Ғылыми жаңалықтар

12 жылдық білім беруге көшу мектепке дейінгі білім беру есебінен жүзеге асатын болады - БҒМ

26.02.2015

5005

12 жылдық білім беруге көшу мектепалды дайындық есебінен жүзеге асатын болады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар сауалына жауап берген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.
Еске салайық, жалпы отырыста «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін министрлік 12 жылдық білім беруді уақытша тоқтату туралы мәлімдегенімен, кейін Елбасы аталған жүйеге кезең-кезеңімен көшу туралы тапсырма жүктеген болатын. Осыдан кейін, білім және ғылым министрлігі «1+11» үлгісін қарастырған болатын. Алайда, депутаттардың айтуынша, бұл үлгі жүйені іске асыру тетігін нақты әрі толық түсіндіріп бермейді.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, білім беру жүйесі ешқандай да қиыншылықтарға қарамастан дамиды. Сондықтан да, қолданыстағы 11 жылдық жүйе сақталып, 12 жылдық білім беруге көшу мектепалды дайындық есебінен жүзеге асатын болады. Қазіргі таңда 6 жастағы балалардың 95 пайызы осы бағдарлама арқылы өтеді. Жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты қазір дайын. Бұған білім беру стандартын сәйкестендіру жұмыстары атқарылуда», - деді Аслан Сәрінжіпов.

Оның айтуынша, жаңа стандарттарға қатысты заңнамалық өзгерістер енгізу де көзделеді. Сосын наурыз айында Үкіметтің отырысында білім мәселелері толық талқыланады. «Жалпы аталған жұмыстар қазіргі таңда қосымша қаражат талап етпейді, қосымша мектептер салу да қажет емес. Биылғы жылғы қарастырылған бюджет толығымен жеткілікті», - деді А. Сәрінжіпов.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар