Ғылыми жаңалықтар

Астанада Білім саябағы ашылды

20.08.2015

4999

«Білім беру мазмұнын жаңарту: болашақ бағдары» тақырыбындағы көрме Астана қаласы ұстаздар қауымының тамыз кеңесіне арналып отыр.
Қала тұрғындары Конгресс-холл сарайында өтіп жатқан көрме арқылы елорданың білім берудегі жаңашыл материалдармен, дарынды балалардың жетістіктерімен, білім беру мекемелерінің үздік инновациялық жобаларымен таныса алды, деп хабарлайды astana.kz.

- Бүгінгі көрменің басты мақсаты - енгізіліп жатқан инновациялық-ақпараттық технологияларды кеңінен таныстыру, қаланың білім беру мекемелерінің жетістіктерін көрсету, сонымен қатар білім беру қызметінің сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасу, - деді «Астана дарыны» орталығының интеллектуалды жарыстар зертханасының әдістемешісі Нұржамал Сағырова.

Көрме аясында ұйымдастырылған Білім саябағы «Болашаққа бағдарлану» теориялық аллеясы мен «Нұрлы жол» практикалық аллеясына бөлінген. Теориялық аллея келесі тақырыптар қамтиды: «Білім беру мазмұнын жаңарту білім сапасын арттырудың шарты ретінде», «Сапалы және табысты оқытудың жаңа әдістері», «Дуалды оқыту», «Табысты мектептер құпиясы», «Көптілділік - ұлт болашағы».

«Нұрлы жол» аллеясында Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы интеллектуалды сайыстың театрландырылған қойылымдары мен интерактивті саябақтың робототехникасының таныстырылымын, кітап көрмесін тамашалауға болады.

Еске сала кетейік, тамыздың 20 күні Конгресс-холл сарайында сағат 11:00-де ұстаздардың жыл сайынғы тамыз конференциясы өтеді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар