Ғылыми жаңалықтар

ҚазҰУ және Цукуба Университеті «Кампустағы кампус бастамасы» меморандумына қол қойды

18.02.2015

5642

Токио қаласында (Жапония) «Жаһандану кезеңіндегі университеттер рөлі: жаңа бағыттарды іздестіру» атты халықаралық симпозиум аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған университет ғалымдары Қазақстанның алдыңғы қатарлы университетінің интернационалдандыру тәжірибесін таныстырды.
Бұл симпозиумға ТМД елдерінің 11 жоғары оқу орны қатысты. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл жиынға Цукуба (Жапония) университетінің «Жапонияда, ТМД және Балтық елдерінде мультилингвистикалық жүйе бойынша экономика және ғылым салаларында кадрлар даярлауға арналған ғаламдық оқу бағдарламасы» атты гранттық жобасының қатысушысы ретінде шақырылды.

Симпозиум барысында ҚазҰУ мен Цукуба университетінің ректорлары Ғалым Мұтанов пен Нагата Кесукэ ынтымақтастық туралы «Кампустағы кампус бастамасы» меморандумына қол қойды.

Енді осы құжатқа сәйкес, әрбір университет серіктес университетке зерттеу және оқу ресурстарымен алмасу мақсатында өзінің кампусын ұсынады. Алдағы бес жылдық мерзімге шақталған бұл келісім-шарт екі жоғары оқу орнының ғылым және білім беру базасын мамандарды даярлауда және ортақ жобаларды жүзеге асыруда қолдануға мүмкіндік береді.

Кездесуде тараптар сонымен бірге ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы жанында Жапония және Орталық Азияны зерттеу бойынша орталық ашуға ниет білдірді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар