Ғылыми жаңалықтар

Өнертабыс – қоғам дамуының қозғаушы күші

26.05.2014

17879

Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы, техника ғылымдарының докторы:
– Сіздің инновация саласында ең­бе­гіңіз аз емес, заман алға жылжыған сайын өнертабыстағы жаңа технология ғасыры жаңарып барады. Бұған қалай қарайсыз?

– Ғылым жетістіктерінің адамзат қо­ға­­мының дамуына, қоршаған ортаның өз­герістеріне тигізетін әсерін зерттеуші ха­­лықаралық орталықтардың көр­се­ту­ле­рін­ше, соңғы екі жүз жылдағы экономика өсі­міндегі өнертабыстың үлесі 90 пайыз­ды құрайды. Бүгінгі үдемелі жаһан­дану ке­зеңінде, әлем күрделі технологиялық серпінді өзгерістердің табалдырығында тұр. Өмірге бұрын-соңды кездеспеген ма­териалдар, тұрмыс бұйымдары, өндіріс құ­ралдары, қалдықсыз, қауіпсіз қуат көз­дері келе жатыр.

Технологиялық серпіліс салдары – же­дел жаңа өнеркәсіп орындарын қа­лып­тастыру, шикізат сұранысын шектеу, әлем­дік еңбек бөлісін өзгерту.

Өткен ғасырда әйгілі Нобель сый­лы­ғына ие болған ғылыми жаңалықтың тұр­мысқа енуіне 30-40 жыл қажет болса, бү­гінде бұл уақыт 7-8 жылдан аспайды. 2010 жылы физика саласындағы Нобель сый­лығы көміртектес графен атты ма­те­риалды жасау технологиясын дайындаған ұлыб­ританиялық өнертабыс иелеріне бе­рілген болатын. Графеннің қалыңдығы бір атом, жазық, тұнық, өте жеңіл, үй­ке­ліс­ке шыдамды, беріктігі болат құйма­ла­ры­нан 200 есе жоғары, электр тогын өт­кізу қабілеті шексіз дерлік.

Алғашында графен өндірісі 2020 жыл­­дан бастап іске қосылуы мүмкін деп жо­рамалар жасалынған. Бірақ болашағы айқын, берешегі аса зор өнертабысты бә­се­келестіктің басты құралы санайтын бар­шаға мәлім Самсунг, IBM, Сони ком­паниялары қазірдің өзінде графенді пайда­ланып, тұрмыс бұйымдарын шыға­ра бастады.

Ғылыми болжамдар бойынша, жуық­тағы жылдары қасиеттері графен тәріз­дес, бірнеше композициялық материал­дар өмірге жолдама алулары мүмкін. Бұл технологиядағы жаңа дәуірдің бастамасы.

– Демек, жаңа өнертабыс қоғамға оң өз­герістер әкеліп жатыр демексіз ғой?

– Иә. Графен және графен тәріздес ма­те­риалдардың тұрмысқа енуі, ең бі­рінші кезекте ғарыш, ұшақ және машина жа­сау, байланыс салаларындағы қолда­ныс­тағы болат, алюминий, түсті метал­дарды, электроникадан кремнийді ығыс­тырып шығарады. Олардың адам өміріне, экономикаға, мемлекетаралық қатынас­тарға, саяси жағдайға қаншама түбегейлі өзгерістер әкелетінін төмендегідей жағ­дай­дан сезінуге болады. Келешекте қыр­уар қаржы жұмсап жерасты пайдалы қаз­ба байлықтарын іздестіру, кен орын­дарын барлау, жер қойнауын қопарып кен өндірудің, оларды қуат шығыны үл­кен, болашақта тапшылығын тартатын суды көп мөлшерде жұмсап өңдейтін металл комбинаттарының қажеті болмай қалуы әбден мүмкін. Себебі – олардан алынатын соңғы өнім графенмен бәсе­келес бола алмайды, қасиеттерінің айыр­машылығы тым үлкен.

– Қазіргі нарықта олардың әсері қан­дай?

– Ал нарық әлеміндегі технология тай­таласындағы жеңілістің салдары қан­дай болатынын өткен 2013 жылы өндіріс орын­дары жаппай күйзеліске ұшыраған Детройт қаласының өмірінен байқалады. Кезінде американдық автомобиль өнді­рісінің отаны болған, қарыштай дамыған, миллиондаған тұрғыны бар Детройт, соң­ғы оншақты жылда жапон автомобиль жасау компанияларына бәсекелес бола алмай, бүгінде тұрғындары босқынға айналған, босап қалған мыңдаған үйлері, қаңтарылған өндіріс ошақтары бар өлі қалаға айналды.

Сарапшылардың болжамдарынша, жаңа технология дәуірінде жекелеген кәсі­порындар, қалалар ғана емес, көп­теген мемлекеттер Детройттың тағдырын қайталауы мүмкін.

Детройт күйзелісі Америка Құрама Штат­тарына үлкен сабақ болды. Мем­ле­кет басшылығында жедел қабылданған шешім бойынша, жуықтағы 3-4 жыл ара­лығында АҚШ ескі технологиямен бұйым шығаратын шетелдегі өндіріс орын­дарын жергілікті билікке қалдырып, өз жерлерінде тұрақты жұмыс орнын бе­ре­тін, ғылыми негіздегі жаңа технология­мен жарақталған өнеркәсіп нышандарын салмақшы.

Сонымен, нарық жағдайындағы бә­се­­ке­лестіктің басты құралы, техноло­гия­лар бастауы, табыс көзі – өнертабыс. Оның құқығын патентпен қорғаудың бе­ре­тін артықшылықтарын, патентті бұйым­­ға айналдыру арқылы бәсе­келес­тер­ді нарық алаңынан ығыстыруға бола­тынын ертерек сезінген жапонның «То­шиба, Хиташи» компаниялары, бұл шар­­уаға жылына 4-6 млрд доллар жұм­сай­ды.

Сонда патент алынған өнертабыстың бар­лығы бірдей өндірісте қолданыла бер­мейді. Жапон елінде қолданыстағы өнер­табыстың үлесі 30-32 пайыз болса, АҚШ жә­не Алманияда бұл көрсеткіш 25-27 пайыз ғана.

Көздеген мақсат – кеңірек, патент алу арқылы, болашақта оның негізінде пай­да болуы мүмкін технологияны алдын ала құқықтық қорғау, өзгелердің ондай тех­нологияға ие болуына жол бермеу.

– Шетелдік өнертабыс деңгейі бізбен са­лыстырғанда бәселеске түсе ала ма?

– Осы орайда елімізге шетелден әке­лін­ген бөлшектерден, тетіктерден құрас­тырылатын бұйымдардың бәсекелестік қабілеті төмен. Өйткені олардың бол­мы­сында бізге тән идеялық жаңалық жоқ. Өнертабыстың иесі болып отырған ешбір мемлекет, өздеріндегі жұмыс орнын сақтап, табыс көзі болып отырған жаңа технологияны өзгелерге сатпайды, құ­пиясын ашпайды. Керісінше, байырғы тәсіл, өздеріндегі ескі технологияны сырт­қа өткізуге ынталы, сонымен түсетін та­быстан басқа, өзгелерді технологиялық тәуел­ділікке итермелейді, отандық ғы­лым­ды, технологияны дамытуға тос­қауыл қояды. Көреген саясат.

Бізде жиналатын қондырғыларға сырт­тан келетін бөлшектерді, тетіктерді ашу­ға болмайды. Кепілдеме күшінде болуы үшін, сатушының нұсқаулары мүл­тіксіз орындалуы шарт. Шетелдік тех­нологияны жетілдіру, бұйымды жер­гілік­ті жағдайға бейімдеу, қызмет мер­зі­мін ұзарту туралы сөз қозғаудың өзі ар­тық. Әсіресе, бізде әзірге мән берілмей отыр­ған, бірақ келешекте кездесетін қауіп – тетік, бөлшектерге көзге көрін­бейтін, бірақ сызбада бар басқару чиптері орнатылған. Олардың кілті жасаушының қо­лында, жер шарының арғы бетінде оты­рып, тетікті (клавишті) басумен өн­діріс­ті тоқтату, поезд, ұшақтардың қоз­ғалысын тежеу, электронды Үкіметтің, банктердің байланыс жүйелерін істен шығару қиын шаруа емес.

– Қазір біздегі өнертабыс саласы қан­дай деңгейде?

– Соңғы жылдары Әділет министр­лі­гіне қарасты зияткерлік меншік ко­ми­те­тінің және зияткерлік меншік инс­титу­ты­ның бірлескен ауқымды іс ша­ра­ла­рының нәтижесінде, еліміздің өнертабыс са­ласында оң өзгерістер байқала бастады. Атап айтқанда, өнертабысты анықтайтын мемлекеттік сараптаманың сапасы кү­шейді, мамандардың кәсіби біліктілігі жоғарылады, халықаралық зияткерлік меншік орталықтарымен тығыз байланыс орнады, өнертапқыштарды ынталанды­ратын жыл сайын өткізілетін «Шапағат» байқауы жоғары мәртебеге ие болды. Ен­дігі уақыты жеткен шешім, өнерта­быс­тың ішкі өндіріспен байланысын заң­ды негізде жолға қою.

Шешім, тұрмысымызға ішкі мүм­кін­шіліктерді ұтымды игеруге бағытталған отандық идеяларды, жаңашыл ұсыныс­тарды енгізу арқылы, бәсекелестік қабі­леті жоғары өндіріс орындарын ашуға, елі­мізді технологиялық жаңғыртуға, сырт­тан келіп жатқан сапасы төмен, қауіп­сіздігі күмәнді бұйымдарға тосқауыл қойып, ішкі нарықты қорғауға мүмкіндік бер­ген болар еді.

– Ол үшін біздер не істеуіміз қажет?

– Ішкі нарықты өнертабыс арқылы қор­ғауда бізге басқалардан көп нәрсе үй­ренуге болады. Мысалға, Жапонияның құ­нарсыз топырақты жерінде жоғары тех­нологиямен өсетін күріштің бағасы, шет­елдік күріштен 6-8 есе қымбатқа тү­се­тініне қарамастан, сырттан күріш әке­лу­ге заң жүзінде тыйым салынған.

Әлемдік сауда ұйымының және бір бел­сенді мүшесі АҚШ-та өндірілетін қант, сыртқа сауда айналымындағы қант­тан 3-4 есе қымбат. Бірақ АҚШ ешкімнен қант сатып алмайды, себебі онда өзде­рін­дегі қант өндіру саласындағы 550 мың қыз­меткер жұмыссыз қалады.

Өнертабысқа мемлекет тарапынан сұ­раныс қажет. Оны іске асыру үшін, бі­лікті маман, өндіріспен байланысы бар ға­лымдарды жұмылдыратын арнаулы Үкі­меттің үйлестіру ұйымы керек. Ұйым­ның мақсаты, зияткерлік меншік инс­титу­тымен бірлесе жұмыс істей отырып, өнер­кәсіп орындарынан түсетін сұра­ныс­ты ескеріп, өмірге үлкен оң өзгерістер әке­летін, ғылыми дәлелді, тексерістерден өткен өнертабыстарды сұрыптау ша­ра­ларымен айналысу.

Ары қарай таңдап алынған өнер­та­быстарды қолдану аясына сәйкес, зият­кер­лік меншік иесінің қатысуымен ұлт­тық бағдарламаларға, мемлекеттік тап­­сы­рыспен орындалатын жобаларға ен­гізу, орындалуын бақылау, тиімділігін байқау.

Аталмыш ұйымның қажеттілігі, бү­гінгі өміріміздегі өнертабыстың өндіріске барар жолында алынбас қамал болып тұрған жасанды кедергілерді жою.

Мысалы, геология саласында мемле­кеттік тапсырыспен жер қойнауын ұңғы­дағы бейнекөрініс арқылы зерттейтін жа­ңа әдісті іске асыратын отандық те­ле­зонд жобаланып, алғашқы үлгілері жаса­лын­ды. Жаңалығы патенттермен қорға­лып, көптеген кен орындарында жү­р­­гі­зіл­ген сынақтардан кейін, сәйкестік сер­тификаты берілді.

Ерекшелігі – жер қойнауының құры­лы­сын, пайдалы қазба байлықтардың тү­рін, орналасу жағдайын, телезонд ар­қылы жер бетіндегі монитордан анық көруге мүмкіндік береді. Жер қойнауын зерт­теу жұмыстарына түбегейлі өзге­ріс­тер әкелетін бұл әдіс, жерасты кен орын­дары туралы шынайы, толық ақпарат берумен бірге, ондағы жүргізілген геоло­гиялық ізденіс, барлау жұмыстарының кө­лемін, сапасын, жобаға сәйкестігін жә­не жұмсалған материалдардың шығы­нын тайға таңба басқандай көрсетеді, са­лада жиі кездесетін, үйреншікті көз­бояу­шылыққа жол бермейді. Сонысымен жаңа әдіс, жер қойнауында жүргізілетін жұмыстарды қадағалауға міндетті құзыр­лы ұйымдарға, мемлекеттік тапсырыспен барлау жобаларын іске асыратын кәсі­порындарға ұнай бермейді. Есесіне, же­ріміздегі тау-кен жұмыстарымен айна­лысып жатқан шетелдік компаниялар әдіске қызығушылық танытып, тапсырыс беруде. Байқағанымыздай отандық өнер­табыс өзімізге қажетсіз болғанымен, ше­телдіктерге өтімді.

Тереңдегі ұңғының жағдайын бей­некөрініс арқылы зерттеудің «Ақбұлақ» таза су бағдарламасындағы жауапкер­ші­лікті күшейтіп, сапалы орындауға үлкен септігін тигізетіні анық.

Мемлекет тарапынан өнертабысқа бе­рілетін тапсырыс, елімізде қордаланған мә­селелерді шешуге, келешектегі қауіп­сізд­ігімізді нығайтуға, ішкі табиғи қорла­ры­мызды тиімді, қоршаған ортаға залал­сыз пайдалануымызды қамтуға тиіс.

– Осы тұрғыда өнертабыстарымызда та­биғатпен етене жақын жұмыстары бар. Мы­салы, су мен желге қатысты ізденістер­ді іске асыруға болмай ма?

– Аса күрделі су мәселесінің ғылыми же­тістіктермен сабақтас шешімі – өнер­табыс. Атмосферадағы ғасырлар бойы қалыптасқан қозғалыс заңдылықтарына сәйкес, жерімізге ылғал беретін жауын бұлт­тары Каспий, Арал, Балқаш көл­дері­нің булануынан қалыптасады, сонан кейін басым бөлігі көрші Ресейден ке­ле­ді. Бізден Қытайға өтеді.

Егер жеріміздің бедерін, қыртысын, тар­ту күшін және басқа жергілікті табиғи құ­былыстарды зерттейтін, арнаулы терең ғы­лыми ізденістер жүргізілсе, жауын бұлт­тарын ел аймағында есепті тежеудің, рет­ті басқарудың әдісін табуға болады. Су тапшылығын түпкілікті жоюдың ұтым­ды шешімі, нәтижесінде жерімізде таза сулы жаңа өзен, көлдерінің пайда бо­лып, көршілерден ластанып, улы зат­тар қалдықтарына толып келетін өзен­дер­ге онша алаңдамауға мүмкіндік бе­ре­ді.

Өнертабысқа тапсырыс, тек мемлекет та­рапынан ғана емес, жергілікті жердің қа­жеттілігінен де пайда болуы мүмкін.

Ауа райын зерттейтін мекемелердің мә­ліметтерінше, жыл өткен сайын күр­де­леніп келе жатқан Алматы қаласының ауа тазалығы сын көтермейді. Тіпті дәрі­гер­лердің пікіріне зер салсақ, лас ауа қала тұр­ғындарының көптеген ауруға шал­дығуларының себепкері.

Ғылымға жүгінсек, оның шешімі – қа­ланың орналасу жағдайын, табиғи жел­дің тәуліктік соғу бағытын, жыл­дам­ды­ғын, күшін, тау ойпатындағы және биік­тіктегі ауа қысымын, қызу айыр­ма­шы­лықтарын, зиянды заттар бар ауа қаба­тының биіктігін, қалыңдығын жан-жақты зерттеу. Ғылыми ізденістер нәти­жесін нақты іске асыратын төмендегідей өнертабысты ұсынуға болады.

Ауа қысымы жоғары ойпаттарды, ауа қы­сымы төмен биіктегі жерлермен құ­быр­лар тізбегі арқылы жалғастыру, құ­быр­ды күн сәулесін сіңіріп, қызуға айнал­дыратын қара түске бояу, құбырдың өн бойына, күн сәулесінен үлкен қызу беретін линзаларды бекіту, құбырдың тау басындағы шығар аузын, қаладағы лас ауа қабаттарына бағыттау.

Шешім бойынша, атмосферадағы қозғалыс заңдылықтарына сәйкес, ауа­да­ғы қысым және қызу айырмашы­лық­тары­нан құбырдың ішінде аса қуатты, жыл­дамдығы үлкен, тығыз ауа ағысы пай­да болады. Оны кешкі мезгілде іске қосу, оңтүстік батыстан солтүстік шығыс­қа қарай соғатын табиғи желді күшейтіп, зиянды ауа қабаттарын қала кеңістігінен ығыстырады.

Қозғалысқа түскен ауа қабаттарына қарама-қарсы, қаланың солтүстік шы­ғысында есепті жүйемен орнатылған биік мұ­нарларға бекітілген қуатты шаң сор­ғыштар, лас ауаны сорып алып, зиянды заттардан ажыратқаннан кейін, таза ауаны Талғар, Есік, Қапшағай қалала­ры­на, өзге елді мекендерге жібереді.

– Өнертабысқа шетелдік иннова­ция­лық жобаларды тарту қажет пе ?

– Өнертабысты инновациялық жоба ре­тінде қарастырып, инвестиция тартып, іске асыруға ірі қаржының, көп уақыт­тың қажеті жоқ, жергілікті басқару әкім­шіл­ігінің ынтасы жеткілікті.

Еліміздің өркендеуіне оң ықпалын ти­гізіп, қоғам сезінерліктей өзгерістер әке­летін, қауіпсіздігін, бәсекелестік қа­білетін күшейтетін қаншама осындай өзін­дік өнертабыстар бүгінде өндірістен, өмі­рімізден тысқары қалып отыр. Мұны біз­дер жетілдіруіміз керек.

Өнертабыс – ғылым туындысы, ой ең­бегінің жемісі, қоғам дамуының қоз­ғау­шы күші. Әлемдік технология кеңіс­ті­гін­де биікке көтеріліп, дамыған елдер­дің қатарына енуді ұлттық мақсат са­­­на­сақ, отандық өнертабыс – мемле­кет­тің ерек­ше назарында болуға тиіс деп ой­лаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Жексен АЛПАРТЕГІ

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар