Ғылыми жаңалықтар

Алматыда екі оқу мекемесінің базасында тегін білім беретін жас кәсіпкер мектебі ашылды

14.05.2015

5489

Бүгін Алматыда Халықаралық бизнес университеті (UIB) мен Алматы халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің базасында «I-SEED: Инновация - әлеуметтік кәсіпкерлік және білім» жобасы аясында жас кәсіпкер мектептері ашылды.
«Бұл екі мектепті ашудағы басты мақсат - Алматы жастарын кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыру. Оларды оқыту және жан-жақты қолдау көрсету. Сол үшін біз Британ Кеңесі және «Шеврон» компаниясымен бірлесе отырып, тұңғыш рет осы екі мектепті ашып отырмыз», - деді өз сөзінде Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасының жастар саясаты бөлімінің бастығы Айгүл Халықова.

Сонымен қатар, ол осы жоба аясында үздік бизнес-жоспар ұсынған жастарға арнайы гранттар бөлінетіндігін айтты.

«Осы екі оқу орны базасында мамыр, қыркүйек, қазан және қараша айларында бір мезетте 20 адамнан оқытылатын болады. Оқу мерзімі - 3 апта. Сабақтар аптасына үш рет жүргізіледі. Әр сабақтың ұзақтығы -2 сағат. Осы жоба аясында барлығы 8 топ бойыша 160 адамды қамтуды көздеп отырмыз. Оқу аяқталған соң әрбір топ бойынша үздік бизнес-жоспарға байқау жарияланады. Әрбір жеңімпазға 150 мың теңге көлемінде грант табыс етіледі», - А. Халықова.

Айта кетелік, жас кәсіпкер мектебінде оқу тегін. Онда оқуға ниет білдірушілер Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. Онда арнайы сауалнама толтырады. Мамандар оқушыларды сол арқылы іріктеп алады. Басты талап - жастардың жасы 29-дан аспауы керек. Сонымен қатар олардың өз ісін ашуға деген ынта-ықыласы болуы қажет. Яғни, оқуға әлі кәсіпкерлікпен айналыспаған, бірақ өз ісін ашқысы келетін кез келген жас өтініш бере алады.

Дереккөзі: kazinform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар