Астанада екі күннен бері Х Азия нейрохирургтерінің конгресі өтіп жатыр. Конгреске жиналған жұрт нейрохирургия мен неврология саласындағы заманауи технологиялар мен тәжірибе алмасу жайын талқылауда.
Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде алғаш рет өтіп жатқан осынау шараға 50 шақты елден 700-ден астам делегат қатысуда. 13 қыркүйекке дейін жалғасатын жиында 240-тай баяндама оқылады деп жоспарланыпты. Осының өзі конгресс салмағын сездіріп тұрғандай.
Конгресс қарсаңында Астанадағы «Ұлттық нейрохирургия орталығында» Жапония, АҚШ, Түркия, Германия, Ресей, Израиль және Қазақстанның үздік нейрохирургтері шеберлік сабағы ретінде 7 отаның үлгісі көрсетілді. Ал кеше «Риксос» қонақ- үйінде конгресс шеңберінде ІІІ нейрохирургиялық медбикелер конгресі, сондай-ақ Азияның әйел нейрохирургтері қауымдастығының кездесуі ұйымдастырылды. Ал Нейрохирургтардың Х азиялық конгресінің ашылу рәсімі алдыңғы күні түс ауа Астана операда өтті.
«Менің ойымша, осындай дәрігерлердің басын қосу – Қазақстанның жас нейрохирургиясы үшін үлкен жетістік. Бұл жиын Қазақстандағы нейрохирургияның дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Себебі, конгреске дүние жүзіне аты әйгілі дәрігерлер қатысып жатыр. Конгрестің қорытындысы ретінде қазіргі нейрохирургия саласындағы ең өзекті мәселелерді, ең үлкен жетістіктерді талқылаймыз. Сол жаңалықтарды өз тәжірибемізге енгіземіз деген ой бар. Қазақстанда жаңа технологиялар бар, солардың арқасында Қазақстандағы науқастарды емдеуге әлеуетіміз толық жетеді» деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Серік Ақшолақов.
Халықаралық нейроғылым институтының құрметті президенті Маджид Самиидің айтуынша, Астанадағы нейрохирургия орталығы қысқа мерзім ішінде жоғары деңгейге қол жеткізді. Мұндай пікірді кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте Нейрохирургтердің Азия конгресінің президенті Йоко Като, Дүниежүзілік нейрохирургтер қоғамы федерациясының президенті Питер Блэк, Дүниежүзілік нейрохирургтер қоғамы федерациясының құрметті президенті Александр Коновалов, Дүниежүзілік нейрохирургтер қоғамы федерациясының вице-президенті Александр Потаповтар да мәлімдеді.
Мысалы, А.Коновалов әдетте Азия нейрохирургтерінің конгресі нейрохирургия саласында халықаралық деңгейге көтерілген елдерде ғана өтетінін тілге тиек етсе, А.Потапов заманауи нейрохирургияның дамуы соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен байланысты екенін еске салды. Мысалы, мидың жұмысын зерттеп беретін томографиялық қондырғылар ота алдында нейрохирург үшін сенімді көмекші міндетін атқара алады. Осы тұрғыдан алғанда, Астанадағы нейрохирургиялық орталықтың бағы бес елі.
Бүгіндері Қазақстан нейрохирургиясы десе, бірінші кезекте Серік Ақшолақов еске түседі. Серік Қуандықұлы негізгі қызметімен қоса Қазақстан нейрохирургтері қауымдастығына да жетекшілік етеді. Бұл күндері Қазақстан нейрохирургтер қауымдастығы дүниежүзілік, еуропалық нейрохирургтердің, Азия нейрохирургтері қауымдастығының мүшесі. Осы мүшеліктің арқасында отандық дәрігерлеріміз шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста, саладағы соңғы жаңалықтардан жедел хабар алады. Бұл да өз кезегінде медициналық туризмді дамытуға септігін тигізуде. Мысалы, осы уақытқа дейін орталыққа шетелден емделу үшін келетіндер көбейді. Олардың арасында Германия, Канада, Ресей, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан нейрохиругтері Орталық Азия елдері арасында алғаш болып Дүниежүзі нейрохирургтерінің білім жетілдіру курсынан өтті. Дүниежүзі нейрохирургтері қауымдастығының президенті Питер Блэк бастаған әлемнің мықты мамандары қазақстандық дәрігерлер жасаған оталарды көріп, Астанадағы орталықты дүниежүзі нейрохирургтерін дайындап шығаратын алаң ретінде пайдалануға болады деген баға берген. Міне, сол Питер Блэк мырза кешелі бері өтіп жатқан конгрестің бел ортасында жүр. Орталық болашақта АҚШ-тың Пенсильвания штатында орналасқан, екі ғасырдан астам тарихы бар Питтсбург университетімен серіктес болмақ. Ол үшін нейрохирургтер ағылшын тілін еркін меңгеруі керек. Сондықтан орталықта ағылшын тілін оқытатын курс ашылған.
Бүгінде орталық салада кенже қалған функционалды нейрохирургияны дамытуды қолға алып отыр. Бұл ми ішіндегі өте тереңде жататын түрлі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік беретін – нейронавигациялық жүйесі. Компьютерлік томография, МРТ құралымен тікелей байланысты нейронавигация аппараты тереңде орналасқан ісікті дәл тауып береді.
Айта кетейік, Азия нейрохирургтері конгресі 1993 жылы алғаш рет Жапонияда өткізілген екен. Осыдан кейін екі жыл сайын әлемнің ірі қалалары мен ел астаналарында тұрақты түрде өтіп келеді.
2008 жылы Куала-Лумпур қаласындағы кезекті жиында Қазақстан мерейтойлық конгрестің өткізілетін орны болып таңдалды.
Авторы Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Дереккөзі: http://www.aikyn.kz