Алматыда наубайшыларды оқытатын халықаралық инновациялық нан пісіру орталығы ашылды. Жаңа оқыту орталығы Алматы мемлекеттік бизнес колледжі жанынан дуальді білім беру жүйесі бойынша жүзеге асырылады. Ашылу салтанатына әлемге белгілі Финляндиялық «Лейпурин», «Фазер» компанияларының мамандары қатысты.
Шетелдік әріптестер колледж студенттерін нан пісірудің жаңа технологияларына баулымақ. Кейін дайын мамандарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Осындай жұмыстар үшін фин компаниясы 8 млн теңге бөліп отыр.
«Оқыту тегін жүзеге асады. Мұнда жетісіне 5 рет сабақ өтеді. Оқу мерзімі 3,5 жыл. Айына бір рет «Лейпурин», «Фазер» компанияларының шеберлері сабақ өткізеді. Орталықта жылына 100 бала тәлім алатын болады. Оларға нан пісірудің жаңа инновациялық технологиялары, еуропалық стандарттары үйретіледі», - деді колледж директоры Қасымова Гүлфайруз.
Сондай-ақ, аталған орталықта адам денсаулығына өте пайдалы нан өнімдерін әзірлеуде жетекші компаниялардың инновациялық технологиялары бойынша ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізіледі.
«Лейпурин» компаниясының жаңа жұмыстары - рецептуралар, ингредиенттер мен құрал-жабдықтар аталған инновациялық орталықта сынақтан өтеді.
«Финдер әлемдегі ең денсаулығы мықты ұлт болып саналады. Өйткені, олардың рационаныда қара бидай наны қомақты үлес алады. Қара нан біздің ойымызша, ащы, қатты тағам болып елестейді. Ал финдер қара бидай ұнымен жұмыс істеуді өте жоғары меңгерген. Олардың нан пісіру технологиясы мүлде басқа, сондықтан нандары жұмсақ, дәмді. Оларда тұтас қауымдастық осы мәселемен жұмыс жасайды. Біз орталық студенттеріне нан өнімдерін денсаулыққа барынша пайдалы ету технологиясын үйретеміз», - деді «Лейпурин» компаниясының Қазақстандағы технологы Надежда Иванова.
Жаңа орталықта тәлім алудың қиындығы да жоқ емес. Бүгінде балалардың көбі ағылшын тілін білмейді. Колледж басшылығы осы кедергіні жоюды да қолға алып отыр.
«Ағылшын тілі тұрғысынан студенттердің дайындығы әлсіз. Тіліміз жетпейді, балалар қарым қатынаса алмайды. Осы мәселені шешу үшін Британ Академиясымен келісімге келдік. Тіл мамандары биылғы жылдың көктемінен бастап студенттерге ағылшын тілін үйретеді», - деді колледж директоры Гүлфайруз Қасымова.
Автор: Гүлмира Ғосманәли
Дереккөзі: inform.kz