Өзектi

Математикада әлі талай тың жаңалықтар ашылады - академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М. Өтелбаев

14.08.2015

6510

ҚР ҰҒА академигі, математика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев ағамызды әңгімеге тартқан едік.
- Қазақстан математика ғылымындағы күрмеуі шешілмеген проблемалар қандай?

- Математикаға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп жатыр. Алда біраз өзгерістер күтіп тұр. Жалпы ғылымның іргелі және қолданбалы деген екі түрі бар. Қазір осы қолданбалы ғылымда күрмеуі қиын мәселе бар. Қолданбалы ғылым, өздеріңізге белгілі, инновация үшін керек. Алайда ашылған жаңалықтарға қолданыс табу мүмкін болмай отыр. Бізде көптеген ғалымдар, өнертапқыштар түрлі жобалар, жаңа дүниелер ойлап табуда. Соларды пайдаланатын, кәдеге жарататын өндіріс орны, тұтынушылар жоқ. Тер төгіп, ойлап тапқан еңбегіңді ешкімге өткізе алмайсың. Дүниежүзі халықтарына керекті дүниені қазақ ойлап тапса, ешкімге керегі жоқ. Ал басқа өркениетті елдердегі біреулер оған ұқсас дүниелердің 10-15 нұсқасын шығарады. Сонан кейін өз тұтынушылары оны қолданысқа енгізеді. Ал бізде тұтынушы болмағандықтан далада қалады. Математикада әлi талай тың жаңалық болады. Әсiресе, робот жасауға қатысты жаңалықтар көп болады. Болашақта бiздiң ел қалайда «жасанды интеллект», яғни робот жасау секiлдi математикалық проблемалармен айналыспасақ, тағы да артта қалып отырамыз. Робот қазiр дүние жүзiнде онша көп емес. Болашақта әрбiр отбасында, әр мекемеде, көшелерде роботтар пайда болады. Демек, сол салаға едел-жедел ұмтылуымыз керек.

- Ал іргелі ғылымдар...

- Әрине, іргелі ғылымдардың ел өміріндегі маңызы ерекше. Себебі ол ғылымдар әрбір адамның, жалпы халықтың интеллектісін өсіреді. Интеллектісі жоғары халық ашылған жаңалықтарды қажетті жерге қолданып, іске асыруға дайын болады. Сонан кейін оның игілігін бүкіл ел-жұрт көреді. Мысалы, профессорлар трактордың детальдарын дұрыс білмеуі мүмкін, ал оның моторын, жұмыс істеу принциптерін механизатордан гөрі жақсы біледі. Айталық, Жапонияда бірден атом бомбасын жасап шығарған жоқ қой?! Алдымен ғылымды дамытып, өзгелердің жаңалықтарын өздеріне енгізіп, сосын барып көлемді дүниелер шығара бастады. Өркениет, инновациялық даму осылай басталады. Қытайлар да шетелдегі пайдасы бар дүниелерді уақытында естіп-біліп отырады және оған міндетті түрде өздерінде қолданыс табады. Өйткені халқы жан-жақты білімді, ғылымы дамыған.

- Ғылымға қатысты тың пікірлеріңізді мезгілдік басылымдардан оқып жүрміз. Ғалымдарды даярлауда қатаң рейтинг жүйесін енгізуді ұсыныпсыз. Ол не үшін қажет?

- Жаратылыстану ғылымдарына байланысты өз ойымды үнемі айтып жүрмін. Гуманитарлық ғылымдар Қазақстанның ұлттық саясатына қарай дамып, өркендейді, оның өкілдері дүние жүзінде бағалана бермейді, ал жаратылыстану ғылымдары - бүкіл әлемде бірдей. Оның өкілдерінің әлемде алға шығып, өз еңбектерін дүние жүзіне танытуына барлық мүмкіндіктері бар. Сондықтан мұнда Қазақстанның математикасын әлемдік деңгейге шығару мәселесін айтып отырмын. Ғылымды рейтинг жүйесі арқылы бағалауды көп елдер енгізген. Оны Ресей өзіне ыңғайлайды, Еуропа өзіне. Ал енді біз де өз ғылымымызға осындай жүйе енгізбесек, «псевдоғалымдар» математиканы да жаулап алатын түрі бар. Қазақстанда ғылым кандидаттары мен докторлар санының өсуі псевдоғалымдардың еншісінде екені жасырын емес. Ал математикаға ондай шалағай ғалымдардың қажеті жоқ. Мен ұсынған жүйе бойынша докторант-ғалымның жоғары рейтингі бар (мысалы "Journal Citation Reports" тізіміне енген) журналдардағы мақалалар саны, екіншіден, сол ғылыми мақалаларға жасалатын сілтемелер саны ( мысалы, "Web of Science " мәліметтер қоры) және оның халықаралық сыйлықтары, баяндамашы ретінде қатысқан ғылыми конференциялар саны, толық профессор атанған университеттің, баспа ұжымының мүшесі болатын ғылыми журналдың деңгейі секілді жетістіктері есепке алынады. Мәселен, кей білімді ғалымдарды өзіміз білмейміз, ал шетелде жақсы таниды, құрметтейді. Сондықтан осы аталған нәтижелердің әрбіріне балл беріп отырса, сол балдарының көптігіне немесе аздығына қарап ол ғалымды отандастары бағалайтын болады. Яғни әрбір еңбекпен келген балл - ғалымның білім деңгейінің көрсеткіші. Егер осы әдісті қолданысқа енгізсек, елімізде нағыз ғалымдардың саны 200-ден аспас еді. Және ол ғалымдарға ректорат тарапынан ынталандыру мақсатында сыйақы беріліп тұруы тиіс.

- Ұсынысыңыз қолдау тапты ма?

- Бұрын көп университеттің докторантурасында шәкірттерге шетелге мақала шығару туралы талап қойылған жоқ еді. Еуразия ұлттық университеті осы рейтингпен бағалауды қолдап, енгізді. Осылай докторанттардың өз білімін жан-жақты жетілдіруіне жағдай жасалып жатыр.

- Қазақ математикасында жақсы мамандар ретінде кімдерді атайсыз?

- Жалпы қазақ халқының өзі математикаға өте қабілетті ғой. Кеңес үкiметi құлардың алдында Қазақстан математикасы ТМД-да адам басына шаққанда бiрiншi орынға шыққан болатын. Өзбекстанның, Кавказ бен Прибалтиканың, Белоруссияның математиктерiнен әлдеқайда озып кетті. Бірақ Кеңес үкіметі құлаған кезде экономикалық дағдарыс басталып кетті де, көп білікті математиктер күнкөріс қамымен ғылымнан қол үзді. Сондықтан ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары математика дамымастан, керісінше тоқырап қалды. Сол кезде де ғылымнан алыстамай, тізгінді ұстап қалған жақсы математиктер көп. Мәселен, Тынысбек Кәлменов, Уәлибай Өмiрбаев, Асқар Жұмадiлдаев, Мұсахан Мұратбеков, Рысқұл Ойнаров, Ерлан Нұрсұлтанов сияқты тағы көптеген қырық-елуге жуық математиктер 1980-89 жылдары бізді ТМД бойынша алдыңғы орынға жеткізген еді. Олардың жасы қазір 50-ден асып кеткен. Одан кейінгі ғалымдармен арада 20-30 жылдай айырма бар. Өйткені сол дағдарыс жылдары ғылымға қызмет еткен жас математиктер өте аз болды. Ғалымдар қамқорлықтан айырылып қалды. Ғалымның жалақысы, жай-күйi туралы айта-айта үкiметтiң етi өлiп кеттi ғой. Ғылымда орта буын математиктердiң жоқтығы осыдан. Ал PhD докторларына онша иек арта алмаймыз, себебі көбінде терең білім, көрсеткіш жоқ.

- Дарынды жас математиктерге қамқорлық жасалып жатыр ма?

- Қазіргі жастарда математикаға деген құлшыныс өте жоғары. Бір мысал айтайын, екі-үш жыл бұрын Алматыдағы ҚазҰУ магистратурасында Сұраған Дәрбатхан деген жас жігіт оқыды. Оның білім деңгейі PhD докторлығын қорғауға жетеді. Бес мақаласы шетелдік рейтингісі жоғары ғылыми басылымдарда жарияланған. Сол өзі әлі магистр де атанбай жатып, халықаралық деңгейдегі білім дәрежесі докторлық қорғауға жетті. Жалпы математикаға ынталы балалар өте көп. Бiрақ маңдайы тасқа тиiп, дағдарады да, нан табу үшiн әйтеуiр есепке жүйрiктердi керек ететiн банк немесе ұлттық, халықаралық компанияларды қош көреді. Ғылым жолына түспейдi. Өйткенi оларға сұраныс жоқ. Еуразия ұлттық университетінде де талабы таудай, болашағынан зор үміт күттіретін студент, магистранттар жеткілікті. Бір қиыны, қыз балалар басым. Математика басқа ғылым салаларындай емес, екі жыл қол үзсең қайта алып кетуің өте қиын. Ал қыздар отбасын құрып, біраз уақыт ғылымнан қол үзіп қалады. Қайта оралған кезінде игеріп кетуі екіталай. Тұрмыс құрмай тағы болмайды. Қамқорлық туралы айтсақ, көптеген жоғары оқу орындары жас ғалымдарды қолдауға тырысып-ақ жатыр. Ректорлар өз бастамасымен ғалымдарға жағдай жасап жатса, министрлік қарсы емес. Алайда жекеменшік оқу орындары жағдай жасағаннан бұрын, талап еткенді жақсы көреді. Олардың иелеріне табыс қана керек. Диплом таратумен ғана айналысатын қаншама оқу орны бар. Сондықтан да жекелеген аймақтарда ғылымға назар аударылмай жатады.

- Математикадан дәріс беретін ұстаз нені ескергені жөн?

- Мектептерде баланың математикаға қызғушылығын тудыра алатын ұстаздар аз. Сол үшін де есепке құмар көп баланың ойы өзгеге ауып, басқа салаға кетіп жатыр. Көбінде логикалық қызық есептерді шығартқан жөн деп санаймын. Өзімнің де математикаға ықыласымның артуына осындай білікті, ізденімпаз ұстаздардың ықпалы көп болған. Қазақ балалары есепке жүйрік. Әр мектептiң 4-5 сыныбында оқитын қазақ балаларын тексере келсеңiз, әрбiр жиырма баланың 4-5-еуi болашақта математика ғылымының докторы бола алатынына көз жеткiзесiз. Бiрақ мұғалiм баланы дұрыс баули алмағандықтан, көпшiлiгi жоғары сыныпқа жеткенде математикаға құлшынысынан да, осы кезге дейін жиған бiлімінен де қол үзіп қалады.

Тағы бір ұсынысым - оқу орындарында барлық пәндерді қазақ тілінде өткізген жөн. Өйткені қазір көп оқулықтар мемлекеттік тілге аударылған, жалпыға түсінікті.

Сондай-ақ, әр аймақта зерек балаларға бағыт-бағдар беретін, жақсы мамандар, үлкен ғалымдар болса, нұр үстіне нұр. Олардың ғылымға қосар үлесі ұшан-теңіз. Өзіңіз ойлаңызшы, аймақтағы ғалымдардың барлығы үлкен қалаларға кетіп қалса, ғылым өркен жая алмайды. Бұлар - критикалық масса сияқты ғой. Мәселен, 1 грамм атом бомбасын қойып қойсаңыз, ол жарылмайды. Ал грамдап бір-біріне жақындатып 1 келі атомды қойыңыз - жарылыс сонда болады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жанат Қапалбаева


Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар