Ғылыми жаңалықтар

Қазақстан ғалымдары: ШАПЫҚ ШӨКІҰЛЫ - ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГЕТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ АТАСЫ

08.04.2021

3829

Шапық Шөкіұлы - белгілі қазақ энергетигі, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Білім бастауы

Шапық Шөкіұлы 1912 жылы 01 қазанда қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы 10-ауылында дүниеге келген. Ол 8 балалы кедей отбасының кенжесі. Төрт ағасы мен 3 әпкесі болған. Шапық бастапқы сауатын 1920 жылдары ауыл балалары мен шаруа жастары мектептерінен ашады. Оқу-тоқуын кейін тәжірибелі мамандарымен танымал көне Қарқаралы педагогикалық техникумында жалғастырады. Деректерге сүйенсек, бұл 1926 жылдардың кезі. Ғылым, білімге деген құштарлығы ерте бастан-ақ байқала бастаған дарынды жасқа жалғыз техникумның жалаң білімі нәр болмаған болуы керек, ол 1931-1933 жылдар аралығында Ташкенттегі Ортаазиялық инженерлер және ирригация техниктері институтында білім алады. 1937 жылы Омбының С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылық институтын бітіреді.

Ш. Шөкин Г. Кржижановскийдің шәкірті. Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО ғылым академиясы президиумының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматыға көптеген ғалымдармен бірге көшірілді. 1943 жылы майдан қажеттілігіне Сібір, Орал және Қазақстан ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша комиссия мүшесі ретінде Шапық Шөкин Қазақ КСР Ақмола облысының Бурабай кентіне аттанды. Г.М.Кржижановскиймен сол жерде танысқан. Өзінің «Өмірдің төрт мезгілі» ғұмырнамасында Шөкин Шапық: «Академикпен кездесу әрқашан ойымда қалды. Ильичтің досы мен серіктесі, большевиктер партиясының құрылу бастамасында тұрған аңыз адам. Осының барлығы бір адамның тұрпатында бар!» деп жазады.
Ол 1944-50 жылдары Ӏле өзенінің суы мен энергетика қорын кешенді пайдалану мәселесін әбден зерттеп, Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр станциясын салу ісіне үлкен үлес қосты.
1949-58 жылдары Ертіс өзенін бұру арқылы Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге болатындығын дәлелдеді. Ол кезде Орталық Қазақстанға еліміздегі барлық 2174 өзен-көлдің тек 5,5 пайызы ғана тиесілі болатын. Мұның өзі Ертіс-Қарағанды каналының салынуына себеп болды. Ол Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияғa бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі. Осы мәселені шешудің тиімді жолдары мен жобалары айқындауда өзі жетекшілік етті.

Ғылым академиясын құруға атсалысты

Академик Қ.И. Сәтбаевпен бірге Шапық Шөкин Қазақстан ғылым академиясының құрылуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Академияның құрылуына рұқсат алу мақсатында Қ. Сәтбаевпен Мәскеуге бірқатар сапар шекті, онда КСРО ҒА, ЦК КПСС ғылым бөлімінде институтты құру маңыздылығын дәлелдеді. Сонымен қатар, Шөкин ҚазКСР ҒА болашақ қызметкерлерін – білікті ғылыми кадрларды дайындауда қатысты: ондаған аспиранттарды шығарды. Академияны құрудың маңызды кезеңдерінің бірі КСРО ҚазҒАБ-да 11 ғылыми-зерттеу институттарын ұйымдастыру болып табылады. Шөкин жаңа ғылыми ұйымдарды орналастыру мәселесінде белсенді қатысты.

Ш. Шөкин – 170-тен астам ғылыми еңбектің авторы

Негізгі еңбектері энергетика және су шаруашылығының болашақ дамуы мен отындық энергетиканың, баланс проблемасына т. б. арналған. Ол Белград (1957), Бангкок (1961), Будапешт (1965), Мәскеу (1968) және Парижде (1971) өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарында Қазақстанның энергетикасы мен су шаруашылығының дамуының бүгінгісі мен келешегі туралы баяндамалар жасады.
Ш. Шөкин – КСРО ғылым академиясының комплексті энергетика және су қорларын пайдалану мен қорғау жөніндегі ғылыми кеңестердің мүшесі, Республикалық энергетика және электротехника ғылыми қоғамы төрағасының орынбасары, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972). 6-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясының ХӀӀ-съезінде Қазақстан КП ОК мүшесі болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.
1993 жылы Шөкин Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының құрметті мүшесі болып сайланды.
1996 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алматыдағы резиденциясында академик Шапық Шөкин «Халық Қаһарманы» атты жоғары деңгейлі лауазымды, «Алтын жұлдыз» атты ерекше белгіні иеленді.
2002 жылы 90 жасында «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Атқарған қызметтері:

1937-43 жылдары – Қазақ КСР ауыл шаруашылық электрлендіру мекемесінде бөлім бастығы, бас инженер;
1943-44 жылдары – Қазақ КСР ҒА энергетика бөлімінің меңгерушісі;
1944-63 – Қазақ КСР ғылым академиясының энергетика институтының директоры, әрі академик-хатшы;
1964-67 жылдары – Қазақ КСР ғылым академиясының президенті және президиум мүшесі;
1963 жылдан – Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар