ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Алматыдағы жұмыс сапары барысында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде ұйымдастырылған «Білім беру интеграциясын дамытудағы - ғылым мен бизнес» атты ғылыми-техникалық көрмені тамашалады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, білім беру, ғылым, бизнес салаларының өзара интеграциялануын жүзеге асыру мақсатында ең бірінші кезекте өндіріске енгізілетін жаңа технологиялар мен инновациялық жетістіктерді жасауға талпыну керек. Ғылым саласының дамуын соған бағыттау керек», - деді Б.Сапарбаев.
Вице-премьер көрмеге қойылған геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған, балама қуат көзі, өңдеу саласындағы бірнеше ауқымды ғылыми жобаларды жоғары бағалады.
«Мен ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің басшылығына осы жобалардың ішінде өндіріске ендіруге болатын үздіктерін тексеруді тапсырдым. Егер, ондай жобалар бар болса, біз қаржылай көмектесетін боламыз», - деді Б.Сапарбаев.
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ғылыми конференцияға қатысқан болатын. Сондай-ақ, түстен кейін ол Алматыдағы бірнеше денсаулық сақтау нысандарын аралап шықпақ.
Дереккөзі: kazinform.kz