Қазақстан ғылымы

Отандық ғалымдар Еуроодақтың грантын ұтып алды

16.09.2021

2428

Қазіргі таңда Альцгеймер және Паркинсон ауруларының белең алғаны белгілі. Бұл туралы бізде ғана емес әлемнің барлық елдерінде ғалымдар дабыл қағуда. Тіпті оның алдын алатын препараттарды да қарастыруда. Еуропа ғалымдарымен бірге қазақстандық ғалымдар да зерттеулерге қатыспақшы. Бұл туралы еліміздің «Хабар» арнасынан хабарлады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарының жобасы Еуроодақтың «Көкжиек – 2020» гранттық бағдарламасы бойынша 100 мың еуродан асатын грантты жеңіп алды.

Олар Сыр өңіріндегі 80-85 мың гектарлық жерге егілетін күріштің сабағын да кәдеге жаратуға болатынын анықтаған. Яғни, күріш сабағынан қағаз жасайтын целлюлоза, машина жасауда қолданылатын көмірпластик жасауға болады екен.

Аталған жоғары оқу орнының профессоры Нұрбол Аппазовтың айтуынша, ғалымдарымыздың осы жаңа технологиясы бойынша Германияда мұнай қалдықтарын өңдейді. Бізге дейінгі технологияларда алынған мұнайдың бағасы бірнеше есе жоғары болғандықтан, ғалымдарымыз экономикалық, экологиялық жағынан да тиімді жолын ойлап тауып, соны өндіріске енгізуде.

Бұған қоса, осы күнге дейін емі жоқ Альцгеймер және Паркинсон ауруларын жеңу жолындағы зерттеулерге де Қызылорда ғалымдары атсалыспақшы.
Олардың күріш дақылының сегіз түрлі жаңа сұрпын шығарып, өндіріске енгізгенін де айта кеткен жөн. Қазіргі таңда күріштің «Әйгерім», «Сыр сұлуы» сияқты сұрыптары үлкен қызығушылық туғызуда. Ғалымдар олардың өзге мемлекеттерде мақтап жүрген сорттардан асып түспесе, кем түспейтінін айтады.

Соңғы 3 жылда рейтингісі жоғары халықаралық ғылыми журналдарда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының 226 мақаласы жарияланып, 60 патент алған.

Материал https://khabar.kz/kk/news/kogam/item/135716-kyzylordalyk-galymdar-euroodaktyn-100-myn-eurodan-asatyn-grantyn-utyp-aldy деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар