Өзектi

Аюбаевтың өрт сөндіру машинасы неге өндіріске енгізілмейді?

22.06.2015

5774

«Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Парламент Мәжілісінің депутаты – «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Рамазан Сәрпеков қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауда болған азаматтар тұрғын үй, жер, сот ше­шімімен келіспеу секілді шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік түйткілді мәселелерге көмек көр­сетуін сұрады.
Мәжіліс депутатының қа­былдауында болғандардың бірі – Марат Аюбаев. Тараздық өнер­тап­қыш. Зейнет жасындағы ақсақал әмбебеп өрт сөндіру машинасын ойлап тауыпты. Бұл машинаның тиімділігін теория жүзінде сан мәрте дәлелдеп шықса да қолдау көрсетіп, қол ұшын созатын адам таппаған. Арнайы патенті де бар. Алайда тілсіз жаумен жалғыз өзі арпалысқа түсе алатын ғаламат ма­шинаны жетілдіріп, өндірістік сынақтан өткізуге қаржы қол байлау болып отыр.
Марат Аюбаевтың экология, жылу және баламалы энергетика, құтқару саласында 20-дан астам жаңалығы бар. Барлығына да ар­найы патент алған. Тек өрт сөндіру са­ласына қатысты 5 жаңа­лық ашқан. «Бұл жаңалықтарым жүзеге асса, нағыз техникалық төңкеріс болар еді. Әттең құлақ асар ешкім болмай тұр. «Аюбаевтар өрт сөндіру машинасы» деп аталатын авторлық құрылғымның негізгі ерекшелігі – көп сала­лығында. Бұл машина суы жоқ жерде 50 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмыс істей ала­ды. Ол үшін небәрі 4 шаршы кубсу болса жет­кілікті. Машинам жалғыз бумен ғана емес, сумен, көбік араласқан сумен, инертті газбен, қысқасы, жеті түрлі тәсіл­мен өшіруге мүм­кіндік береді. Қазір қолданыстағы маши­налар екі-ақ тәсілмен – су және көбікпен жұмыс жасайды. Әрі олар бір сағаттан артық жұмыс істей алмай­ды. Әрі олардың құны да қымбат. Ең арзан деген ресейлік өрт сөн­діру көлігінің құны 170-180 млн теңге.
Ал менің машинамның өзіндік құны 40 млн. теңге шама­сында ғана болады. Яғни төрт есе арзан. Бұл ма­шинаны жасауға 15 жылдай уақы­тым кетті. Бармаған жерім, аш­паған есігім жоқ. Төтен­ше жағ­дайлар қыз­меті мен ми­нистр­лікке дейін бардым. Ақыры амалсыз «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөл­месіне келіп отыр­мын», — дейді өнертапқыш.
Өнертапқыштың жаңалықтары мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Адамзат баласын әбігерге салған тілсіз жаумен күресудің тағы бір­неше тәсілін ойлап тапқан. Енді осы тәсілдерге кезек берсек. Ар­найы құрылғы орнатылған тікұшақ. Зейнеткердің өз есебі бойынша, қазіргі өртті әуеден сөндіру техно­логиясының тиімділігі небәрі 15-20 пайыз ғана. Ал бұл құрылғының тиімділік көрсеткіші 65-75 пайыз­дан кем болмайды. Суды төбеден лақ еткізіп төге салмайсыз. Мұнда да көпсалалы өрт сөндіру құрыл­ғысы болады. Тікұшаққа тросс арқылы арнайы кабина тіркеледі. Кабинада өрт сөндіруші маман отырады. Ол пилотпен тікелей байланыста болады. Қажет болса тікұшақты өрт бағытына қарай бұрып немесе төмендете яки жоға­рылата алады. Құны сәл қымбатқа түскенімен, таулы жерлер мен адам аяғы бара алмайтын аймақтар, үлкен қалалар және биік ғимарат­тардағы өртке таптырмас құрал болар еді.
Үшіншісі – газ машинасы. Яғни инертті газбен өшіретін машина. Бұл да баламасыз нұсқа. Әлемнің еш елінде жоқ көрінеді. Биік ғи­маратқа көтерілмей-ақ, өртті жерде тұрып сөндіруге болады. Ол үшін ғимарат соғылып жатқан кезде қажетті құбырларды орналас­тырып кету керек. Әлдеқандай жағдай бола қалды деген күннің өзінде жұртты дүрлік­тірмей-ақ төменнен кранды ағытып, қажетті сұйық­тықты жібере бересіз. Ол сұйықтық әр қабат пен әрбір бөлмеде орна­тылған клапан арқылы таралып, өрт оша­ғын ауыздықтай береді. Бу жоғары жақтағы ауаны ығыс­тырады, ал инертті газ төменге қарай ығы­сады. «Жолдағы маши­наларды тазалап, бәлен қабат биік­тікке көтеріліп те әуре болмайсыз. Қаншама су ысы­рап болып, бөл­медегі қағаз, ком­пью­тер­лер мен қажетті құжаттар бүлінбейді. Ал су болса төменгі қа­баттарға дейін ағып барады. Қазіргі таңда сумен істейтін дәс­түрлі жүйе көбіне істемей қалып жатыр. Труба ішіндегі қажетті зат бір пайдаланудан кейін жарамсыз болып қала­ды. Клапанның ішін бітеп қалады. Барлығын ауыстыру қажет. Оған әрі қосымша насос пен электр энергиясы қажет. Ал газға ондай ештеңенің қажеті жоқ. Тек клапан қақпағына құйылатын затты ғана ауыстырып қоясыз. Ол белгілі температурада еріп, газ шығуына ықпал жасайды. Су кейбір қуыстарға кіре алмайды. Ал газ барлық жерге жайылады. Өрт сөн­ген соң бөлмені желдетіп жұмысты жалғастыра бересіз. Тәжірибе жасап көрдім, 1 минут 10 секундта 30 шаршы метр жерге жайылған өртті өшіруге болады. Пайдалы көрсеткіші – 99 пайыз. Бір пайызы ғана адами факторға байланысты. Кранды аш­пады немесе дұрыс жалғамады деген мәсе­лелер болуы мүмкін», – дейді машина иесі Аюбаев мырза.
Бұл тәсілдерді сондай-ақ мұнай базалары мен алып цистерналарда пайдалануға болады. Тұтанған мұнайды су мен көбікпен өшіріп жүрміз. Алайда су мен көбік аралас­қан соң, жүздеген, мыңдаған тонна мұнайды қайта өңдеуге апаруға тура келеді. «Ал инертті газ мұнай құ­рамына еш әсер ет­пейді. Ары кетсе 3 минуттың ішінде өртті ауыздықтай аласыз. Бұл төртінші тәсіл. Ал бесіншісі – су буын пайдалану», – дейді ол.
Өкініштісі, бұл тәсілдердің барлығы әзірге қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Марат Аюбаев тіптен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына да қатысқан екен. Еш нәтиже шықпапты.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты тиісті мекемелерге хат жолдай­тынын мәлім етті. «Өкінішке қарай, өнертапқыштың ғажайып дүние­леріне қызығушылығы жоқтығын байқап отырмын. Өрт қауіпсіздігі Қазақстанда ғана емес, жалпы, ғаламдық мәселеге айна­лып отыр. Әлем жұртшылығы өрттің алдын алу, сақтандыру, болдырмау жолда­рын із­деніп жатыр. Ал біз жасалып қойылған, дайын инновациялық жобаларды кері итеріп қарап отырмыз. Бұл дұрыс емес. Ақсақал қолдау күтіп келіп отыр екен. Өз бақылауыма аламын. Егер құзырлы органдар қызығушылық білдіріп, «тексеру, сынақтан өткізу жұмыс­тары қажет» деп жатса ақса­қалдың келіп-кетуі шығындарын өз мойны­­ма аламын. Қажет болса бұл жаңалықты Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің өзін жеке хабардар етіп, қолдау жасауын сұрай аламын», – деп уәде етті Р.Сәрпеков.
Жұлдыз БАЙДІЛДА

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар