Ғылыми жаңалықтар

АЙДАР ӘБІЛДАЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНДА ҮЗДІК ШЫҚТЫ

20.05.2016

5648

М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында университетіміздің жас ғалымдар кеңесі мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017»­-Қазақстанның болашағы» атты облыстық инновациялық жобалар байқауы өтті. Байқау қорытындысы бойынша сараптау комиссиясының шешімімен ТарМУ-дың «Механика және машина жасау» кафедрасының оқытушысы Айдар Әбілдаев бас жүлдеге ие болса, біздің университеттің Нұржан Дәрібаев, Нұрбол Исанов, Мейрамбек Жолдыбаев сынды студенттері І орынды қанжығаға байлады.

Келер жылы Астана қаласында өткелі отырған халықаралық көрмені халық арасында кеңінен насихаттау және облыс жастарының ғылымға қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан жобаның ақтық кезеңінен 16 жоба жолдама алған. Олардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығы, баламалы энергия көздерін табу, жер асты суларын игерудің тың әдістері бағыттарында жасалған. Байқау қатысушыларының жобаларындағы жаңашылдық пен экономикалық тиімділік те басты назарда.

Жобалар байқауының ақтық кезеңінде көрермендер назарына ұсынылған жұмыстарды ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбеков, ТИГУ-дың ғылым, инновация және халықаралық қарым-қатынастар бөлімінің басшысы Сәбит Баубековтер аралап көріп, өз бағаларын берді.

Байқау соңында сараптамалық комиссия шешімімен биогаз өндіретін қондырғы жобасын ұсынған ТарМУ-дың «Механика және машина жасау» кафедрасының оқытушысы Айдар Әбілдаев бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен бірге, энергоресурстарды сақтауға арналған жер асты биоэнергиялық кешені қондырғысы үшін Нұржан Дәрібаев, Нұрбол Исанов, Мейрамбек Жолдыбаев сынды ТарМУ студенттері 1 орынға ие болды. Ал су деңгейін өлшеуші құрал жобасын ұсынған Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Талғат Иманалиев пен жеңіл өнеркәсіп саласына тігін машинасының жаңа үлгісін енгізу технологиясын көпшілік назарына ұсынған Бота Сатханова байқау қорытындысы бойынша 2 орынды өзара бөлісті. Жүлделі 3 орынға жер асты суларын игеруде шығын көлемін төмендету технологиясы жобасы үшін Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Татьяна Гричаная және осы институттың тағы бір ғалымы Ирина Югай лайық деп танылды. Оның да жұмысы жобасы жер асты суларын игерудің тиімді жолдарын қарастыруға арналған. Жұмысы үздік үштік іліккен Мария Пергунова болса Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Ол бұл байқауға иісі бар жапсырма қағаздар өндірісін жолға қою туралы ұсынысымен келіпті.

Байқау соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Ал жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дереккөзі: tarsu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар