Әлемдегі ғылым

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО -ның биосфералық резерваттардың бүкіләлемдік желісіне енген

17.09.2021

2372

Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының Қазақстан ұлттық биосфералық резерваттар желісі халықаралық маңызы бар жаңа биосфералық резерватпен толықтырылды.

2021 жылғы 13-17 қыркүйек аралығында гибридті сессиялар форматында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесінің (ХҮК МАБ) 33-ші сессиясында ЮНЕСКО өзінің дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне «Көлсай көлдері» қазақстандық мемлекеттік ұлттық табиғи паркін қосты.

Биыл ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы өзінің 50 жылдығын атап өтеді және МАБ халықаралық үйлестіру кеңесінің мерейтойлық сессиясы алғаш рет Африка құрлығында (Нигерия, Абуджа) өтетінін атап өту қажет.

Сессия жұмысында Қазақстан Республикасын ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» Қазақстандық Ұлттық комитетінің мүшелері - Роман Ященко және Виктория Ильина, сондай-ақ ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының және ҚР ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары өкілдік етуде.

Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының вице-президенті ретінде Виктория Ильина Азия және Тынық мұхит өңіріндегі МАБ бағдарламасының жетістіктері туралы шолу баяндамасын жасады, онда Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бүкіл өңірдің тұрақты дамуы үшін зор маңызын, сондай-ақ олардың биологиялық әртүрлілікті жаһандық деңгейде сақтау үшін маңыздылығын атап өтті.

Елдегі және әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеулер жағдайында Қазақстандық «Көлсай көлдері» өтінімін ЮНЕСКО «Адам және биосфера» (МАБ) бағдарламасының Қазақстандық Ұлттық комитетінің жұмыс тобы әзірледі. Комитет мүшелері мен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Ұлттық желісі тағы бір биосфералық резерватпен толықтырылды.

Осылайша, бүгінгі таңда Қазақстандағы ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының ұлттық желісінде 13 биосфералық резерватқа жетті. Бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Биосфералық резерваттардың осындай санының танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударатынын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын айғақтайды.

ЮНЕСКО «Адам және биосфера» бағдарламасының Халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-сессиясын өткізу қорытындысы бойынша ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Дүниежүзілік желісіне әртүрлі елдердің аумағында орналасқан, олардың бірі трансшекаралық болып табылатын 20 жаңа биосфералық резерваттар қосылды. Сонымен, бүгінгі таңда Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне әлемнің 131 елінің аумағында орналасқан 727 биосфералық резерваттар кіруде.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/256788?lang=kk

«« | »»
Соңғы жаңалықтар