа-өкпе, несеп шығару жүйелері ақауларымен туылған балаларды хирургиялық түзету жəне консервативтік əдістермен емдеу, балалардың қан ауруларын, муковисцидоз, демікпе, целиакия ауруларын емдеу мəселелерін қамтитын бірқатар ірі ғылыми жұмыстар орындалуда.
2016 жылы Орталық екі ірі мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаның әзірлемесін аяқтады: «Арал маңы халқының денсаулық жағдайын басқарудың кешенді тәсілдемелері» және «Балалар денсаулығын және репродуктивті денсаулықты қорғаудың жаңа технологияларын әзірлеу». Ал, 2017 жылдан бастап орталық «Қоғамдық денсаулықты сақтау мақсатында профилактикалық орта қалыптастырудың ғылыми негізін әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасын дайындауға қатысуда.
Ғылыми-техникалық жетістіктері үшін орталық «110 патент» алған. Сондай-ақ, 25 монография шығарылып, орталықта 70-тен астам әдістемелік ұсыныстар жасалған.

Қосымша ақпарат: 1932 жылы 28 қарашада Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланып, биыл 85 жыл толған орталық бүгінде білікті де тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекеменің бірегейі. Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы емдеу мекемесі ғана емес, білігі мен білімі ұштасқан тәжірбиелі кадрларды әзірлейтін білім беру базасы, сонымен бірге Қазақстан Республикасындағы педиатрия қызметінің басты үйлестірушісі болып табылады.
Бұл жерде дәрігерлердің көп жылдық тәжірибесі педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы медицина мен ғылымның инновацияларымен үйлесім тапқан. Орталықтың басты мақсаты мен міндеті - инновациялық технологияларды және медицина ғылымының озық жетістіктерін қолдана отырып Қазақстандағы балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету және өңірлерде педиатриялық қызмет жұмысының іске асуын үйлестіру.
Орталықта 700-ден астам қызметкер аянбай еңбек етуде, оның ішінде – 147 дәрігер, 1 академик, 20 медицина ғылымдарының докторы жəне 36 медицина ғылымдарының кандидаттары бар. Орталық озық әлемдік клиникаларда, атап айтқанда Израиль, ОАР, Шотландия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Австрия елдерінде түрлі тағылымдамалардан өткен білікті де кәсіби кадрлармен жасақталған.
285 төсек-орынға арналған клинкада жылына 1 жастан бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірлерінен 6000-нан астам бала жоғары деңгейде қажетті медициналық көмек алады.
Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығында туа біткен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларын, тұқым қуалайтын синдромдарды, біріншілікті иммунтапшылығын және басқа да балалар жасындағы күрделі ауруларды әлемдік стандарт бойынша емдейтін хирургия, неонатология, онкология және гематология, соматика, пульмонология, кардиоревматология, балалар кардиохирургиясы жəне интервенциялық кардиология сынды 16-дан астам бөлімдер бар. Сондай-ақ, орталықта әртүрлі салаға арналған 4 жан сақтау бөлімшесі және заманауи жоғары деңгейде жарақтандырылған аферез және трансфузиология бөлімі қамтылған гемопоэздік өзектік жасушалардың сапасын бақылау зертханасы, клиникалық-диагностикалық зертхана бар.
Ғылыми орталықта балалар онкологиясы/гематологиясы, кардиохирургия саласында, зертханалық іс, сирек кездесетін балалар аурулары бойынша танымал шетелдік мамандарды тарта отырып шеберлік-сыныптары өткізіледі. Барлығы 3 жылда 500-ге жуық маман оқытылған 18 шеберлік-сыныбы өткізілді.
Орталық жыл сайын ғылыми-практикалық конференция және 4 жылда 1 рет жақын және алыс шетел ғалымдарының қатысуымен педиатрия және балалар хирургиясының өзекті мәселелерін талқылау үшін Бала дәрігерлерінің съезін өткізіп отырады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері орталықта әлемдік стандарт сапасына сай жоғары медициналық технологиялар қолданылып келеді.
Орталықта мамандардың біліктілігін арттыру да жолға қойылған. Мекемеде «Педиатрия», «Бала хирургиясы», «Балалар кардиологиясы», «Балалар ревматологиясы», «Балалар гематологиясы мен онкологиясы», «Балалар гастроэнтерологиясы» саласы бойынша тәжірбиелі мамандар дайындау жұмыстары қолға алынған. Дәрігерлер мен ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында орталық жылдар бойы қарқынды жұмыс жасап келеді.
Орталық көптеген халықаралық клиникаларымен, орталықтарымен жəне қоғамдарымен ынтымақтастық орнатып, Израиль, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия сынды әлемдік жетекші клиникалармен жұмыс жасайды. Атап айтқанда, Италияның Бергамо қаласындағы кардиохирургиялық орталығымен, Германияның (Берлин қ.) Шаритэ университеттік медициналық кешенімен, Мәскеудің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы ғылыми-зерттеу институтымен, Оңтүстік Кореяның Пуссондағы университеттік клиникасымен, Венгрияның (Будапешт қ.) гемопоэздік өзектік жасушаларды трансплантациялау және балалар гематологиясы орталығымен, Киев қаласының Балалар кардиологиясы мен кардиохирургиясы ғылыми-практикалық орталығымен, әлемнің түркі тілдес елдерінің Ұлттық педиатрия қоғамының Одағы, Санкт-Петербургте орналасқан жаңадан туғандардың жан сақтау жəне хирургия орталығы, Стамбул (Түркия), Новосібір, Томск кардиохирургиясы және т.б. таяу жəне қиыр шетелдің түрлі клиникаларымен, орталықтарымен жəне қоғамдарымен ынтымақтастық байланыста.

Ана мен бала денсаулығын қорғау біздің мемлекетіміздің басымдыққа ие міндеттерінің бірі. Республикада халықтың үштен екiсiн 18 жасқа дейiнгi балалар мен бала туу жасындағы әйелдер құрайды. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасының нәрестелердің және балалардың денсаулық көрсеткіштерін жақсарту, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, өлім-жітімін азайту, əйелдер мен балалардың денсаулық индексін көтеру, əртүрлі аурулардың, əсіресе, балалардың жұқпалы ауруларының алдын алу бойынша шараларды күшейту бағдарламаның басты бағыттарының бірі болып табылады. Аталмыш бағдарлама аясында қолға алынып, іске асырылған ірі жобалардың нәтижесінде ана мен бала өлімін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізіліп келеді. Бұл тарапта балалар өмір жасын ұзарту, бала денсаулығын нығайту жолында орасан зор үлес қосып келе жатқан Педиатрия орталығының, аянбай еңбек етіп жүрген педиатрлардың, балалар дәрігерлерінің еңбегі зор.
Ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде жаны қиналған сәтінде іздейтіні де, жүгінетіні де – дәрігер. Ал, бауыр еті баласы ауырғанда ең бірінші жандарына бататыны ата-анасы, әсіресе анасының жанының қиналатыны белгілі. Осындай жағдайда адам жанының арашашысы ақ халатты абзал жандардың қамқорлығы қашан да қажет. Абыройлы міндетті жете түсініп, сәби денсаулығын, нәресте амандығын басты назарға алып отырған бірден-бір еліміздегі республикалық медициналық мекеме – ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына биыл 85 жыл толып отыр. Мемлекеттің басты байлығы – адам» екенін жақсы түсінетін ақ халатты абзал жандар өздеріне жүктелген жауапкершіліктің зор екенін жақсы түсінеді.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар