«Шапағат-2021» республикалық өнертапқыштар байқауының биылғы жеңімпаздары анықталды. Естеріңізге сала кетейік, бұл байқау интернет-ресурсты пайдаланушылар арасында дауыс беру арқылы жүзеге асырылды. Оған 2020 жылы берілген өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге қолданыстағы патенттердің авторлары қатысты.
Сонымен, байқау нәтижесі бойынша көп дауыс жинағандар арасында Сәтбаев Университетінің екі командасы бар. Олар: техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған технолог Боранбай Ратов пен техника ғылымдарының кандидаты Алмабек Қасеновтың тобы.
Сәтбаев Университетінің профессор-зерттеушісі Боранбай Ратов жетекшілік еткен топ тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі саласына қажетті өнертабысымен ерекшеленген. Яғни, жұмсақ және орташа қатты тау жыныстарында әртүрлі мақсаттағы үлкен диаметрлі ұңғымаларды бұрғылауға арналған кескіш құрал-саймандарын ұсынған. Ол бұрғылау кезіндегі энергия шығынын азайту және үлкен диаметрлі ұңғымаларды бұрғылау өнімділігін арттыруымен ерекшеленеді.

Сәтбаев Университетінің профессоры Алмабек Қасеновтың тобы әртүрлі мақсатта қолданылатын ұңғымалардың сүзгі тізбегін тазалауға арналған құрылғы ойлап тапқан. Құрылғы ұңғымалардың ішкі қабырғаларын, сүзгілерін тазартады, сөйтіп өнімді қабаттың түпкі аймағының өткізгіштігін қалпына келтіреді, осылайша кавитациялық әсерді құру үшін және кавитация кезінде бұрғылау сұйықтығы ағынының кинетикалық энергиясын барынша толық пайдалануға қол жеткізіледі, көпіршіктердің ыдырауынан пайда болған соққы толқыны корпустың айналуы есебінен тазартылған беттің әрбір нүктесіне әсер етеді, ұқсас құрылғылармен салыстырғанда бұл сүзгісі бар ұңғыманы да, өнімді қабаттың түпкі аймағын да тазарту дәрежесін арттырады, – деп жазады https://satbayev.university/.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша қопсытқыш-тыңайтқышымен техника ғылымдарының докторы, профессор Саяхат Нүкешов те көп дауыс жинаған. Бұдан бөлек химия, құрылыс, медицина, көлік саласының мамандары да өз өнертабыстарымен көзге түскен.