Қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғылыми басылымдардағы мақалаларының саны 2-3 есеге артты - Ә. Ыбыраев
Соңғы үш жылда қазақстандық ғалымдардың рейтингі жоғары әлемдік ғылыми басылымдарда жарық көрген мақалаларының саны 2-3 есеге артты. Бұл туралы бүгін Алматыда «Шет елдік ғылыми ақпараттық ресурстарды пайдалану: тәжірибе және басым бағыттар» атты дөңгелек үстел барысында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті, саяси ғылымдар кандидаты Әділ Ыбыраев мәлімдеді.
Оның айтуынша, күні бүгінге дейін ThomsonReuters (WebofScience) және Elsevier B.V. (ScienceDirect, Scopus) сынды Халықаралық маңызды ғылыми мәліметтер базаларында 11 158 және 9869 қазақстандық ғылыми мақала жинақталыпты. Олар осы базаларға кіретін рейтингі жоғары 1000-нан астам ғылыми журналдарда жарық көрген.
«Қазақстандық ғылыми мақалалар шет елдік ғылыми басылымдарда негізінен ағылшын тілінде шығуда. Бұл жерде бір айта кететін жайт, қазақстандық ғылыми мақалалардың басым бөлігі физика, химия, математика және материалтану саласы бойынша жарық көрген. Яғни, бұл салаларда қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғылымға қосқан үлестері өте зор. Дегенмен, экономика және педагогика саласы бойынша да қазақстандық авторларға әлемдік деңгейде сілтеме жасалып тұратынын айтуға болады. Ал өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша қазақстандық авторларға әзірге сілтеме жасалынып жатқан жоқ», - деді Ә. Ыбыраев.
Сонымен қатар, сөз соңында ол шет елдік ақпараттық ресурстарды қолданудың тиімділігін арттыруда бірқатар жұмыстарды атқару керектігін алға тартты.
«Біріншіден Ұлттық жазылымға үміткер шет елдік ақпараттық ресурстар мен басылымдардың рейтингін қалыптастыру бойынша сараптамалық комиссия құру, екіншіден басымды бағыттар бойынша арнайы мамандандырылған ақпараттық ресурстарға қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарын біріктіретін консорциум құру, үшіншіден қазақстандық авторлардың ғылыми мақалаларын халықаралық стандарттарға сәйкес етіп рәсімдеу бойынша ортақ талаптарды әзірлеу және төртіншіден ғылым және білім саласының мамандары арасында шет елдік электрондық ақпарат ресурстарын қолдану тәсілдері бойынша оқыту семинарларын және тренингтерін ұйымдастыру керек», - деді Ә. Ыбыраев.
Дереккөзі: inform.kz