«Самсунг» инновациялық академиясы студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі - Ғ. Мұтанов
«Самсунг» компаниясының тәжірибелері мен технологияларын академиялық ортада пайдалану - мамандарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.
Бұл туралы бүгін Алматыда Самсунг Инновациялық Академиясын құру туралы меморандумға қол қоюға байланысты өткен баспасөз мәслихатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, Ғалым Мұтанов мәлімдеді.
«Қазақстандық бизнестің сұранысына бейімдетілген инновациялық өнімдерді әзірлеу - қиын міндет. Бұған іргелі білім мен тәжірибелік дағдылар керек. Сол үшін Самсунг компаниясының жобаларды әзірлеу мен оларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қамтитын ғылыми зертханасын құру - студенттік стартаптарға серпін береді және жаңа жұмыс орындарын ашады. Одан басқа, Самсунгтің тәжірибесі мен технологияларын академиялық ортада пайдалану - мамандарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі» - деді ҚазҰУ ректоры.
Samsung Electronics Central Eurasia президенті Юн Су Ким өз кезегінде жұмыспен қамтуда бұл жоба студенттер үшін үлкен мүмкіндіктер беретіндігін жеткізді.
«Біріншіден, бұл жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етсе, екіншіден бізге жас мамандармен олар компанияға жұмысқа тұрғанға дейін-ақ бірге жұмыс істеуге мүмкіндік береді» - деді ол.
Оның айтуынша, Samsung-тің екі зертханасы компанияның ұялы телефон, планшет, ноутбук, фотокамера, сандық теледидар, принтер, салқындатқыштар секілді өнімдерін өндіру және жөндеуге арналған заманауи қондырғылармен жабдықталады.
Бұл ҚазҰУ студенттеріне бағдарламалық жасақтамалар әзірлеуге, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және сандық шешімдер саласында бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізуге және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуетін тарта отырып, бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді.
Дереккөзі: inform.kz