Қазақстан ғылымы

Тарихшы-ғалымның тың деректері

10.09.2021

203

Бүгінгі І Халықаралық жас ғалымдар форумындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту жағдайындағы Қазақстанның тарихы мен тарихи ғылымы» сессиясында Қазақстан тарихындағы ірі тұлғалардың, қалалар мен Қазақ хандығының Қытай және Еуропа елдеріндегі тарихи ақпараттан алған орны туралы қызықты деректер ұсынылды.

Оған отандық ғалымдардан PhD кандидаты, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Еуразия ҒЗИ аға ғылыми қызметкері Қанай Өмірбек, биология ғылымдарының кандидаты, PhD, Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин, саясаттану бойынша PhD, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Жақсылық Сәбитов және профессор, Гарвард университеті Fairbank Қытай зерттеулері орталығының ғылыми қызметкері Кенжеахмет Нұрлан, Невшехир Гаджи Бектас Вели Университеті профессор асситенті, PhD Кубилай Атиктер қатысты.

Кенжеахмет Нұрлан «Өзбек-Қасым немесе Қасым хан туралы қытай деректемелері» баяндамасын ұсынды. Осы жерде тарихшының АҚШ-тағы Гарвард университетінде Еуразияның тарихи географиясын сызуға атсалысып жүргенін, XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының географиялық жер атауларын зерттеп жүргенін айта кету керек.

Ғалымның көне қала – Сарайшықтың өзге елдер картасынан алған орны туралы деректері тың жаңалық болды. Тарихшы өз баяндамасында 1570 жылғы Еуропа ғалымдарының сызбаларында Сарайшық қаласының бірде Жайық, бірде Есіл өзенінің жағасында көрсетілгенін айтады. Бұл көне қаланы француз, ағылшын, қытай ғалымдары әр жылдары, яғни 1576, 1659, 1676, 1740 жылдары картаға түсірген екен. Тіпті Сарайшық қаласын басып өтететін керуен жолдарына дейін көрсетілген көрінеді. Кейбіреулері Сарайшық пен Сарай қалаларын бір қала ретінде қарастырған. Кенжеахмет Нұрлан бұны қате пікір дейді.

– Қытай деректерінде Қасым хандығы өзбек-Қасым хандығы деп те берілген. Мың Шилу мұрағатында 1453 жылы өзбек-Қасым хандығы Жәнібек ханмен бірге аталады, Қазақстан тарихында қазақ хандығы 1465 жылы құрылған делінген. Қытай деректемелерінде Қасым ханның атынан алғашқы елшілері Қытайға 1518 жылы барған деп жазылған. Қасым хан тарихта шамамен 1524 жылы қайтыс болды делінгенмен, мұрағатта аты 1537 жылға дейін көрсетіледі, – дейді ғалым.

Осы деректерге сүйенген ғалым қытай мұрағатында 1537 жылдан кейін тек 1730 жылдан бастап Қазақ хандығы туралы деректердің кезігетінін тілге тиек етті. Ол Парсы, Шағатай деректеріне сүйене отырып, тарихтың нақты түйінін табуға болады деп отыр.

Дайындаған: Т.Садырова,
Қоғаммен байланыс бөлімі.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар