Оңтүстік Қазақстан облысында 1022 мектеп бар. Облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен өңірдегі жалпы білім беретін мектептер жанынан шағын жылыжайлар салынуда, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
Бүгінге дейін 449 орта білім беретін мектеп жанында шағын жылыжай жұмыс жасайды. Биыл 56 мектеп жанынан жалпы көлемі 168 соттық жылыжай салынбақ. Атап айтсақ, Арыста - 5, Төлебиде - 10, Шардарада - 2, Мақтаралда - 17, Кентауда - 6, Шымкентте - 16. Өткен жылы мектеп жанындағы жылыжайлардан 55 тоннадан астам көкөніс жиналды. Алынған өнімдердің басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға асханаларда берілетін ыстық тамаққа дәрумен ретінде пайдаланылды. Мектеп жанынан жылыжай құрудың басты мақсаты - оқу-тәжірибелік учаскесі ретінде пайдаланып, биология, табиғаттану, еңбек пәндерінде практикалық сабақтар өткізу, сондай-ақ оқушыларға қазіргі нарықтық заманда ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің тиімді жолдарын меңгерту.
Дереккөзі: inform.kz