«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бекітілді


Жақында ҚР Президенті Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Бекітілген 10 жобаның біреуі – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы.
Оның мақсаты – Қазақстанның цифрлық трансформация есебінен тиімді мемлекеттік басқаруы бар, сенімді деректер негізінде шешім қабылдайтын, сондай-ақ цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыратын заманға сай елге айналуы. Бұл жоба 2021-2025 жылдары іске асырылады деп жоспарлануда.
Аталған жоба аясында 100 000 жаңа жұмыс орны құрылып, ғалымдар мен зерттеушілер саны 34 мың адамға дейін артады деп күтілуде.
Ұлттық жобаның міндеттері мен нәтижелерінің VII бағыты ғылымның кадрлық әлеуетін нығайтуға арналған. Әрине, басты назарда ғалым әлеуеті тұр. Оның бірінші міндетіне ғалымдар мен зерттеушілер санын 1,5 есеге ұлғайту кіреді.
VIII бағыты бойынша ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көңіл бөлінеді. Міндеті – ҒЗИ сапасын арттыру. Бұл жерде индекстелетін ғылыми журналдарда мақалалардың жалпы саны бойынша InCites рейтингісінде Қазақстан позициясын өсіруге басымдық берілмекші. InCites рейтингісінің деректері бойынша былтырғы көрсеткіште еліміз 75 орында тұр. Осы көрсеткішті 2025 жылы 65-орынға дейін көтеру көзделуде.
Еліміздің дамуындағы ғылымның үлесін арттыруда IX бағыт – «Ғылым – өндіріс – бизнес» бойынша жұмыстар атқарылмақшы.
Ғылыми зерттеулер лабораторияда ғана қалып қоймай, әрі қарай өндіріске енгізілуі тиіс. Елімізде бұл мәселе алға қойылған мақсаттың бірі. Осыны ел Президенті де халыққа Жолдауында айтып өткен болатын.
Бюджеттен қаржыландырылатын қолданбалы ғылыми зерттеулердің жалпы санында коммерцияландырылған ғылыми әзірлемелердің үлесі былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша 25 пайызды құрайды. Оны осы жобада 2025 жылға дейін 35 %-ға арттыру міндеттелген.

X бағыт ғылымды әкімшілендіруді жетілдіруге арналып, басты міндетіне заңнаманы жетілдіру және ғылымды бюрократиясыздандыру кіреді.

Дереккөзі: https://primeminister.kz/kz/nationalprojects/cifrlandyru-gylym-zhane-innovaciyalar-esebinen-tehnologiyalyk-serpilis-ulttyk-zhobasy-1693437