Ғылыми жаңалықтар

«Ортақ түркі тарихы» оқулығы мектептерге 2016 жылдан бастап енгізілмек - Д. Қыдырәлі

14.10.2015

5872

«Ортақ түркі тарихы» оқулығы Қазақстанның орта мектептерінде 2016 жылдан бастап көмекші оқу құралы ретінде енгізіледі.
Бұл туралы бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Орталық Азиядағы тарихнама және деректер: өткені, бүгіні және болашағы туралы жаңа зерттеулер» атты Халықаралық семинар-практикум барысында Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі мәлім етті.

«Біз бұған дейін осындай оқулықты әзірлеп жатқанымыз жайында айтқан болатынбыз. Қазір оқу құралы даяр. Тұжырымдамасы жасалды. Оқулықтың бағдарламасы сегізінші сыныпқа арналған. Енді осы оқу құралының соңғы нұсқасын Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның Білім министрліктері бекітсе болғаны. Алдағы жылдан бастап мектеп бағадрламасына енгізіледі деп күтіп отырмыз. Оқулық ежелгі дәуірден бастап 15-ші ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Енді алдымызда 15-ші ғасырдан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын тарих оқулығын жазу міндеті тұр, - деді Д. Қыдырәлі.

Айта кетелік, түркітілдес елдердің басшылары 2012 жылы Бішкекте өткен Түркі Кеңесінің II саммитінде «Түркі тарихы» пәнін орта мектептерде оқыту бойынша ортақ шешімге келген болатын.

Оқулық Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның орта білім беретін мекемелерінің оқу бағдарламасына көмекші оқу құралы ретінде енгізіледі.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар