Әлемдегі ғылым

Ассос қаласының құпиясы таусылар емес

20.09.2021

2330

Түрік археологтары ежелгі Ассос қаласына қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды заттардың толық жинағын тапқанын мәлімдейді. Олардың ішінде Византия қыш ыдыстары мен темірден жасалған «махетті» атап кетуге болады. Естеріңізге сала кетейік, Ассос қазіргі түрік жеріндегі Чанаккале провинциясында орналасқан ежелгі грек қаласы. Бұл қаланы 1300 жыл бұрын тұрғындары тастап кеткен екен.

Қаладан қалған қирандылар 1881-1883 жылдары Джозеф Т.Кларк экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған. Қазба жұмыстары үзіліспен бір жарым ғасырға жуық уақытқа созылғанына қарамастан, археологтар әлі де көп жәдігерлерді табуда. Мысалы, қазба жетекшісі, Чанаккале университетінің профессоры Нуреттин Арсланның айтуынша, табылған заттардың бірі – терракота торы. Оны зерттеген сарапшылар бұл артефакт қазіргі грильдің аналогы деген қорытындыға келді.

Бұдан бөлек сол уақытта күнделікті тұрмыста қолданылған ыдыстар да табылған. Ыдыс-аяқтардың жанынан археологтар әр түрлі кесу және бұрғылау құралдарын да жиі кездестіргендерін де айтады. Олар мұндай құралдардың көпшілігі әдетте Византия дәуірінің ғимараттарында кездесетініне назар аударады. Сонымен қатар, биылғы қазба жұмыстары кезінде өткен ғасырларда еш зақымданбаған екі металл артефакт табылды. Сол кезде пайдаланылған құралдардың сапасы туралы ақпарат та маңызды деп отыр археологтар. Мамандардың айтуынша, табылған заттар Византия кезеңіне, яғни біздің заманымыздың 7 ғасырына тән.

Түрік археологтары Ассос қаласын 40 жылға жуық уақыт зерттеп келеді. Осы уақытқа дейін көне театр орны, порт қалдықтары табылған. Ең басты жаңалық – б.э.д. 530 жылы салынған Афина храмы болып отыр. Рим билігі кезінде қала экономикалық жағынан гүлденген, бірақ бірнеше ғасырлардан кейін ол ыдырап кеткен. Қазір оның орнына Бехрамкале курорттық қаласы осы жерде орналасқан.

Материал https://rg.ru/2021/09/10/nahodki-v-assose.html деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар