Қазақстан ғылымы

500-ге жуық ғылыми жоба жүзеге асырылуда

27.10.2021

2277

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қазақстанның ғылыми-техникалық дамуының маңызды бағыттары бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгені құрайтын 500-ге жуық ғылыми жоба жүзеге асырылуда.
Бұл жоғары оқу орнының ғалымдары 400-ден астам патент пен авторлық куәліктің иегерлері. Олар қазақстандық және ірі халықаралық ғылыми бағдарламаларға белсенді түрде қатысып келеді, дейді аталған оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев https://bilimdinews.kz/-ке берген сұқбатында.

ҚазҰУ физик-ғалымдары әлемдегі ең ірі Ядролық зерттеулер жөніндегі Еуропа ұйымының жоғары энергиялар физикасы зертханасымен (CERN) және Ұлттық ядролық физика институтымен, Ұлттық ядролық орталығымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Осындай жобалар аясында оқытушылар, студенттер тәжірибеден өтіп, осы жоғары жабдықталған зертханалар базасында тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын жүргізуде.

– Әсіресе, жердің жасанды серігін жасау жобасы туралы айтқым келеді. Қазірдің өзінде ғарышқа екі наноспутник ұшырылды, олар ауыл шаруашылығы мен экологияның өзекті мәселелерін шешуге ықпал етеді. Нанобөлшектерге қатысты ғылыми жобалар жүзеге асырылуда, қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер бар, – дейді ректор.

Жансейіт Түймебаевтың мәлімдеуінше, ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін көтеру үшін Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында бірінші болып өз есебінен постдокторантура бағдарламасы іске қосылды. Постдокторантура студенттері өз мақалаларын жоғары және рейтингі жоғары ғылыми журналдарда белсенді түрде жариялап, әзірлемелерін патенттеп жатқанын айта кеткен жөн.

Университетте қазірдің өзінде шағын көлемдегі ғылымды қажет ететін 10-нан астам өндірістер құрылған. COVID-19 коронавирусының алдын алуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары да қарап қалған жоқ. Жергілікті өсімдік шикізаты негізінде аз тонналы дәрі-дәрмек өндірісі және дезинфекциялық жуғыш заттарды шығару жолға қойылды. Осындай 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда.
Осы жобаларды сипаттайтын екі томдық кітап шығарылып, нақты сектормен, агроөнеркәсіп кешенімен, өнеркәсіппен ынтымақтастықты нығайту мақсатында әкімдіктер мен министрліктерге жолданған екен.

Қоғаммен байланыс бөлімі.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар